Мәдениет

AMANAT



_DSC3410

Қазақтың біртуар тұлғасына арналған тағы бір фильмнің тұсауы кесілді. Қазақ тарихы ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның тұңғыш тарих ғылымының докторы, «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты еңбектің авторы Ермұқан Бекмахановтың өмірін баяндайтын толық метражды «Аманат» фильмі көремендер көзайымына айналды.

«Қазақфильмнің» көптен күткен әрі маңызды жобасы көрермендерге жол тартар алдында осы мекеменің вице-президенті – бас редакторы Дидар Амантай, фильмнің кеңесшісі, тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев және басты рөлдерді сомдаған актерлар ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сатыбалды Нарымбетов. Ол кездесу барысында: «70-інші жылдардан бері сыйластығымызға сызат түспеген Халима апай бір күні жары Е.Бекмахановтың еңбегін талқылаған жиынның стенограммасын, күнделігін табыстады. Содан бері осы фильмнің өзегін өмір бойы жүрегімнің түкпірінде сақтап келіп едім» деді.
Фильмнің желісі ХІХ ғасырдың орта тұсындағы Кенесары ханның тәуелсіздік жолындағы күресі мен ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы Ермұқан Бекмахановтың тағдыры қос арқау болып қатар өріліп, көмескі тартқан тарихты аршуға талпынған туындының кейіпкері Рамазанның іс-әрекетімен ұштасады. Тұсаукесер рәсімінде сөз алған М.Қойгелдиев қазақ халқының ең азалы әрі қаралы беттерінің бірі Кенесары хан көтерілісі екенін айтты. «Қазақ қоғамының күрделі кезеңінде бүтін халықтың қайда беттеп бара жатқанын және барар болашағын Кенесары қозғалысын қайта қорытып, зерделеу барысында түсінуге болады. Тақырыпты тоталитарлық кеңес заманында көтеріп, оған тарихи баға берген Бекмаханов 25 жыл бостандығынан айырылды. Оның трагедиясы – қазақтың тағдыры. Осы тақырыпты пайымдауға тырысқан алғашқы қадам ретінде жаңа туынды өте сәтті шыққан» деді тарихшы.
Фильмде өнер әлемінде енді көктеп келе жатқан жастармен қатар жүзтаныс сүйікті әртістерімізді де көріп қалдық. Берік Айтжанов – Ермұқанның, Санжар Мәдиев Кенесарының рөлін ойнапты. «Үш әріптен тұратын» органның өкілі Әзиз Бейшеналиевтің рөлі де өте нанымды.
Киноның алғашқы кадрлары Кенесарының орыс патшасына хат жолдаған сәтінен басталады. Ханның тілегін қабыл етпеген патшаның әскерлері қазақ ауылдарын отқа орайды. Соның арасында қарындасын арқалаған жасөспірім бала қанды қырғыннан қашып шығып, дала кезіп жүреді. Көздері жәудіреген екі өрен сары даланы күңіренткен оқиғалардың үнсіз куәсі ретінде фильмнің өн бойында көз алдымыздан таса болмайды. Бұл да режиссердің шешімі екен. Ағайынды екеу неше заманнан бері бірін-бірі бірде жетелеп, бірде арқалап, небір қырғыннан есен-сау келе жатқан қазақтың баласы, яғни, сіз бен біз екенбіз. Кинода көз алдыңда қалатын көріністер жетерлік. Қас-қағымдық қана бейнеден саналы жан көп нәрсені түйсінеді. Соның бірі – кино басталғанда қыранның ұясына өрмелеп келе жатқан шұбар жылан. Ал соңына қарай сол жыланның қыран ұясын ойрандап болып, күнге бауырын қыздырып жатқаны жаныңды түршіктіреді.
Тарихи кинотуындыларға шөліркеп қалған көрермен Ермұқан Бекмахановтың өнегелі өмірінің кинобаянын жылы қабылдады.

Айдана ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button