«АЛЖИРГЕ» АРНАЛҒАН АЛҒЫСТАР
Саяси-қуғын сүргiн және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенiнiң ашылғанына биылғы жылдың 31 мамырында 5 жыл болады. Осы аз уақыттың iшiнде ол елiмiздiң ғана емес, әлемдiк деңгейдегi қонақтар ат басын бұрып тамашалайтын шаңыраққа айналды. Құрметтi қонақтар пiкiрi кiтабынан олардың мұражай туралы жүректен шыққан сөздерiн толқи отырып оқымау мүмкiн емес.
Келушiлер ең алдымен аз уақыттың iшiнде осынау таңғажайып ғимарат салып берген Елбасына алғыстарын айтады, шын жүректен шыққан ризашылықтарын бiлдiредi.
Америкадан келген саяси ғылымдар докторы, профессор Джон Уильямс былай деп жазады:
– «Ешқашан қайталанбайды». Бұл сөз барлық халықтардың бүгiнгi және ертеңгi ұраны болуы керек. Бұдан былай халық ешқашан да диктатордың тепкiсiнде болмауы қажет. Барлық ұлттар тегiне, жынысына қарамай бiрдей қорғалуы тиiс».
«АЛЖИР» мұражайының қабырғасындағы белгiлер «мұндай қасiрет ешқашан қайталанбасын» деген сөзге сендiредi».
«Мұндай тамаша мұражайды көргенiме аса қуаныштымын. Мұражайда адамдардың қайғы-қасiретi, жан жарасы айқын көрсетiлген. Сондықтан да мұражай қызметкерлерiне Австралия Парламентi делегациясының атынан алғыс айтамын.
Менiң бұл пiкiрiмдi осынау ұмытылмас жапа шегу мен жантүршiгерлiк оқиғадан туған таңданыс деп қабылдаңыздар, – деп өз қолтаңбасын Австралия Парламентiнiң спикерi П.Слиппер қалдырыпты.
Америка Құрама Штаттарының Пенсильвания университетiнен келушiлер мұражайдың тарихы дүниежүзi үшiн аса маңызды екендiгiн, «АЛЖИР»-де отырған әйелдердiң намысы мен батырлығына таң қалғандықтарын жазады.
Украинаның халық депутаты Олег Лешко: «Сталиндiк режимнiң қылмыстық iстерi ешқашан ұмытылмайды. «АЛЖИР» құрбандарына – мәңгi тағзым» дейдi. Москвалық белгiлi жазушы С.Кинеев мұражайдың экспонаттарына үлкен қызығушылық танытқанын жасырмаған. Және мұражай ұжымының кәсiби шеберлiктерiне ризашылық бiлдiрген.
Ғылым докторы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң проректоры Д.Қамзабекұлының «АЛЖИР» отанымыздағы айрықша тағылымды орын ретiнде уақыт өте келе әлемдi таңғалдыратын тарихи мұражай болады», – деген пiкiрi де жүрекке жылы тиедi.
Мұндай жүрекжарды лебiздердi мұражайды тамашалаушылардың жиi айтып жатуы бiздi сол абырой бигiнен көрiнуге жетелейдi.
Бейбiтбек Әбдiкәрiмов,
мұражай қызметкерi