Саясат

Amanat: Сайлаудағы барлық ақпарат ашық болуы тиіс

Елордада 500-ден аса қоғамдық бақылаушы сайлауға бақылау жүргізеді. Мұндай жаңалықты кеше Жастар сарайындағы брифингте «Аманат» сайлауға мониторинг жүргізу азаматтық платформасы қалалық штабының өкілдері жария етті. Басқосуда мәлім болғандай, еліміздегі 185 қоғамдық ұйымды біріктіретін «Аманат» платформасы 10 мыңға жуық тәуелсіз бақылаушыны оқытып, дайындауға кіріскен.

Елордадағы «Социум-Зерттеу» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Нұркеева «Аманатқа» қосылған азаматтық қоғамның басты мақсаты – әділ, ашық және таза сайлау өткізуді қамтамасыз ету екенін айтады. «Біз, қоғамдағы белсенді азаматтар, Нұр-Сұлтан қаласындағы азаматтық қоғамның өкілдері, «Аманат» сайлауға мониторинг жүргізу азаматтық платформасының құрылуын қолдадық. Бүгінге дейін қала бойынша шамамен 500-ден астам бақылаушыны оқытып, дайындадық. Олардың жұмысына «мобильді капитандар» деп атаған 17 үйлестірушіміз жетекшілік етеді. Бақылаушыларға белгілі бір учаскелер белгіленген. Біздің тәуелсіз бақылаушыларымыз сайлау өтетін күні екі ауысыммен (05-45-тен 14-00-ге дейін, 14.00-ден 22.00-ге дейін) жұмыс істейді. Әр бақылаушы сайлау учаскесі ашылған уақыттан бастап жабылғанға дейінгі барлық үдеріске қатысады. Олар арнайы анкета толтырады» деп түсіндірді А.Нұркеева.
Қоғамдық бірлестік жетекшісінің айтуынша, заң бұзу­шы­лықтар анықталған кезде бақылау­шылар дереу учаскелік комиссия төрағасына хабарлайды. Аса ерекше заң бұзушылық орын алғанда немесе сол заң бұзушылыққа комиссия мүшелері жол бергенде не комиссия төрағасының қатысы болған жағдайда қалалық штабқа, одан әрі республикалық штабқа жеткізеді. Сол оқиға туралы екі дана акті толтырады. Құжатты өзінен бөлек екі бақылаушы не сайлаушы растап, қол қояды. Сондай-ақ Алтынай Нұркеева «Аманаттың» бақылаушылары бүкіл қала аумағын қамтып, шалғай кенттердегі учаскелерге де баратынын мәлім етті.
«Бақылаушылардың міндеті – сайлау үдерісіне бақылау және талдау жүргізу. Әрбір бақылаушы жұмысқа келгенде арнайы анкета толтырады. Ол жерде сайлау учаскесінің ашылуына, дауыс беру барысына, дауыстарды санау­ға қатысты бірнеше сұраққа жауап береді. Біздің бақылаушыларымыз сайлау комиссияларының жұмысына себепсіз килікпейді» деді А.Нұркеева.
«Аманат» платформасының қалалық штабы жетекшісі Асылбек Әбдірәшитовтің айтуынша, сайлаудың әділ және ашық өтуіне мүдделі Қазақстан азаматтарының «Аманат» тәуелсіз ерікті қауымдастығын құруға еліміздегі 260 қоғамдық ойдың көшбасшысы қолдау білдірген. Оның айтуынша, азаматтық платформаны құру бастамасын еліміздегі – 260, ал елордамыздағы 50-ге жуық қоғамдық ойдың көшбасшысы қолдады. Соның ішінде Мұрат Әбенов, Мұсағали Дуамбеков сияқты елге танымал 15-ке жуық тұлға бар.
Ол «Аманат – азаматтық плат­формасы» атты жобаны бас қаладағы 52 қоғамдық бірлестік, 500-ден астам белсенді азамат қолдап, сайлау күні барлық 204 учаскеге бақылау жүргізуге көмектесетінін жеткізді. «Нұр-Сұлтан қаласында 204 ашық сайлау учаскесі бар, соларға біздің 408 бақылаушымыз барады. Бұған қоса, тағы 93 адамды резервке қойдық. Өйткені сайлау өтетін күні бақылау­шылардың бірі сырқаттанып қалса немесе белгілі бір себептермен келе алмай қалатын болса, резервтегі адамдармен ауыстырамыз. Яғни, алдағы уақытта туындайтын проблемалардың барлығы алдын ала қарас­тырылып қойған. Біздің бақылаушылардың үлестік салмағына келетін болсақ, 69 пайы­зы – әйелдер, 31 пайызы – ер-азаматтар, 30,6 пайызы – жастар, 20,3 пайызы – зейнеткерлер, 49,1 пайызы – орта жастағы адамдар» деді ол аталған жиында.
Ерікті қауымдастық өкілдері сайлау учаскелерінің инфрақұрылымын тексеріп, ол жерде ауа баптағыштардың, мүгедектердің жүріп-тұруына ыңғайлы пандустардың болуына ерекше назар аударады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button