Басты ақпаратҚала мен Сала

Әлжуаз топқа – әлеуетті көмек

Елордада әртүрлі бағытта әлеуметтік қолдауды қажет ететін 167 мың адам тұрады. Биыл бұл жұмысқа бюджеттен 18,5 млрд теңге бөлінді. Соның 11,5 млрд теңгесі әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қызмет көрсетулерге жұмсалды. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының көпшілік тыңдауларында осыны мәлімдеген Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина осы саладағы қазіргі жағдаймен таныстырды. Жиында бірқатар басқармалардың басшылары бас қаладағы халықтың әлжуаз топтарын, атап айтқанда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балаларды әлеуметтік қолдау және оңалту шаралары туралы баяндады.

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ  ФОРМАТЫ ӨЗГЕРДІ

С. Нұрғожина пандемияға байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгенде және карантиндік шектеулер кезінде қосымша қолдау шаралары қолға алынғанын айтты. Бұл шаралар үш кезеңмен жүргізіліп, екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек берілді. Бұған қоса, азық-түлік себеттері таратылды. Елбасының тапсырмасымен Nur Otan партиясы «Біз біргеміз» шарасының аясында мұқтаж азаматтарға 50 мың теңгеден берді. 42500 теңге көлеміндегі көмек екі кезеңмен берілді.
– Биылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілді. Бұл көмекті 4062 отбасы немесе 18600 адам алды. Осы санаттағы 80 азамат тұрақты жұмысқа тұрғызылып, 26 адам жаңа бизнес идеяларын іске асыруға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік гранттарды иеленді. Бұл жағдайды зерттегенімізде, атау­лы әлеуметтік көмекті алатын ата-аналардың көбісі қаржыны жалдап отырған баспанаға немесе несиелерін жабуға жұмсайтынын анықтадық. Соған байланысты жыл басынан 1-6 жасар балаларға әлеуметтік пакет түрінде көмек беріле бастады, – деді С.Нұрғожина.

ТҰРҒЫНДАРДЫ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?

Оның айтуынша, тиісті санаттағы тұрғындарды баспана алуға құжаттарды тапсыру, білім алу мен денсаулық сақтау, заң және психологиялық көмек мәселелері көбірек толғандырады. «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына 12 мың адам жүгініп, 30 мыңнан аса мәселе қаралды.
– 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрады. Пандемияға қарамастан «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында 22 мыңнан аса адам жұмысқа тұрғызылды. Жалпы алғашқы бағдарлама бойынша 15993 жұмыс орны құрылды. Жұмысқа тұрғызу жоспары асыра орындалып, 104,9 пайызды құрады. Ал «Еңбек» бағдарламасы бойынша 8013 адам тұрақты жұмыс тапты. Қысқа мерзімдік курстарға 220 жұмыссыз жіберіліп, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін 1502 адам оқыды. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында жалпы алғанда 28712 жұмыс орны құрылды. Мүмкіндігі шектеулі 628 адам жұмысқа орналасты, – деді басқарма басшысы.
Әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтарды оңалту жұмысы туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов баяндады. Есепте 28553 мүмкіндігі шектеулі жан тұрғанын айтқан ол соның 6226-сы немесе 22,8 пайызы балалар екенін жеткізді.БИЫЛ 1172 ПӘТЕР БЕРІЛДІ

Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй кезегінде 48113 адам тұрғанын мәлімдеген Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Асылбек Есенбаев осы тараптағы жұмыс­тармен таныстырды.
– Кезекте тұрған азаматтардың 2752-сі – жетім балалар, 4825-і – көпбалалы отбасылар, 18937-сі – әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтар, 21505-і – мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, 93 адамның баспанасы апатты болып танылды. Баспана кезектің жылжуы есебінен ғана емес, тиісті тізімге тексеріс жүргізу қорытындысында да беріледі. Мәселен, жыл басынан бері 4142 адамды кезектен алып тастадық. Оның себебі кейбіреуінде баспанасы бар екені анықталса, кейбірінің санаты сәйкес келмеді, – деді А.Есенбаев.
Баспанаға ие болуға мүмкіндік беретін «Нұрлы жер» секілді мемлекеттік бағдарламалар туралы айтқан баяндамашы алдымен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана жайын қозғады. Оның айтуынша, биыл әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтарға осындай 397 пәтер беру жоспарланды. Соның ішінде 2-9 желтоқсан аралығында 309 пәтер бойынша құжаттар қабылданды. Бұл пәтерлер Н.Тілендиев даңғылынан оңтүстікке қарай, Сарыбұлақ өзені бойында орналасқан.
– Осы жылдың аяғына дейін 88 пәтер бойынша құжаттар қабылданып жатыр. Бұл паркингі бар тұрғын үй кешені Р.Қошқарбаев даңғылы мен Айнакөл көшесі қиылысында орын тепкен. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін құжаттар онлайн режимде қабылдануда. Баспанаға ие болу мүмкіндігі кезекке тұру мерзіміне тікелей байланысты, – деді басқарма басшысы.
Оның мәлімдеуінше, биыл жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға 377 пәтер берілді. 15-23 желтоқсан аралығында 161 пәтерге құжат қабылданды. Бұл пәтерлер жыл аяқталғанша берілуі тиіс. Ал жұмыс істейтін, 29 жасқа жетпеген жастарға биыл 350 пәтер беру жоспарланған. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар пәтерге ие бола алады. Оларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 20 жылға 2 пайыздық ставкамен несие беріледі. Бірақ бастапқы жарна 10 пайыздан кем болмауы керек. Қазіргі күнде бұл бағдарлама бойынша 340 несие ресімделді.
– Қала әкімдігі әлеуметтік көмек ретінде 1 миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификаты беретінін атап өту керек. Осы күнге дейін 259 сертификат берілді. Жыл басынан бері әкімдік тұрғын үй кезегінде тұрғандар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына 1172 пәтер берді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бұл бағдарлама «Нұрлы жер» бағдарламасын кеңейтті, – деді А.Есенбаев.

ЖАТАҚХАНАДАН – ЖАЙЛЫ ҚОНЫСҚА

Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірлесіп, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік салалар және Полиция мен Төтенше жағдайлар департаменттері қызметкерлеріне сатып алу құқығымен мыңға жуық пәтер беру жоспарланғанын айтқан басқарма басшысы бүгінгі таңда 526 пәтер берілгенін жеткізді. Бұл бағытта нысандар дайын болғанда тағы 482 пәтер беру жоспарланды.
– Ескі, апатты үйлердің тұрғындарын көшіру жалғасып жатыр. 2020 жылы 5 үйді сүру жоспарланған. Соның ішінде А.Янушкевич, 12 мекенжайында орналасқан, 1962 жылы салынған бес қабатты жатақхана бар. Жатақханадан 149 отбасыны жаңа тұрғын үй кешендеріне көшіру көзделген. Қалған төрт үй Сарыарқа ауданында орналасқан. Мұндағы отбасылардың жалпы саны – 60. Соның 18-і Бесшатыр көшесінде тұрады. Ескі, апатты үйлердің тұрғындарына 211 жаңа пәтер беріледі, – деді А.Есенбаев.

АРНАЙЫ ТОПТАР АШЫЛДЫ

Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың мәлімдеуінше, елорданың оқу орындарына әлеуметтік әлжуаз топтар отбасыларындағы 27300 бала барады. Ал мектепалды даярлықпен осы топтағы 7200 бала қамтылған. Соның 3664-і ерекше білімді қажет етеді.
– Мектепалды мекемелерге жолдама беру ережелеріне сәйкес жетім, көпбалалы отбасылардан шыққан және ерекше білімді қажет ететін балалар бірінші кезекте балабақшаға қабылданады. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қалада жалпы алғанда 32119 жолдама берілсе, соның 2997-сі әлеуметтік әлжуаз топтардағы балаларға тиесілі болды. Қазір осындай 3283 бала кезекте тұр, – деді Ш.Қадырова.
Ол алдымен ерекше білімді қажет ететін балаларды оңалту жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, 26 балабақшада денсаулығында әртүрлі кінәраты бар 570 балаға арналған 46 түзету тобы ашылған. 10 балабақшада аутизмге шалдыққан 100 бала үшін арнайы топтар құрылды. Осы жұмысты жалғастыру үшін көруі нашарлаған балалар үшін 90 орынға шақталған балабақшаны пайдалануға беру, 28 балабақшада арнайы топтарды ашу, мемлекеттік тапсырысты 450 орынға көбейту жоспарланып отыр.
– Орта мектептерде әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын отбасылардан шыққан балаларға жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы аясында көмек беріледі. Оларға киім-кешек, аяқ киім, оқу құралдары сатып алынады, тамақтануға қаржы бөлінеді. Биыл жаппай білім беру қорынан бір балаға бөлінетін қаржы 40 мың теңгеге дейін көбейді. Өткен жылы бұл сома 30 мың теңге болды. Бұл көмекпен 13245 оқушы қамтылды. Оған 529,8 млн теңге бөлінді. Биыл бұл жұмыс тұңғыш рет автоматтық жүйе арқылы жүргізілді. Осы жағдай істің ашықтығын және қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етті. «Мектепке жол» шарасымен 6900 баланы қамтыдық, – деді Ш.Қадырова.

КОМПЬЮТЕРМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛДЫ

Қашықтан білім беру кезеңінде әлеуметтік әлжуаз топтардағы 27300 бала компьютерлік техникамен және тегін интернетпен бірінші кезекте қамтамасыз етілгенін айтқан басқарма басшысы бұл іс 100 пайыз орындалғанын жеткізді. Сондай-ақ барлық оқушыға оқулықтар берілді.
– Қазір орта мектептерде ерекше қажеттілігі бар 5 мыңнан аса бала оқиды. Биыл инклюзивті ортаны дамытатын 2020-2023 жылдарға арналған жоспарды әзірледік. Осы арқылы барлық санаттағы балаларға білім беру мекемелерін қолжетімді етуді көздеп отырмыз, – деді Білім басқармасының басшысы.
Қазіргі таңда дефектологтардан тапшылық сезіліп отырғанын айтқан ол бұл мәселені шешу үшін тиісті мамандарды дайындауға мемлекеттік тапсырыс орналас­тырылғанын жеткізді. Қосымша біліммен қамту жайынан хабар берді. Колледжде оқитын студенттерді және жетім балаларды қолдау жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын айтты.
Қалалық мәслихат депутаттары Мирас Шекенов, ­Қарақат Абден, Гүлнар Данбаева әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтарды, соның ішінде жетім балаларды баспанамен қамтуға, ескі, апатты үйлерді сүруге қатысты баяндамашыларға сауалдар қойып, ұсыныс­тарын айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button