Әлеумет

Ән қанатындағы дәрiгер

Ән – көңiлдiң ажары. Ән – адамның жан-дүниесiнiң, көңiл-күйiнiң хабаршысы. Өнер жолын қуып, әншiлiктi кәсiп еткендер болмаса, адамның дауысы көңiл-күйi мен iшкi жан тебiренiсi өз күйiне түскенде ғана ашылып сала бередi. Ән айтуға адамның бүкiл ағзасы қатысады делiнетiнi де сондықтан.
Ағза демекшi, адам ағзасына түрлi оталар жасап, алдына көмек сұрай келгеннiң денсаулығын жақсарту мұратын арқалаған Серiк Тоқпанов – әуесқой әншi де. Сол себептi, оны былайғы жұрт хирург-дәрiгер әрi әншi деп бiледi. Жасынан ән айтуға құмар болып, есейе келе дәрiгерлiк жолды таңдаса да, Серiк Имақұлы өз бойындағы өнердi өгейсiткен жоқ. Талай сахнаның шаңын қағып, әуездi әндерiмен тыңдарман халықтың құлағының құрышын қандырды. Бұрындары бiрнеше рет бүкiлодақтық және республикалық конкурстарға қатысып, лауреат атанды. Қазақтың жезтаңдай әншiлерi Ермек Серкебаев, Бибiгүл Төлегенова, Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Әлiбек Дiнiшевтермен бiрге бiр бағдарламада ән салып, көптiң көзайымына айналды.
Өткен ғасырдағы ретро әндердi жанымен сүйiп орындайтын ол жақсы дүниелердiң iздеушiсi де болған. Мәскеуге арнайы барып, Арно Бабаджанянның баласы Араиктен әкесiнiң мұраларын сұрап алып, көпке онша тарай қоймаған әсем әндердiң халыққа жетуiне мұрындық болған.
Осыдан бiрер жыл бұрын ғана Астанада жеке кон¬цертiн берген ол эстрадалық-симфониялық оркестрiнiң сүйемелдеуiмен жиырмадан астам ән орындаған едi. Өзiнiң кiлең сұрыпталған әсем әндерге негiзделген, бай, мазмұнды репертуарымен елiмiздiң әр аймағына барып, концерттiк бағдарламасын ұсынуды да ұмыт қал¬дыр¬маған. Көбiнесе Астана қаласы Мемле¬кеттiк филар¬мониясы симфониялық оркестрiнiң көркемдiк жетек-шiсi, бас дирижерi Қанат Ахметовпен шығармашылық байланыста.
Серiк Тоқпанов ән салып, өзiнiң iшкi рухани сұра¬нысын қанағаттандыруды ғана мұрат етпейдi. Сөзiмiздiң бiр айғағы, жуырда Алматыда белгiлi композитор, пианист, КСРО халық әртiсi Арно Бабаджанянды еске алу концертiн де ұйымдастырды. Оған Ермек Серкебаев, София Ротару, Сергей Давидян, Рашид Бейбутов, Иосиф Кобзон, Роза Рымбаева секiлдi атағы аспандаған отандық және ресейлiк әншiлердi қатыстырды.
Сахнаның сәнiн келтiрiп, әнiн айтып, бала күнгi арманын iске асырған Серiк Тоқпанов өзiнiң бiлiм алып, тетiгiн игерген негiзгi мамандығын да ақсатпаған. Бұл сала бойынша Медицина ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сiңiрген қайраткерi атанды.
«Әу демейтiн қазақ жоқ» деймiз. Алайда, дәрiгер Серiк Тоқпанов жәй ән салып, жүрген ортасын әнге бөлеген көптiң бiрi емес. Ол – дауысының тембрi мен қуаты, орындау шеберлiгi жағынан кәсiби әншiлердiң бiразын жолда қалдыратын нағыз әншi.
Бүгiн бiз үшiн саясаткердiң, актер, режиссерлердiң, ақын, жазушы, журналистердiң, тiптi, спортшылардың да ән айтқанын көру таңсық емес. Алайда, дәрiгердiң сахнаға шығып, нақышына келтiре ән салуы – сирек жағдай. Ән айтуға адамның барлық ағзасы қатысатыны рас болса, Серiк Тоқпановтың бұл тұстағы әншiлiк шеберлiгiн өнердi жан-жүрегiмен сүйгендiгiмен ғана түсiндiруге болатын секiлдi.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button