Басты ақпаратМәслихат

Аманатқа адалдық – басты мұрат

Елорда мен ел жұртшылығына Бахаргүл Төлеген есімі тек белгілі дизайнер және табысты кәсіпкер ғана емес, халықтың сөзін билікке жеткізетін депутат ретінде таныс. Amanat партиясы елордалық фракциясы атынан былтыр сәуір айында тоғызыншы бірмандатты округ бойынша Астана қаласы мәслихатының депутаты болып сайланған ол жақында бір жылдық жұмысының есебін берді. Мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі ретінде белсенді қоғам қайраткерінің осы салалар бойынша айтары да, атқарып жатқан жұмыстары да жетерлік.

Бахаргүл Төлеген сайланған тоғызыншы сайлау округі – Астана қаласы бойынша аумағы ең үлкен округ. Округке Қ.Мұхамедханов, Қорғалжын тасжолы, І.Омаров, Әнет баба, Ш.Айтматов көшелерінің бойындағы барлық нысандар, Қабанбай батыр (бір бөлігі), Сығанақ көшелерінің тақ жағы және Үркер тұрғын алабы кіреді. Округ құрамында 90 мыңнан астам азамат тұрады. Депутат болып сайланғаннан кейін Үркер тұрғын алабында тұратын отбасылардың бірінің үйі өртеніп, соның салдарынан үйді жалдап тұрған көпбалалы отбасы далада қалады. Б.Төлеген бірден тұрғын алабына барып, балалардың анасына киім-кишек, азық-түлік пен тұрмыстық құралдар табыстап, қолынан келген көмекті көрсетеді. Осындай сын сағаттан депутаттық қызметі басталып кеткен ол сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде аутизммен ауыратын балаларға арналған «Abaqus-Daryn» инклюзивті орталығына барып, хал-жағдайын біледі.

– Бұл орталықтың атқарып отырған еңбегі орасан зор. Бірақ мамандар тапшылығы, қаржының жеткіліксіздігі, ғимараттың тарлығы мәселелері бар. Жалпы бұған дейін де орталықтың ұжымымен байланыстамын. Орталықтың арнайы ұйымдастырған қайырымдылық концертіне ерекше балаларды қолдау мақсатында қатыстым. Өнерде жетістікке жетіп жатқан балаларымызды марапаттадық, – дейді мәслихат депутаты. Осы ретте айта кетерлігі, ол талантымен танылған, алайда қаржы жоқтықтан шетелге шыға алмай жүрген өнерпаз жастарға да демеушілік етіп, олардың халықаралық дәрежеде ел намысын қорғап келуіне септік етуде.

Астана қаласы мәслихатының комиссиялары мен жалпы отырыстарынан, сессияларынан, депутаттық корпустың көшпелі жиындарынан да қалмай қатысатын Б.Төлеген көтерілген мәселелер бойынша дереу іске кірісіп, әлеуметтік маңызы бар мекемелер тап болған қиындықтарды жоюға, демеушілік етуге ұмтылады. Айына кемінде 2 рет өз округіндегі мектептерді аралап, олармен үнемі тығыз байланыста болады. Дәстүрлі «Мектепке жол» акциясын қолдап, жыл сайын округтегі мектеп оқушыларына кеңсе тауарларына толы рюкзактар табыстайды. Білім ошақтарындағы кездесулерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге атсалысады. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ұйымдастыруымен өтетін әскери-патриоттық концерттік кештерде қарияларды құттықтап, сыйлықтарын ұсынады. Жеңіс күніне орай өзіне қарасты округ аумағында тұратын бірнеше ардагерлердің үйлерін аралап, жағдайын біліп, азық-түлік себеттерін табыстайды. Одан бөлек, депутаттық қызметінде қаланың инфрақұрылымын дамытудағы мәселелер, соның ішінде жабық типтегі аялдамалар салу жайына көп көңіл бөледі.

– Біздің округ аумағында жабық үлгідегі аялдама павильондарын орнату бойынша жасалған мониторингтен кейін Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына 4 рет депутаттық сауал жолдадым. Нәтижесінде Ш.Айтматов, Қ.Мұхамедханов көшелерінде, Ұлттық паралимпиадалық жаттықтыру орталығының алдында жабық типтегі 3 аялдама және басқа орындарда 7 жылы аялдама орнатылды. Сонымен қатар ашық үлгідегі бірнеше аялдамаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жолау­шылардың жаппай өтініштері мен шағымдарына сәйкес дәл осы көлік басқармасына аталған сайлау округінің аумағында қоғамдық көліктің қосымша маршруттарын қосу бойынша бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, соның нәтижесінде округ аумағында №27, 42, 49,  62, 57 маршруттары іске қосылды, – дейді депутат.

Сонымен қатар тұрғын үй кешендерінің мәселелері бойынша бірнеше мобильді қоғамдық қабылдау өткізіп, тиісті органдарға депутаттық сауал жолдайды. Мәселен, әріптесі Кендебай Сарыбайұлымен бірге «Лазурный берег» тұрғын үй кешені тұрғындарымен кездесіп, көп жылдар бойы шешілмей келе жатқан жылу мәселесі, басқа да инфрақұрылымдық сұрақтар өз шешімін тапты. Округ бойынша тұрғындар депутатпен тығыз байланыс­та, керек кезде оған бірден хабарласады.

– Округіміздегі ең ірі алап Үркердегі Исатай батыр көшесінде бағдаршам орнату жөнінде сұрақ қойып, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына ресми депутаттық сауал жолдадым. Нәтижесінде сол көшеде көптен күткен үш бағдаршам орнатылды. Алдағы уақытта осы алапта тағы 2 бағдаршам орнатылады. Жаңа болса да халық саны қатты өсіп, дамып жатқан Үркерде бағдаршамдар көптеп қажет етіледі. Осы басқармаға азаматтарымыз белгілеп көрсеткен аталған көшедегі зигзаг формасындағы жол учаскесін жөндеу қажеттігі туралы хабарладым. Басқарма басшылары сөзімді жерге тастамай, жолды жөндеп, бағдаршам орнатып беретіні туралы уәде берді, – дейді депутат.

Қала бойынша қоқыс шығару мәселесі де – депутаттың бақылауында. Бірнеше күн бойы, тіпті апталап қоқыс шығарылмай жатқан кезде «Клин Сити» ЖШС басшысымен тікелей хабарласып, қоқыстың шұғыл шығарылуын талап еткен. Астана қаласы мәслихатының бюджетті нақтылау жөніндегі кезектен тыс сессиясында №12 қалалық емхананы күрделі жөндеуден өткізу және реконструкция жасау жөніндегі мәселені көтеріп, бұл сұрақты Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемоваға қойды. Бұған дейін кейбір азаматтар емханаға қосымша қабат қосу жөніндегі ұсыныстар білдірген екен.  Бірақ бұл техникалық қауіпсіздікке сәйкес келмейді. Алайда емхананың жағдайы мүшкіл, он жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Халық саны артқандықтан емхана ғимараты тарлық етеді, емхананың кейбір мамандары науқастарды басқа ғимаратта отырып қабылдауға мәжбүр. Сондықтан Б.Төлеген де, мәслихат төрағасы Е.Каналимов та №12 қалалық емханаға қосымша ғимарат салу мәселесін қарастыруды тапсырды. «Тұран Эдем» тұрғын үй кешенінің жанында азаматтардан сауалнама жүргізілмей, біреулер саябақ салатын орында бизнес-орталық салмақ болған. Бұл сұрақты мәслихаттың жалпы отырысында көтеріп, депутаттық сауал жолдаған және мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдас­тырған, соның арқасында заңсыз құрылыс жұмыстары тоқтатылып, мәселе оңтайлы шешімін тапты.

– Соңғы жолдаған депутаттық сауалдарым Үркер тұрғын алабындағы газ мәселесі, белгілі бір тұрғын үй кешендерінің аулаларын абаттандыру, жол жөндеу сұрақтарына байланысты болды. Жалпы жоғарыда атап өткенімнің барлығы да – үлкен істің бір кішкентай бөлігі ғана. Толығымен шешілген мәселелер де, шешім қабылдауда күрделі сұрақтар да бар. Барлық проблеманы бірден, бір мезетте шешіп тастау, әрине, мүмкін емес. Дегенмен, қолдан келгенді жасаймыз. Жұмыс осымен тоқтамайды. Керісінше, оның қарқынын күшейтіп, мәселелердің толыққанды шешілуіне атсалысамыз, – дейді халық қалаулысы.

Бахаргүл Төлегеннің өзі және негізгі қызметі туралы айтар болсақ, ол 1969 жылы Қытайдағы Шәуешек қаласында дүниеге келген. Атамекенге тәуелсіздік алған соң оралып, бойына біткен қабілеті мен алған білімін тәуелсіз Қазақстанды дамытуға арнаған ол атамекеніне белгілі коллекционер-этнограф, Қазақстандағы жалғыз түркі халықтарының алтын және күміс антиквар бұйымдары сақталған жеке мұражайдың иесі, қазақтың ұлттық кәдесыйлықтар шығаратын «Әдемі-Ай РІus» компаниясының президенті ретінде танылды.

1994 жылы Пекин Мемлекеттік Университетінің «Биология» факультетін бітіріп, Қазақстанға алғаш рет жол тартады. Қазақстанда өзінің кандидаттық диссертациясы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, қосымша қолданбалы өнерді зерттеп, ежелгі бұйымдар коллекциясын жинаумен айналысады. Содан бастап ол бүкіл назарын қазақтың қолданбалы өнеріне аударады. Бахаргүл коллекционерлердің сирек кездесетін бұйымдарын тапсырыспен алдыратындар көбейеді. Бұл өз кезегінде ұлттық күмістен жасалған зергерлік бұйымдар әлеміне жол ашады. Біртіндеп қазақтың қолданбалы өнер бұйымдары мен күміс әшекейлері коллекциясын топтастыра бастайды. 2000 жылы ол «Әдемі-Ай Plus» компаниясын, ал 2002 жылы «Әдемі-Ай» өнер салонын ашып, үш жылғы ізденіс нәтижесінде жинақтаған бұйымдарды көрмеге қояды. «Әдемі-Ай» салонында қазақтың ұлттық кәдесыйлықтары сатылымға шығарылады, олар тақырып бойынша топтастырылған. Қазақстанның тәуелсіздігіне арналған сыйлықтар тарихымыз бен дәстүрлерімізге қатысты. Осылайша Қазақстан нарығында оның компаниясы кәдесый өнімдері бойынша көшбасшы болды.

2010 жылы Қазақстан мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Бахаргүл Төлегенге ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілді. Сол жылы ол 30 әйгілі әйел қатысқан «Қазақстандық әйел – 2010» тележобасының жеңімпазы болды. 2011 жылы «Әдемі-Ай РІus» компаниясы VII қысқы Азия ойындарына демеушілік жасады, оған 15 миллион теңге бөлді. Суретші, дизайнерлермен бірлесе Қазақстан нарығына мүлде жаңа кәдесыйлардың үлгісін алып келді. Қараса көз тоятын әсем дүниелер Арқа төсінде дүркіреп өткен ЕХРО-2017 көрмесінде, Универсиада, 2011 жылы Азиада кезінде, сонымен қатар Қазақ хандығының 550 жылдығына келген қонақтарды таңдай қақтырды. Бүгінде осындай сан алуан қызметіне қоса отбасын қатар алып жүрген Бахаргүл Төлеген – әулетінде асыл жар, аяулы ана, өнегелі әже атанып отыр­ған үлгілі қазақ отбасының отанасы.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button