Басты ақпарат

Америка ашқан жолжазба

Қазақстан Респуб­ликасындағы Америка Құрама Штаттары елшілігінің демеушілігімен Мұхтар Әуезовтің 1960 жылы АҚШ-қа сапары жайлы ­очерктері, жолжазба күнделігі; бұл мұраны ұзақ жылдардан соң ғылыми ай­налымға тартқан М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «­Әу­езов үйі» ҒМО-ның мамандары Гүлзия Пірәлі мен Диар Қонаевтың осы жазбаларға қатысты зерттеулері; Кеңес Одағынан барған қаламгердің бірі Олесь Гончардың Америкада өткізген күндері, Әуезовтің тұлғалық айрықша болмысы туралы естеліктері; сапар маршрутының картасы мен жоба кураторы Деннис Кин «Кіріспе сөз» жазған ағылшын тіліндегі жинақ жарық көрді

[smartslider3 slider=3729]

Деннис Кин Мұхтар ­Әуезовтің Диснейленд туралы егжей-тегжейлі танымдық-ақпараттық жазбасы болашақ Дисней ­зерттеушілері үшін өзгеше бір олжа болатындығын құлаққағыс етеді. Жазушының бақылау, қызығушылық ынтасы туралы айрықша әсермен айтады.

Америка үшін Әуезов қолжазбасында ашылатын игілік тұнып тұр. Бұл сапар жазбасы, сол негізде 1960 жылдың жаз айларында асығыстау хатқа түсірілген «Америка әсерлері» очерктері туралы «Қазіргі мұхтартану» атты екі томдық монографиялық зерттеуінің арнайы жазылған бір тарауында «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығындағы қолжазба нұсқалардың ғылыми айналымға тартылуының өзекті міндеттерінде ­кейінгі 10 жылда М.Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағына енген, ғылыми айналымға толық түспеген мәселелерінде жұмыс жүргізіп отырған белгілі әдебиеттанушы Гүлзия Пірәлі кең қозғап сөз бастаған еді. Гүлзия Пірәлі жолжазбаның күнделік нұсқасы мен жазушы қилы себептерден асығыстау, аяқтап үлгермей хатқа түсіріп кеткен «Америка әсерлері» очерктерін мазмұн аясы, дерек, дәйек айналымы, т.б. мәнде ­салыстыра саралады.

Алыс, айбынды Американы әрбір жолы түсіп, дәмін татқан адам өзінше көреді. Өзінше ашады.

Айналасы 1 ай уа­қыт­та ­Әуезов Американы тарихи, рухани, әлеуметтік-­тұрмыстық, ­географиялық-климаттық тұғырында танып, ашу өлшемдерін қалыптастырушы институттардың ұстанымдарында тоқтамдар айтқан екен.

Мұхтар Әуезовтің Америка сапарына қатысты жазбалары жазушының көзі тірісінде жарыққа шықпаған, толық өңделіп, сұрыпталып бітпеген күйде, өз диктовкасымен хатқа түскен алғашқы нұсқасы 1964 жылы газетте басылыпты. Бұл басылым көрген нұсқа Америка туралы көлемді, көп құбылыс қамтылған, айтылған, айтылмағанына «керек», «қайта оралу керек», «есте болсын» деген белгілер түсіп отырған құнды жолжазба күнделіктің тезистері іспетті деуге де болады

 

Мұхтар Әуезовтің Америка сапарына қатысты жазбалары жазушының көзі тіріде жарыққа шықпаған, толық өңделіп, сұрыпталып бітпеген күйде, өз диктовкасымен хатқа түскен алғашқы нұсқасы 1964 жылы газетте басылыпты. Бұл басылым көрген нұсқа Америка туралы көлемді, көп құбылыс қамтылған, айтылған, айтылмағанына «керек», «қайта оралу керек», «есте болсын» деген белгілер түсіп отырған құнды жолжазба күнделіктің тезистері іспетті деуге де болады. Мұхтар ­Әуезовтің бұл сапар жазбасын қапысыз сұрыптап, қайта өңдеп қайырылуға қайырлы ғұмырының соңғы жылындағы уақыт тапшылығы да әсер еткен. Сонымен бірге әлемдік екі державаның арақатынасындағы басқа да салқындау түйткілдері тоқтатқан болуы мүмкін.

Сол жолсапарының хатқа түскен нұсқасын бастарда жазбаларына қатысты сыпайыгершілікпен шектеле сөйлегенімен, «өңделмеген» жолжазбаның өнімді алқаптары, жаһандық ауқымы, шебер сұлу өрімдері көңіл көншітеді.

Адамзаттың ХХ ­ға­­сырдағы самғап кеткен артықшылықтарын Әуезов әуежайдан бастап тізбелеп жазуында көргенім – көкейімде ғой демей, көбінде көштен қалған өз жұртының әрбір адамы білсін, сезінсін деген пейілмен, жақсымен бөлісуге асық жомарт дағдысымен түбегейлі, жалықпай зерделеу, зерттеу әдістерімен, ара-тұра өзінен басқа байқамайтын, көре алмайтын құбылыс-сұлулықпен сәулелендіріп, еміне, елжіреп, қазақ баласы бұрын-соңғыда енді тап келген ХХ ғасырдың ғажайыптарын бірінен кейін бірін түгендеп, тастамай таңбалайды.

Жеке, арнайы институттар бас-басына шұқшия шұғылданатын әлеуметтану, елтану, адамтану, жертану мәселелерін «үй артында кісі бар» уақытта еш тартынбай, тайсалмай сөйлейді.

Америка халқының дінге ұйыған, дін ұстанған, ­Библиясы бірге жүретін халық екендігін екпін түсіре айтып отырған. Вашингтондағы мұсылман мешіттерінің көптігі жүрегін жылытқанын да жасырмайды. Жұрттың өз өмірлерін қауымдаса реттеу құқын сөз арасында түсіндіріп отыратын тұстары көп.

Капитолий. Сенат. Конгресс. Дін өкілдері де, әйел адам да, бай да, бағылан да, қай нәсілден де қатысады. Бақылайды.

Қалалар. Оқу орындары. Егістік алқаптар. Шатқал, шөлдер. Орман-сулар. Резервация. Зәулім үйлер. 85-қабатқа 1,5 минутта көтеріп жеткізетін озық жүйріктік. Жүз бояулы, мың бояулы Нью-Йорк. Ірілік. Молдық. Озық технология.

Небір жетілдірілген фотообъектив бәрібір де адамның қос жанары қамтыған тылсымдарды жарқ еткізіп ашуға ­қауқарсыз. Көрініс көрсетіп, әсер жеткізуде алдына жан түспейтін Мұхтар Әуезов аспанда отырып та, отарбаға мінгенде де, асығыс-қапылыс, абыр-сабыр әбігерде де, алыс жолдан шаршағанда да жазудағы құдіретінен жазбайды.

Адам мен аспан «жа­қын­дай» түскен ұшақ үстіндегі күй. Көрінбесті көру.

«Таң сызып атып келіп, қазір көк сәуле молайды». Мұны көру ғажап!

Жолжазбаға қаншама танымдық ақпарат тартылған. Адамзат ­мәдениетіне соншалықты лайықты ынтықтық, білгірлік өресі. «Америка әсерлері», «Америка сапары (жолжазбалар) туралы Гүлзия Пірәлі ықтияттап, қорыта айтқан тоқтам, болжамдардың екпінінде Мұхтар Әуезовтің қолжазба күнделігі мен хатқа түскен очеркін кідірістеп, ­салыстыра, ұзақ аялдап қайта оқыдық.

Батыс өңірінің негізді құндылықтарына зер салуында, айрықша тұғырын танытуда арнайы зерттеулерде ашыла, айтыла бермейтін ­құбылыстарға тарихи ақиқат төрелік жасап отырған екен.

Тұрмыстың ұсақ-түйегінен адамға деген ұдайы қамқорлықты көріп қызығады. Америка халқының сол кездің өзіндегі жайлы тұрмысын ­жасырмай, ­байыптап жазады.

«Бұнда Америкада бар жерде сондай адам жағдайы». Байлар да, ­қызметкер де лыпып тұрады дейді.

«Бір үлгімен пішкендей біркелкі жанға жайлы өмір. Бұнысына, ­цивилизацияның, жалпы адамның жайлы ­жағдайына еріксіз сүйсінесіз. Ол жағына қарағанда, бұнда, Америкада қала мен деревня айырмасы жағы былай тұрсын, тіпті столица мен провинция деген, орталық пен аудан деген арасындағы айырмасы мүлде жойылған» (Күнделіктен) (38-том, 235-б.).

Есесі түгел, адамы адам болып өмір сүретін елдің Әуезовке ұнаған дүниесі көп еді. Айналасы бір ай уақыт… Жазушы алыс елдің тәртіпке бағынған, мығым жүйеде түзу түзілген тіршілігіндегі жарқын сәулелерді армансыз шуақтап, қысталаңқы көп өміріндегі ендігі бір өлшеулі игілікке балаша шаттанып, бір жасап қайтқан еді…

Бұл жерде әңгіме ішіп-жем емес, жан азаттығына тартады.

Америка туралы жолжазба күнделікте Әуезовтің қайталанбас сөз қолданыс үлгілері аз емес. Намазжай дейді синагогаға қатысты. Қазіргі тілге керек сөз. «Іркіштеу» дейтін сын есім ­кездесті. Бұл да тілдік айналымнан «кетіп қалған» сөз сияқты. «Ымырат» деген сөзі бар. «Ғимарат» емес. Нью-Йорктің көкке шаншылған, сүйріктей, жұтына елеңдеген асқақ, оқшау үйлерін «Адамзат цивилизациясының сан алуан сеңгірлері» деп те әспеттейді. «ХХ ғасырдың Манхеттен аралының аспанына таспен жазылған поэмасы» дейді.

Күнделік жазбада ­очерктен іркіп қалған дерек, дәйек, детальдар мол. Очеркте америкалықтар қоймай-қоймай қайтара сұраған Борис Пастернактың есімін атамайды, «жеке жазушы», «бір жазушы» деп келтірген.

«Кешке өзіміздің елшілік сарайында болдық. Қонақтарды елші, Полянский, Димаштар қат-қатар тұрып қабылдап тұр». Димаш – Дінмұхамед Қонаев деп ұйғардық.

Сапарда жүрген Әуезов америкалықтардың бар тұрмыс, киім киіс, жүріс-тұрысын байқап, барлап, баға беріп отырады. Ресми қасаңдыққа ыңғай бермейді, қызық етіп, қызуын баспай, табиғи жеткізеді. Бір қонақтан шыққан сәтін былайша суреттеген: «Бастар жалаңбас. Ең жетіскені берет сияқтыны киеді». Жаны жай тауып, әсерін ірікпей жазған сәттері мол. Осының барлығын жұртымен қапысыз бөлісуге асықты. Көргенін кеңдікпен, кемітпей жеткізетін, іштарлығы жоқ, ақ көңіл, адал халықтың ақжүрек елшісі еді.

Заман басқа, заң басқа дәуірде ақ ту көтеріп адамзат үшін алаңдаған бітімгер, елдестіруші қайраткер еді.

Очеркте күнделік жазбадағы көп деректің уақыт жетпей, қорытылмай қалып қойғандарынан басқа, арнайы іркіп, алып тастап, айтпай өтіп отыратын тұстар да кездеседі. Колумбия университетінде оқытылатын тілдердің ішіндегі түрік тілі очеркте көрсетілмеген.

Батыс жұрттарындағы қайырымдылық шаралар туралы таңырқауын жасырмайды. Құны 1 млн долларлық көркемсурет коллекциясын қайырымдылыққа жұмсаған Александр Мэнланд туралы «Бұл да бір ғаламат қызық мінез» депті.

Америка табиғатын, оңтүстік жақтарын Қызылорда, Жосалы маңайына ұқсатып отыратын жерлері бар.

Америка ілгеріде өрлетіп жіберген атыс-шабыс ­фильмдері, оның теріс ықпалы; оқушы балаларды бір апталық орманшылар курсына апарып, табиғат қорғаушылық дағды қалыптастыру өнегесі туралы айтқандары – адам тұлғасы тәрбиесіндегі өзекті мәселелер.

Барған жерлері, қонақта болған үйлері, олардың иелері аталып отырады. Жақсының жақсылығын айтуға асығады. Көргеніне зер салмайтын салғырт сәті жоқ.

Америка адамының еңбекшіл, қарапайымдығы аңғарылып отырады. Әйелдердің қоларбамен сәбилерін қыдыртып жүргеніне қатысты «прислуга жоқ» деп түйіп қояды.

Әуезов Америка кино өндірісіндегі, Голливудтағы таңғаларлық молдық, кино байлығы, ондағы дін мазмұнды туындылардың басымдығы, Диснейленд, Гранд каньон туралы сүйсіне жазады. Үндістердің қайсыбір өз тілі жоқ тайпалары, негізінде жер-суы бар, шаруасын күйттеп, жағдайлы өмір сүріп жатқандарын көңіл толған, жағымды әсерде жеткізеді. Есік алдын, үй-жай тұрмысын баптап отырған қаладан жырақ мекендерге «елсіз жыраққа мәдениет осылай да келе салады» деп қызығып қарайды.

Америка табиғатын суреттеуінде қазақ даласын да көріп отыратындай. Мұхтар Әуезов прозасындағы шалқар суреттеу кеңістігі менмұндалайды. «Шынайы құлазыған елсіз көп-көп қоңыр таулар, адырлар».

Өзіне «құлатып» алатын (распологать ететін – Қ.М.), тіршілікпен тұтастандыратын сырлы, қайратты тілі. Ыждағаты асып төгілген тілі. Образ ашып, олжа үлестіріп кететін шүлен тілі.

«Вашингтонға самолет отырар-отырмасы белгісіз боп келе жатты» (ауа райына байланысты – Қ.М.). Күнделік жазбадағы ықтияттылық, тоқтаған кент, қонақүйлердің ­мекенжайына дейін жазып көрсетіп отыру; тазалық, күтім сапасы; шақырған ортаның дәм-тұзын дәріптеу; елең еткізер өзгешеліктерді «есте боларлық жайлар» деп даралап отыру; бөтендігі жоқ, жат демейтін қазақы болмыс; алпыстан асар-аспас ғұмырдағы асу-асу ауыр жолдар; тындырған мың сан шаруа; еңсесі биік ер бітім; адамсүйгіш, өмірсүйгіш қызу құштар болмыс… Сарқылмайтын кісілік игілік.

«Мұхтар Әуезов. Америка әсерлері» басылымын ағылшын тілінде оқитын алыстағы америкалық ағайынның осы ізгілікпен ортақтасатыны марқайтады.

Қанипаш МӘДІБАЕВА,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас

ғылыми қызметкері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button