Мәдениет

Әміре туралы әлемдік туынды

Жезтаңдай әнші Әміре Қашау­баевтың өмірі туралы көркем­фильм түсіру қолға алынды. «Қазақфильм» киностудиясы шетелдік әріптестермен бірігіп, әншінің шығармашылық шыңына шыққан кезеңін көрсетпек.

00000000000000000000000000000

Фильмге кинопродюсер, инвестор Әлидар Өтемұратов, Голливудке танымал Кери Гранат және Оскар жүлдесінің иегері Эд Джонс продюсерлік етеді. «Әміре» туындысы Қазақстан мен Американың бірлесіп шығаратын алғашқы киножоба болмақ.
Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ екені белгілі. Ол көрменің музыкалық байқауында қазақтың «Балқадиша», «Сұржекей», «Үш дос», «Дудар-ай», «Жалғыз арша», «Бесқарагер», «Ағаш аяқ» және «Əй-əй, бөпем» секілді ұлттық әндерін орындап, күміс медаль иеленді. Фильмге Әміренің ән қоржынындағы сегіз туынды алынды.
Картина, сондай-ақ, әншінің Мұстафа Шоқаймен кездесуі, джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен танысуы және елге оралғаннан кейінгі қиыншылықтарын баяндайды.
Фильмнің сценариін Бенжамин А. ван дер Вин жазса, тарихи кеңесші рөлін Әміре Қашаубаев туралы бірнеше еңбектің авторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім атқарады. Басты рөл отандық әртіс Санжар Мәдиевке бұйырса, Мұстафа Шоқайдың рөлін Еркебұлан Дайыров сомдайды. Шетелдік әртістерден британиялық Бен Алдридж және Эбби Корниш өнер көрсетеді.
Қазір түсіру жұмыстары Латвияның Рига қаласында өтуде, ал қыркүйек айында Алматыда жалғасады. Туындының әлемдік тұсаукесері келесі жылға белгіленіп отыр.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button