АМБУЛАТОРЛЫ ҚАҒАЗ КАРТАЛАР ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮЙЕГЕ КӨШІРІЛДІ
Қорлан ҚАБДЫРОВА, Астана қаласы №3 қалалық емханасының бас дәрігері
– Қайырлы күн, Қорлан Болатқызы?! №3 емханада денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі қалай енгізілуде?
– Бұл бағытта біздің емханада дәрігер қабылдауына алдын ала электрондық жазылу жүргізілуде. Қазір амбулаторлы қағаз карталар электронды жүйеге көшірілген. Соның нәтижесіне тіркеу орнындағы қызмет көрсетудің уақыт үнемділігі екі есеге көтерілді.
– Атым – Салтанат. Бүгінгі таңда қаламыздағы емдеу мекемелері денсаулық сақтау қызметкерлеріне зәру дегенді газеттер мен телеарналардағы хабарлардан жиі оқып, көріп жүрміз. Сіздің емхананың кадрлармен толықтырылуы қандай дәрежеде?
– Біздің емхана дәрігерлермен 78 па-йыз қамтамасыз етілген. Соның ішінде аймақтық дәрігерлер – 92 пайыз, медбикелер – 93 пайыз және аймақтық медбикелер –100 пайыз. Өткен 2012 жылы профильді мамандар жетіспеушілік мәселесін шешу үшін Астана Медициналық университетінің жәрмеңкесінен кейін емханаға 15 жас маман жұмысқа алынды, олардың 5-еуі травматолог, кардиолог, гастроэнтеролог, УДС және функционалдық диагностик мамандары бойынша қайта даярлыққа жіберілді.
– Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне осы оқу ордасы жанындағы медициналық орталықта қызмет көрсетіледі дегенді естіп едік. Сол рас па?
– Иә, бұл біздің емхананың жұмысын 1,5 есеге жеңілдетті. Жыл сайын қала халқының өсуіне байланысты студенттік емханаға бекіту орташа есеппен 5-6 пайызға жоғарылады. Себебі, Астанада соңғы жылдары жаңа оқу орындары көптеп ашылуда, соның нәтижесінде оқушылар мен студенттер саны көбеюде. Әрине, бұл ретте Республика даңғылы 56 және Біржан сал көшесі 1 ғимараттарындағы емхананың ашылуы барлық мәселені шешкен жоқ. Осыған байланысты Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы Еуразия Ұлттық университетімен 418 шаршы метр алаңды медициналық орталыққа тегін пайдалану үшін меморандум бекітіп, онда 5 аймақтың 11787 студенті ауыстырылды. Мұнда 4 аймақтық терапевт қабылдайды, 2 акушер-гинеколог, зертхана, ультрадыбыстық және электрокардиографиялық зерттеулер кабинеті жұмыс істейді.
– Менің қызым колледжде оқиды және ол вирустық аурулармен өте жиі ауырады. Тұмауға қарсы тегін егілуге бола ма?
– Иммунопрофилактика Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» №2295 қаулысына сәйкес жүргізіледі. Ал, тұмауға қарсы егу бұл тізімге кірмейді. Сондықтан, сіз лицензиясы бар аймақтық емханада немесе жеке орталықта ақылы негізде ғана егіле аласыз.
– Қаламыздағы барлық емханада денсаулық орталықтарының бар екенінен хабардармыз. Осындай орталықтар сіздің емхнада да ашылған ба?
– Иә, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Казақстан» Денсаулық сақтау дамуының мемлекеттік бағдарламасын және Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын жүзеге асыру жөнінде іс-шара жоспарын орындау мақсатында, «Жас толқын» денсаулық жастар орталығы және алдын алу мен әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшелері қызмет етеді. Психологтар, әлеуметтік қызметкерлер СӨС мамандары дәрігерлермен бірлесе отырып, тренингтер, акциялар, дөңгелек үстелдер, студенттерге сауалнама жүргізу, оқу орындарында жастардың достық комитетімен жұмыс істейді, отбасын құру мәселесі бойынша кеңестер, ұрпақ көру мәселесі, контрацепцияның заманауи әдістері, жыныстық қатынастан жұғатын аурулар, АИТВ бойынша медико-әлеуметтік көмек көрсетеді.
– Мен – студентпін. Сіздердің медициналық ұйымға тіркелуіме бола ма?
– Иә, әрине. Бірақ, кәсіби лицей, колледж оқушылары және жоғары оқу орнының күндізгі бөлім студенттері бірінші басшысының, яғни, директордың немесе ректордың қолы қойылған тізімге сәйкес, біздің емханаға тіркеле алады.
Жалпы, емханамызда медициналық ұйымға бекіту, дәрігер қабылдауына жазылу, веб-сайт бойынша үйге дәрігер шақыру секілді мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тіркеуден өтіп, веб-сайтқа қолжетімділікке кілт алу қажет.
– Аңдамай жүріп, жастықпен алдандым. Аяғымның ауыр екенін естігеннен кейін жігітім мүлде хабарсыз кетті. Өзім студентпін. Айтыңызшы, сіздердің емханаларыңызда түсік жасатуыма бола ма?
– Жоқ, біздің емханада түсік жасалмайды. Мезгілсіз жүктілік кезінде акушер-гинеколог 11 аптаға дейін сырқат адамды стационарға жібереді. Жүктіліктің 21 аптасына дейін комиссия әлеуметтік және медициналық көрсеткіштер бойынша шешім қабылдайды. Өйткені, түсіктен кейін асқынулар болуы мүмкін, жүктіліктің алдын алған және контрацепцияның жаңа әдістерін қолданған жөн.
– Студент інімнің кемістігі бар. Жұмысқа тұру ниетімен медицина-лық тексерістен өту үшін емханаға барса, денсаулық сақтау қызметкері ақы төлеуін талап етіпті. Сонда сіздерде кемтар студенттерге арналған жеңілдіктер қарастырылмаған ба?
– Өкінішке қарай, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі тізімінде ондай жеңілдіктер қарастырылмаған, сондықтан ,18 жастан асқандар медициналық тексерістен ақылы түрде өтеді.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ