Денсаулық

Ана мен бала үшін алаңдамайық!

Көптен күткен Pfizer екпесі елордаға 12 қарашада жеткізіліп, елімізде жүкті және босанған әйелдер мен он екі жастан асқан балаларға коронавирусқа қарсы екпе салынуда. Қауіпті дерттен қорғануда көш ілгеріміз деп ведомстволық министр жария етті. Енді ана мен баланы да әлем мойындаған екпенің күшімен аурудан қорғаудың қамына кірістік.

[smartslider3 slider=943]

Бірінші кезеңде елордаға америкалық вакцинаның 35 мыңнан астам дозасы жеткізіліп, олардың бәрі арнайы мұздатқыштарға орналастырылды. Бастапқыда екпені БМСК ұйымдарында ғана салу жоспарланған, бірақ елге ыңғайлы болу үшін білім беру мекемелеріндегі медициналық пункттерде жасөспірімдерге екпе салу мүмкіндігі қарастырылды. Мамандар оқытылып, барлық ұсынымдармен танысты. Бұл екпенің алғашқы дозалары халықтың бәрін егуге арналмаған. Тек жүктілігі 16-дан 37 аптаға дейінгі және лактация кезеңіндегі әйелдер, бала емізетін аналар мен 12-17 жас аралығындағы балаларға ғана екпенің осы түрі тегін салынады. Қазіргі уақытта елордада Pfizer вакцинациясын алуға болатын 5 мың жүкті, 28 мың бала емізетін әйел және 63 мың бала бар. Қала бойынша барлығы 90-нан астам вакцинация пункті жұмыс істеп тұр. Жаңа екпенің бір бөтелкесі 6 дозаға есептелген, сондықтан оны алты адамнан топтап салады. Алыстан жеткен екпе алғаш рет елордада 15 қарашада салына басталды. Бірінші болып алуға ниет білдіргендер арасында жүкті әйелдер, емізетін аналар мен балалар да кездес­ті. Қала бойынша бір тәулікте Pfizer препаратын тиісті контингенттен 339 адам алды. Оның ішінде 14 жүкті әйел, 133 бала емізетін әйел және 12-17 жастағы 192 жасөспірім бар.

Жүкті және емізетін әйелге қауіпсіз

Коронавирусқа қарсы екпенің бұл түрі жүкті әйелдер үшін де қауіпсіз дейді мамандар. Негізі мүмкін болса, жүктілікті жоспарлаған әйелдер алдын ала, бала көтерерден 3-6 ай бұрын екпе алса жақсы. Ал екпе алмай тұрып бала көтеріп қойған болса вакцинаны 12 аптадан кейін алу керек. Елордалық дәрігер Анар Қыстаубаеваның айтуынша, вакцинация жүкті әйелдер үшін қауіпті емес, өйткені ол тірі вирус болып есептелмейді. Сол себепті адамның жасушалық аппаратына ене алмайды. Оның негізгі функциясы – антиденелерді дамытуға көмектесу. Қарапайым сөзбен айт­қанда, антиденелер қауіптің тек бір түрін тануға үйретілген қарауылдың рөлін атқарады. Вирус ағзаға енгеннен кейін антиденелер оған қарсы шабуылдайды. Вакцинация ұрыққа ешқандай жолмен әсер ете алмайды. Қазіргі уақытта FDA-дан COVID-19-ға қарсы EUA сертификатын алған үш вакцинаның ішінде Pfizer де бар. Оның құрамында мРНК молекуласы бар. Адам ағзасында бұл молекулалар иммундық жүйемен танылып, оларға қарсы антиденелер шығарылады екен.          Бұл вакцина тірі емес, сол себепті сүт арқылы берілуі немесе бала жолдасы арқылы берілуі мүмкін емес.

Балаларға да қаупі жоқ

ДДҰ 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді «Пфайзер» компаниясы вакцинасымен вакцинациялау­ды ұсынды. Бүгінгі таңда Израиль, Франция, Италия, Испания, Германия, Бразилия, Қытай, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ, Аргентина және т.б. сияқты көптеген дамыған елдердің билігі осы вакцинамен балаларды осы дертке қарсы егу науқанын бастады. АҚШ бұл екпені 5 жастан бастап егуге де рұқсат еткен. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айжан Амангелдиеваның айтуынша, дәрігерге барған кезде баланың созылмалы аурулары асқынып тұрса, дене қызуы көтерілсе немесе басқа да симптомдар болған жағдайда қарсы көрсетілімдерге кіргізіледі. Cонымен қатар осы вакцинаның құрамына кіретін компоненттерге аллергиясы бар болған жағдайда қарсы көрсетілім болып саналады. Жасөспірімдерді вакцинациялау білім беру ұйымдарының егу пункттерінде жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинацияны емханаларда жеке тәртіппен жүргізуге жол беріледі. Кез келген профилактикалық егу ата-аналардың вакцинацияға берген ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі.

Қалай әсер етуі мүмкін?

Нұржан СҰРАҒАНҚЫЗЫ, №1 емхана педиатры:

«Өндіруші ұсын­ған ақпаратқа сәйкес кейбір екпе алғандарда «Кэмернити» вакцинасы мынадай реакциялар тудыруы мүмкін: инъекция орнының ауыруы, ісінуі, шаршай беру, бастың және бұлшықеттің, буындардың ауыруы, қалтырау, диарея, қызба, инъекция орнының қызаруы, жүрек айну, құсу жиі (10%-ға дейін) болады. Ал лимфа түйіндерінің ұлғаюы, дімкәстік, қолдың ауыруы, ұйқысыздық, инъекция орнының қышуы сирек (1%-ға дейін) кездеседі. Бөртпе, есекжем сияқты аллергиялық реакциялар беруі өте сирек (0,1%-ға дейін) болады».

Екпеге неге мектеп таңдалды?

     Мектеп біріншіден, салауатты орта саналады. Екіншіден, оқушылар өздеріне таныс ортада вакцинацияны психоэмоционалдық жағынан жеңілірек қабылдайды. Сонымен қатар ата-ана баласын емханадағы екпеге апарам деп  жұмыстан сұранып жүрмейді. Бірақ олар өз қалауымен баласының мектепте екпе алу сәтіне куә бола алады. Мектепте екпе алудың тағы бір артықшылығы  – аш қарынға вакцинация жүргізбеу үшін жасөспірімдерді алдын ала тамақтандыру мүмкіндігі болады. Оқу орындарының педагогтары мен медицина қызметкерлері өз мектебіндегі баланы жақсы біледі.

Кэмернити қаншалықты сенімді?

«Пфайзер» компаниясы шығарған «Кэмернати» вакцинасы Қазақстанда  уақытша мемлекеттік тіркеуге алынды. Вакцина төтенше жағдайларда қолдану үшін ұсынылған ДДҰ-ның тізіміне енгізілген. Аталған ұйымның аралық деректеріне сәйкес 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің қатысуымен клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі осы жас тобы үшін вакцинаның жоғары тиімділігін және қауіпсіздігін көрсетті, бұл алдыңғы жас көрсеткіштерінің 16 жастан бастап және одан үлкен, 12 жасқа дейін және одан үлкен жасқа кеңеюіне алып келді.

Вакцинадан кейінгі бақылау

Медициналық бақылау екпе салғаннан кейін алғашқы 30 минутта жүргізіледі. Бұл ретте медициналық бақылау жүргізуге арналған үй-жайда әлеуметтік қашықтықты сақтау ескерілетін болады. Кейіннен медициналық бақылау келесі 3 күн бойы егілген жасөспірімдердің ата-­аналарына немесе заңды өкілдеріне қоңырау шалу арқылы жүргізіледі. Бұл ретте медициналық бақылау мектепте де, тіркелген жері бойынша медициналық ұйым тарапынан да болады.

Иммунитеті жеткілікті болса ше?

Коронавирусқа қарсы вакцина егілген адамға осы инфекциядан қорғайтын қосымша арнайы иммунитет болып қосылады. Өкінішке қарай, табиғи иммунитет инфекция­ларға үнемі қарсы тұра алмайды, нәтижесінде екпе алмаған адамдарда ауру жұқтырған кезде сырқаттанудың және  асқынулардың пайда болу қаупі жоғары болады. Ауруға қарсы иммундаудан кейін ауыр қолайсыз көріністердің тіркелуі іс жүзінде нөлдік деңгейде. Басқа елдерде тіркеліп жатқан вакциналардың енгізілуіне күтілетін реакциялар ауыр реакцияларға жатпайды, жиілігі жол берілетін көрсеткіштер шектерінде.

Құрамында не бар?

«Кэмернити» вакцинасына арналған нұсқаулыққа сәйкес 1 дозада (0,3 мл) мРНҚ негізіндегі, яғни липидті нанобөлшектерге инкапсуланған COVID-19-ға қарсы 30 мкг бар. Сонымен қатар қосымша заттар – кремдерде, сусабындарда кездесетін полиэтиленгликоль едәуір үлкен көлемде болады, сондай-ақ сахароза, натрий хлориді, калий хлориді және басқалары болады. Вакцинаның құрамында бір дозаға кемінде 1 ммоль калий (39 мг) және натрий (23 мг) бар, яғни олардың құрамы шамалы ғана. Вакциналарда организмде бедеулік немесе мутациялық процестер сияқты ұзақ мерзімді жағымсыз салдарларға әкелетін компоненттер жоқ. Вакциналардағы кез келген заттар халықаралық нормативтерге сәйкес организм үшін қауіпсіз концентрацияларда болады.

Бас тартса не болады?

Жазира ӘСКЕРБЕКОВА, №1 көпбейінді қалалық аурухана жас нәрестелер патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі:

«Баласына вакцина салдырудан бас тарта отырып, ата-ана өз баласын БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясында және «ҚР-дағы бала құқықтары туралы» заңда айқындалған, Қазақстан Республикасының Конституциясының 29-бабында кепілдік берілген денсаулықты қорғау құқығынан айырады және оның вакцина күшімен ғана жеңуге болатын инфекцияларды жұқтыру қаупін күшейтеді, балаларда коронавирус ауруының қаупін және ауырғаннан кейінгі асқынулардың (Кавасаки синдромы) асқыну қаупін едәуір арттырады».

Алдын ала тексеру маңызды

Вакцинация жүргізу алдында медицина қызметкері артериялық қысымды, сатурацияны, температураны өлшей отырып, жасөспірімге медициналық қарап тексеру жүргізеді, тері жабындары мен көрінетін сілемейлі қабықтарды қарап тексереді және жалпы жай-күйін бағалайды. Шағымдар мен клиникалық көрсетілімдер анықталған кезде жасөспірім қосымша зертханалық-аспаптық зерттеулерге жіберіледі. Көрсетілімдер бойынша салалық мамандардың консультациясына жіберілуі мүмкін.  Профилактикалық егуді жүргізу алдында жалпы практика дәрігері немесе педиатр, дәрігер болмаған кезде фельдшер егілетін адамды медициналық қарап  тексеруді жүргізеді, иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған кезде егілетін адамның медициналық құжатында егу жүргізуге рұқсатты ресімдейді, егілетін адамға немесе оның ата-анасына немесе заңды өкіліне профилактикалық егу, иммундаудан кейінгі ықтимал реакциялар мен қолайсыз көріністер, екпеден бас тарту салдарлары туралы толық және объективті ақпарат береді.

Төлқұжат қайда жүктеледі?

Вакцинациядан кейін жасөс­пірімдерде де вакцинация паспорты жасалады. Электрондық вакцинация паспортын «eGov mobile» мобильдік қосымшасынан жүктеуге болады. QR-коды бар қағаз тасығыштағы КВИ-ге қарсы вакцинация туралы анықтаманы тұрғылықты жеріңіз бойынша медициналық ұйымнан ала аласыз.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button