#Жаңа Қазақстан

Amanat додаға кімдерді ұсынды?

Сайлау алдындағы құрылтайлар шеруін Amanat партиясы аяқтады. Бәсекелес партиялар да, сарапшылар қауымы да, қарапайым адамдар да бұл құрылтайды тағатсыздана күткені рас. Билік партиясының кімдерді үміткерлікке ұсынатыны, сайлаушыларға қандай уәде беретіні, сайлау алдындағы науқанды қалай өткізетіні дүйім елді елеңдетті.

Құрылтайды іскерлік сипатта өткізуді ойлағанмен, бұрынғы Nur Otan-нан қалған ұраншылдық көңіл күй айқын сезіліп тұрды. Жиынның тізгінін ұстаған тележүргізуші Мақсат Толықбай «ұрандаған құрылтайлардың заманы өтті. Біз қазір сөзбен емес, ісімізбен үлгі болайық» дегенімен ұраншылдықтан арыла алмаған спикерлер де болды.

Экс-мәжілісші Еділ Жаңбыршин: «Ауыл – анамыз, тарихымыз, мәде­ниетіміз. Ауыл – бәрімізді тербеткен бесігіміз! Оның таза ауасы мен самал желі, жусаны мен жуасының иісі, түйесінің боздағаны мен қойының маңырағаны табиғаттың үйлестіріп қойған «оркестрі» іспетті. Осындай керемет, «жердің жұмағы» соңғы жылдары құлазып, тозып барады. Қазір халқымыздың 40 пайызы ауылда тұрады. Алдағы 5 жылда Amanat партиясы ауылдың инфрақұрылымын дамытуға жүйелі жұмыс жүргізеді. Қазақстан мықты болады – ауылдар мықты болса! Әділ мемлекет құрудың алғышартының бірі – ауылды аяғынан тұрғызу. Жүрегімізде де, ойымызда да «Әділдік», «Ауыл» деген қасиетті сөздер тасқа ойылған ою құсап тұрсын!» деп ұран­сөзге толы баяндамасын оқыды.

Одан кейін сөз кезегін алған экс-министр Асхат Аймағамбетовті модератор «заманауи саясаткердің көрнекті өкілі» деп таныстырды.

«Елде саяси трансформация болмаса, біз жүйелі сипаттағы мәселелерді шеше алмаймыз. Біз қазір үлкен өзгерістерді көріп отырмыз. Соның бірі – сайлау. Өзгеру, жаңару үшін бізге сенімділік керек. Сенімділікке нақты нәтижемен, нақты іспен ғана жете аламыз. Біз қазір әдемі слайдтардан, сөздер мен баяндамалардан шаршадық, бізге нақты істер ғана керек» деді ол өз тәжірибесінен мысал келтіріп.

Мінбедегілер сөз сөйлеп болған соң, партияның атқарушы хатшысы Ернұр Бейсенбаев партиялық тізімге 90 адам кіргенін хабарлады. Барлық үміткерлер сахнаға шақырылып, партия төрағасы Ерлан Қошановтың баяндамасын түрегеп тұрып тыңдады. Төраға залдың ерекше атмосферасына, спикерлердің жүрекжарды лебізіне назар аударды.

«Мұның барлығы біздің бір мүдде, бір мақсатқа жұмылған бірлігіміздің белгісі деп білемін. Осы жерде жалындаған жастарымыз көп. Жаңа ғана жас партияласымыз Серік Есматовты тыңдадық. Өмірдің ауыр сынағына мойымай, бәрімізге мұқалмас жігер мен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен азамат. Жеңімпаздардың рухы дәл осындай болады. Біз алдағы сайлауға осындай рухпен, осындай жігермен бара жатырмыз!» деді ол.

Одан әрі Е.Қошанов бағдарламаның басты басымдықтарына қысқаша тоқталды.

«Біздің басқалардан айыр­машылығымыз зор. Біз өз күшімізге сенімдіміз. Amanat-тың 800 мыңнан аса мүшесі бар. Артымызда қалың қол тұр. Amanat бір сайлаудың немесе бір науқанның партиясы емес. Біз 365 күн бойы, 24 сағат үзіліссіз, тынымсыз жұмыс істеп келеміз» дей келе, алдағы сайлауда Amanat-тың көшбасшы партия екенін сөзсіз дәлелдейміз деп аяқтады.

«Amanat» партиясы мәслихаттарға 3821, Мәжіліске 119 үміткер ұсынды. Үміткерлердің құрамы 75 пайызға жаңарыпты. Олардың үштен бірін әйелдер, бестен бірін жастар құрайды. Партиялық тізім бойынша ұсынылған 90 адамның ішінде 68-і – қазақ, 13-і – орыс, 9-ы – өзге ұлт өкілі. Соның ішінде бұрын таратылған Мәжілістің 24 экс-депутаты бар, 6-уы – Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Бұрынғылардан Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Аманжол Әлтаев, Айгүл Құспан, Константин Авершин, Наталья Дементьева, Артур Платонов, Альберт Рау, Павел Казанцев, Вера Ким, Юлия Кучинская, Екатерина Смышляева болса, жаңалардан экс-министр Асхат Аймағамбетов тұр. Бір мандатты округтер бойынша үміткерлер тізіміне Астана қаласынан Дәулет Тұрлыханов, Ерік Жолжақсынов, Абай облысынан Нұртай ­Сабильянов, Маңғыстау облысынан Еділ Жаңбыршин кіріпті.

90-ның 62-сі – «жаңа адамдар», олардың ішінде журналист ­Мақсат Толықбай, боксшы ­Фируза ­Шарипова, шахматшы ­Динара Садуақасова, гимнастшы Әлия Юсупова, шенеуніктерден Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұрынғы орынбасары Александр Данилов, Қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева, бұрынғы депутат, блогер Мұрат Әбенов, блогер Ғалым Байтұқ, белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов бар.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button