ЖаңалықтарМәдениет

ӘН АРҚАУЫ – ТУҒАН ЕЛ

«Астана» концерт залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әнім сенсің, туған ел!» концерті өтті. Елордалық мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырған кеште туған ел мен жер туралы қазақ композиторларының шығар­малары орындалды.

_nik5060

Концерт филармонияның Қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жа­йымов, дирижері – ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) орындауында Бекболат Тілеухан мен Айтқали Жайымовтың «Тарих толқынында» шығармасымен ашылды. Әрі қарай да осы өнер ұжымы Сержан Қанапияновтың «Дархан дала», Мұратхан Егінбаевтың «Туған елім – туған жер», Секен Тұрысбектің «Ұлы дала», Нұрлан Бекеновтің «Шаттан, елім» сынды туындыларын көрерменге тарту етті. Кенжебек Күмісбековтің «Дос жайлауы сусамыр» шығармасы кештің мазмұнын байытты. Осы автордың «Арман» әнін Жексен Нұржауов шалқытты.
Сондай-ақ, Зульфия Баймырзаева Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем саған, туған ел», Нұрбол Балапанов Теміржан Базарбаевтың «Ауылым» әндерімен жиналған халықтың құлақ құрышын қандырды. Нұрай Танабаев, Данияр Мұқан және Жалғас Сұлтан Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау», Қияқбай Асанбаев «Өз елім» шығармаларымен көрерменнің көңілін аспандатты. Жанат Шыбықбаев камералық хормен бірге Нұрағаның «Туған жер» туындысын жаңғыртты. Сонымен қатар, бұл әнші Сламқожа Қарақыстақтың «Қазақстан» шығармасын орындады.
Әбілахат Еспаевтің «Туған ел» шығармасын Перизат Тұрарова шырқады. Осы аттас, баршамызға таныс туынды композитор Өмірбек Байділдаевта да бар. Бұл әнді Дихан Ильяшев орындауында естідік. Қазақ әндеріне жазылған Арман Жайымның «Фантазия» шығармасы көрерменнің қиялын шарықтатты.
Бибігүл Жанұзақ пен Нұрбол Балапа­новтың дуэті Ермұрат Үсеновтің «Астана» әнімен кештің әрін кіргізді. Секен Сыздық Кентау Назарбектің «Туған жер» туындысын салды.
Қасиетті мерекеміз – Тәуелсіздік күніне арналған концерттен көрерменнің көңілі көтеріліп қайтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button