Қоғам

Ана – гүл, ана – өмір шырағы

Астанада мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Аналар күніне орай көптеген мерекелік іс-шара өтті. Елорданың әр ауданында рухани-танымдық кездесулер мен қойылымдар ұйымдастырылды.

Елордалық Достық үйінде арт-терапия форматындағы «Ана – гүл, ана – өмір шырағы» атты рухани-танымдық іс-шара өтті.

Аналар күніне арналған мерекелік басқосуға елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы аналар кеңесінің мүшелері, Алматы ауданы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының шеберлері мен «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорына қарасты ерекше балалары бар 20-дан астам отбасы қатысты. Олар шеберлердің көмегімен сурет құрастырып үйренді. Сонымен бірге концерттік және ойын-сауық бағдарлама ұсынылып, балалар мен олардың аналарына сыйлық табысталады.

Қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының қызметкері Гүлнәр Тайгокова сөз сөйлеп, елімізде алғаш рет өтіп отырған халықаралық мерекенің тарихымен таныстырды.

– Біздің орталықта қариялар неше түрлі ісмерлікпен айналысады: тігін тігеді, киім пішеді. Міне, бүгінде белсенді қарттарымыз балаларға да қолғабыс көрсетіп жатыр. Олар шеберлік сағатына қатысушыларға сурет құрастыруға көмектесіп, сол арқылы кішкентайлардың моторика қабілетін шыңдауда, – деді Алматы ауданы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының іс-шаралар ұйымдастырушысы Бақытжан Төлеубаева.

***

Ататүрік саябағында «Анаммен табиғат аясында» атты аналарға арналған іс-шара өтті. Ашық аспан астында сурет салу бойынша шеберлік сабағы, йога сабағы, көңілді старт форматындағы спорт жарысы ұйымдастырылды. Іс-шараны Байқоңыр ауданының әкімдігі ұйымдастырса, «Strong mothers NS» қоғамдық қоры қолдау көрсетті.

– Іс-шараның мақсаты – аналар мен олардың балаларын ғана емес, бүкіл отбасын біріктіру. Шуақты күнде ардақты аналарымыз өз уақытын балаларға арнайды. Осындай жақсы іс-шараларды өткізу отбасын да, жалпы қоғамды да нығайтады. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың одан әрі ұйымшыл және біртұтас болуына ықпал етеді, – деп атап өтті қор басшысы Райгүл Серікбаева.

Іс-шара соңында қатысушылар үшін пикник және фотосессия ұйымдастырылды.

***

Есіл ауданы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қала кәсіпкерлерінің демеушілігімен Аналар күні мерекесі аталып өтті. Жиында мерекенің мән-маңызы әңгіме өзегіне айналды. Орталық қызметкерлері «Батыр ана», «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне құрмет көрсетіп, олардың ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына қосқан үлесін атап өтті, «Аналар әлемі» көрмесі ашылды, жиналғандарға «қолөнер-тоқыма» шеберлік сабағы өткізілді.

Орталық көркемөнерпаздары даярлаған концертте шырқалған барлық ән ана тақырыбына арналды. Қала зейнеткерлерінен құралған «Асыл мұра» домбырашылар оркестрі, «Ветераны» хоры мен «Сағыныш сазы» ансамблі, басқа да өнерпаздар өнерін ортаға салды.

***

Астана қаласы Нұра ауданы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Ана – өмірдің тірегі» атты мерекелік іс-шара өтті.

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері шақырылылған мерекелік іс-шараны Нұра ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бөлім басшысы Мұрат Темірболатов ашып, аналарды мерекемен құттықтады. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне орталықтың атынан сыйлық беріп, гүл шоғын табыстады. Аналарды құттықтау үшін Астана қаласы Ы.Алтынсарин атындағы Binom мектеп-лицейінің 7-сынып оқушылары келіп, аналарға арнаған өлеңдерін оқып, күй тартты.

«Біздің орталықтың белсенді мүшелерін, алтын құрсақты аналарымызды құрметтеудің сәті түсті. Кенже Жылқыайдарова, Жұмақыз Дәуренбекова, Жанаргүл Қалибек «Алтын алқа» иегері болса, Алтын Төлесінова – «Күміс алқасы» бар ана. Оларды құрметтеу арқылы отбасы құндылығын дәріптейміз, отбасы институтының іргесін мықтаймыз» дейді Нұра ауданы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастырушысы Ләззат Өтеғұлова.

Ұйымдастырушылар мерекелік көңіл күй сыйлаған іс-шараға демеушілік көрсеткен «Шар құрылыс» ЖШС компаниясы мен «Oyu» гүлдер дүкеніне алғыс білдірді.

***

«Мадрид» тұрғын үй кешенінің кішкентай тұрғындары аналарына арнап ерекше флешмоб пен шығармашылық нөмірлер ұйымдастырды. Өз кезегінде аналар балаларға сүйікті тағамдарынан дастарқан жайды.

«Ана болу – үлкен бақыт! Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен – аналар. Аналарды, әжелерді барлық елде тойланып жатқан аналар мерекесімен құттықтаймын!» деді көпбалалы ана, әже Баян Тайжанова.

Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы отбасы құндылығын нығайту, ана болудың маңызын ұғындыру, аналарды құрметтеу және олардың қоғамдағы рөлін атап өту.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button