Басты ақпаратРуханият

Амантай ЖҰМАШЕВ: Аспаптың ең жақсы түрі – адамның дауысы

Елорданың өнері мен мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген талантты тұлғалар көп. Солардың бірі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі хормейстер Амантай ЖҰМАШЕВ. Енді құрылып жатқан Қаллеки театрына орда бұзар жасында келген ол музыка өнерін терең меңгергенін ғана емес, театр актерлерінің қатысуымен кәсіби деңгейдегі концерт бағдарламасын жасай алатын, дауыс пен дыбыстың үндестігін үйлестіре білетін асқан дарынын да дүйім елге, әйгілі өнер майталмандарына мойындатады. Сөйтіп жаңа театрдың бас хормейстері болған ол өмірінің 32 жылын осы ұжымға арнады. Сондай-ақ бас қаладағы басқа да белгілі театрлардағы музыкалық-драмалық қойылымдарда, концерт бағдарламаларындағы хорда оның қолтаңбасы бар. Өнегесін жас актерлер көріп жүрген Амантай ағамен шығармашылығы мен хор өнерінің дамуы туралы сұхбат құрған едік.

– «Ақтоғайым» деп әнге қосқан жерде, өнерлі ортада, музыка сүйер отбасында дүниеге келген азаматтың өнерден жырақ болуы мүмкін емес. Дегенмен сол шалғай ауылдағы талантты музыкант елорда жұртшылығын қалай мойындатты, бас театрға қалай келдіңіз?

– 1991 жылдың қарашасында бұрынғы Конгресс-холда осы театр ресми түрде «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклімен ашылды. Театрдың өзінің ғимараты болмай, сол кездегі қалалық партия комитетінің ғимаратын, яғни қазіргі Ж.Омаров көшесіндегі Музыкалық жас көрермен ­теат­ры­ның ғимаратын берді. Сол жылы желтоқсан айында осы ғимараттағы алғашқы ашылу салтанатын өткізу керек болды. Сахнасы болғанмен, қойылым қоюға келмейді екен. Ені ішке қарай бар болғаны 3 метр. Сосын театр басшысы Жақып Омаров әріптестерімен ақылдаса келе ашылу салтанатын қойы­лыммен емес, концертпен ашайық деп шешеді. Ашылуына үш-ақ күн уақыт қалған. Күні белгіленіп қойған. Енді не істейміз, концертті кім дайындайды дегенде Жезқазғаннан келген бас дирижер Алпысбай Тұрсынбеков «Ойбай, мұны дайындайтын менің досым бар, үш күнде дайындау керек болса, Қазақстанда сол ғана дайындап шығара алады» деп Жезқазғанда филармонияда жүрген мені алдыртады. Келіп, іске кірісем дегенше екі жарым күн ғана қалды. Содан апыр-топырын шығарып, актерлерді қатыстырып, сол концертті дайындадым. Бұрын-соңды театр саласында істемеген едім. Бұрын тек кәсіби әншілермен жұмыс істедім. Ал актермен жұмыс істеу деген мүлдем басқа нәрсе екенін түсіндім. Халық әндерінен де, қазіргі заманғы композиторлардың әндерінен де 4 дауысқа ән дайындадық. Сол кезде театр актерлерінің алғырлығына қатты таңғалдым. Тез алып кетті және олардың жан дүниесі көзінде де, сөзінде де, реңінде де тұрады екен. Сол концертімді 2000 жылы қала әкімінің орынбасары болған Төлеген Мұхамеджанов көріп ерекше таңғалды. «Мынау керемет қой!» деп бізді гастрольге жіберіп, сол бағдарламаны Германияның 4 қаласында қойдырды. Сөйтіп мен театрда түпкілікті қалып қойдым. Ол кезде Қазақстанда музыкалық-драма театрлары болғанымен, театр ұжымының концерт қою үрдісі болмаған. Біз бірінші болып бастадық. Апта сайын жаңа бағдарлама дайындап, халыққа ұсынып отырдық. Бірден төселіп кеттік. Тура 30 жасымда театр деген «ауруға» шалдығып, содан бері осындамын. Жаман болған жоқпын, осы театрда өстім, өндім, атақты да, пәтерді де алдым. Астана – маған құт болған қала. Ал 30 жылдай бізге шағын болса да ұя болған бұл ғимаратта сол ашылған жылы сахнасы кеңейіп, қайта жөнделді. Сөйтіп қазіргі үлкен зәулім театр ғимаратына көшкенге дейін сонда талай жыл тер төктік.

– Театрдағы түрлі тарихи және заманауи қойылымдарда музыкалық әрлеу және актерлердің хормен ән айтуында дайындық қалай жүргізіледі? Әдеттегі хор мен актерлердің хормен ән айтуында қандай айырмашылық бар?

– «Шәмші» қойылымын өзім басынан аяғына дейін 4 дауыс­қа өңдеп, хорын әзірледім. «Шәмшіні» көрсеңіз, жалпы драма театр хорының ерекшелігі байқалады. Әдеттегі хор әншісі мен театрдағы актерлердің хор айтудағы ерекшелігі екі түрлі. Актерлер, бәлкім, арасында нотаға түспей, кішкене «фальш» кетіп жатуы мүмкін. Бірақ олардың көзі, үні – бәрі басқаша беріледі. Ал кәнігі опера, хор әншілері бәрін нотасымен тап-таза айтып етіп берсе де, жан дүниесіне келгенде оларды тыңдап жалығып кетуіңіз мүмкін. Бұл жағынан драма актерлері өте шебер. Театрда екінші хормейстер Ержан деген азамат бар. Өте білімді музыкант. Ол көбіне әндері қойыл­ған дайын қойылымдармен жұмыс істейді. Ал белгілі бір қойылымға жаңадан ән қою керек болса өзім өңдеймін.

Театрда көрермен залында қазір 600 орын бар. Хор айтылмайтын басқа қойылымдарда сол орындар тек премьера кезінде толып, басқа уақытта кейде толмауы мүмкін. Ал хоры бар қойылымдарда халық үнемі толып отырады. Осыдан-ақ халықтың нені іздейтінін көруге болады. Хор арқылы жанды үнмен көрерменді баурап алуға болады. Біздің концерттер филармониядағы бағдарламаларға қарағанда әсерлі жүреді. Қазір театр репертуарында 30 шақты қойылым болса, соның ішінде 4-5 қойылымда хор бар. Одан бөлек, ансамбль өнер көрсетеді. Әншілердің дауысын баптауда басқа вокалистер жеке жұмыс істейді. Ал хорға келгенде менің жұмысым басталады.

– Қазіргі таңда елімізде хормейстер мамандығына оқытатын оқу орындары бар ма және осы сала мамандары өнер орындарында жеткілікті ме?

– Консерваторияда, ұлттық өнер университетінде де оқытылады. Бұл – бізде дамып келе жатқан сала. Жалпы аспаптың ең жақсы түрі не деп сұраса, ол адам баласының дауысы деп айтар едім. Ол өте сиқырлы, дүниеде дауысқа жететін аспап жоқ. Тек онымен жұмыс істей білу керек. Қазір қай театрды алсаңыз да хор даму үстінде. Хор мен оркестр – хормейстер мен дирижер алдындағы аспап. Жақсы хормейстер болса, хор әдемі шығады. Маманы нашар болса, оны бұзады. Хорды 8 және одан да көп дауыспен айта беруге болады. Хорда сопрано, альт, тенор, бас деген 4 дауыс түрі бар. Бір сопрано, бір альттың өзін екіге, 3-4-ке бөліп жіберуге болады. Адам дауысы – ең жоғарғы аспап. Мұның қадір-қасиетін халық әлі жете біліп жатқан жоқ. Эстрада әншілерінің компьютермен жасай салған емес, жанды дауыс, хормен айтқан адамның «слухы» көш ілгері тұрады. Себебі ол өз дауысымен айтып тұрып қалған бірнеше дауысты естіп, соған үйлестіріп айтады.

– Шығармашылық өміріңізде көптеген әннің авторы ретінде танылдыңыз. Олардың басы-аяғын жинақтағанда қанша шығармаңыз бар?

– 20-дан астам әнім бар. Оның көбінің шығуына ықпал еткен театр. Кезінде «Танакөз» деген қойылым болды. Сол қойылымға мен музыка жаздым. Тараздық Қуандық деген режиссер «Махаббат серенадасы» деген әнімді естіп, соған ғашық болып, ақыры М.Шахановтың «Танакөз» шығармасын спектакль етіп шығарды. Одан бөлек, «Аққу дастан», «Сен ғана» деген әндерім бар. «Аққу дастан» деген әнім «Шәмші» қойылымында орындалады. Өзім кейде қалжыңдап та, шынымен де: «О дүниеге кеткенде осы әнмен шығарып салыңдар» деп айтып қоямын. Бұл ән «Шәмші» сериалында да бар. Телесериал түсірілер кезде мазмұнын ашады деп актер Дәурен Серғазин сұраған. Жалпы әнді қуып жазбаймын. Алған әсеріме, көңіл күйіме қарай шығады. Сосын әншілерге де, өздері сұрамаса, әндерімді ұсынып көрмеппін. Біреулер «Сен ғана» әнін Димашқа беріңізші деп жатады. Бұл әнді 15 жасымда жазғанмын. Барлық жерде осы әнді сұрайды. Бірақ жоғары диапазонда айтылатын ән болғандықтан, көбі оны айтуға қорқасоқтайды.

– Өнерлі отбасында дүниеге келіп, Зейіндей әнші ананың құрсағынан шығып, ақ сүтін емдіңіз. Жалпы өнер адамының баласы болып, сол жолды жалғаудың сіздің өміріңізге қандай әсері болды?

– Анамыз кезінде ауыл ­театрында Баян сұлу сияқты рөлдерді ойнапты. Ал әкем, бойында болмаса да, өнерді қатты құрметтеген жан. Балуан кісі еді. Өнерге ғашықтығының арқасында балаларының біразы өнер саласын таңдады. Бала кезімізде үйдің ішін баянның, басқа да аспаптардың түр-түріне толтырып қоятын. Соның арқасында болар, 1-сыныпта жүргенде еш жерден музыкалық білім алмай-ақ жоғары сынып оқушыларының хорын гармошкамен сүйемелдедім. Сонда әкемнің төбесі көкке бір елі жетпей қалғандай болды. Ауылдық жерде пианино деген аспап туралы ешбір түсінік жоқ, көрген дүниеміз емес. Бір жылы қоймаға бір пианино келіпті. Сонда 9 баласы бар, соғыс ардагері болған әкем құны 700 теңге тұратын сол пианиноны несиеге алып, үйге қойып қояды. Елдің бәрі сол кезде «Жұмаш қызық, оны кім ойнайды?» деп күлгені есімде. Кейін менің апам музыкалық училищеге түсіп, сол пианиномен ең бірінші рет ойнағанда керемет әсер алдым. Бірақ соны әкем көрмей ерте кетті. Ол кезде мен 15 жаста едім. Жаңағы пианиномен мен сүйемелдеп, апам «Әлия» әнін ауыл сахнасында айтқан кезде де менің бұл аспапта ешқандай білімім болмаған еді. Бірақ әйгілі әнді радиодан естіп алып, «слухтың» мықтылығынан тура нотамен қойғандай таза орындап шығыппын. 4-сыныпта жүргенде әкем мені өнер мектебіне берді, сосын музыка институтына оқуға түстім. 30 жасымда елорда ­театрына келгенге дейін оқудан соң Ақтоғайға барып музыка мектебінде сабақ бердім, қосымша ауылдағы «Тоқырауын толқындары» ансамблінде жұмыс істедім. Одан соң Жезқазған облыстық филармониясына 1986 жылы ауыстым.

– Жалпы туған жердің, туған топырақтың адами болмысты қалыптастырудағы маңызы зор болып тұр ғой?

– Әрине, сөзсіз солай. Менің туған жерім Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының орталығы Ақтоғай ауылында атақты Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов пен Әсет ақын туған. 2,5 мың ғана халқы бар шалғай жатқан ауыл. Менің ұстазым, ешқандай музыкалық білімі болмаса да, өнерімен танылған Дәртай Сәдуақасов жазған «Ақтоғайым» деген ән осы ауылдың әнұраны іспеттес. Орталық Қазақстандағы ең биік шың – Ақсораң Ақтоғайда орналасқан. Мұндағы халық ән десе ішер асын жерге қояды. Тойлары әнсіз өтпейді. Сонда отырған кез келген адамнан ән айт десеңіз, тосылып қалмай, әуелете жөнеледі. Ел ішінде «Ақтоғайдың бұзауына дейін ән айтады» деген сөз тараған. Бұл ауылдың ғана емес, еліміздің көптеген өңіріне танымал атақты «Тоқырауын толқындары» ансамбліне 10 жылдан бері әндерді өңдеп беріп, көмектесіп келемін. Олардың өнеріне тәнті болған ел тойға көп шақырады. Жылына бір мәрте жазғы демалысымда барып дайындық жұмысын жүргізіп қайтамын. Олар әбден төселіп алған, күніне екі әнді игеріп кетеді. Табиғи дауыс иелері болғандықтан, аса қиынға соқпайды. Бірақ енді бір әнді төрт дауыста орындағандықтан, бір мәнерде шығуы қажет. Сол үшін жаттығу жасаймын. Мәселен, «а» дегенді біреу «ә» деп айтуы мүмкін. Осылардың бәрін бір жүйеге келтіріп шығамын. Дауыс ерекшелігіне келсек, бұл жақта сопрано мықты, Күләштің ізбасарлары жетерлік. Бұл ауылда Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сынды Алаш арыстары да туған. Сондықтан Ақтоғай ауылы 1998 жылға дейін «қара тізімде» болған деген сөз бар. Той жасауы да, қайтқан кісіні жөнелтуі де, сөз саптауы да өзгеше. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауыл. Халқы бір-бірімен тығыз байланыс­та жақсы араласады. Аудан бойын­ша бір ғана орыс мектебі болған. Құжаттар да, өтініш, түсініктеме – бәрін қазақ тіліне жазатынымыз есімде. Ауылыма сіңірген еңбегім үшін «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» атағын алуым – мен үшін үлкен мақтаныш.

– Бүгінгі таңда өзіңіз ерекше күш-жігеріңізді арнап, шұғылданып жатқан қандай жобаларыңыз бар?

– Биыл 30 қарашада елордада қалалық филармония концертімді беруді жоспарға қойды. Бірақ әлі дайындық жүруде. Әндерімді оркестрге түсіріп жатырмыз. Дегенмен келесі жылы зейнетке шыққанда концерт берсем бе деп те қоямын. Өзімнің әндерімді жинап, кітап етіп шығару да ойда бар. Жалпы мен өте қызық адаммын. Сондай дүниелерден қашамын. Себебі мен үшін бүгінім – ең бақытты сәтім. Осындай қайнаған өмірді, шығармашылық сәттерді, аяқ астынан болатын дүниелерді жақсы көремін. Өнер саласына әкелген ең бас­ты үлесім мен жаңалығым театрдағы хорды дамыту деп санаймын.

– Балаларыңыз сіздің жолыңызды қуды ма?

– Екі балам да музыка саласын таңдады. Ұлым – пианист. Жылда конкурстан бірінші орын алатын. Бірақ қазір ІТ-саласына кетті. Қызым да музыкант, әншілер дайындайды, сабақ береді. Екеуінде де абсолютті «слух» бар, ән де жазады. Маған ұқсап домбыра, баян, фортепиано, аккордеон сияқты бірнеше аспапта ойнайды. Алла берген үш немерем бар. Олардың болашағынан зор үміт күтемін. Себебі қанда бар өнер түбі бір жерден тесіп шығады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button