Басты ақпаратДенсаулық

Ана мен баланың алқаушысы

Зайтуна Хамидуллинаның есімі астаналықтарға етене таныс. Ол – еліміздің жетекші акушер-гинекологы, медицина ғылымдарының кандидаты, PhD докторы. Медицина саласында жүрген 40 жыл ішінде қаншама әйелді аман-есен босандырды. Бүгінде Астана медицина университетінің №1 Акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі.

Зайтуна Ғаділқызы 1959 жылы Семей қаласында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. Бұл отбасының жақын туыс­тарының бірі атақты пульмонолог болған екен. Зайтунаның медицина саласын таңдауына сол кісі ықпал еткен көрінеді. Зай­туна Ғаділқызы медициналық техникумның акушерлік бөлімін бітіріп, төрт жыл акушер болып жұмыс істеген. Содан кейін Семей медициналық институтында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары білім алды.

Акушер-гинеколог мамандығының бірегейлігі сол, ана мен бала өміріне тікелей жауапты. Зайтуна Ғаділқызы қажырлы еңбегінің арқасында ең ауыр босануды қабылдайтын маман болды. Ол акушерлік-гинекологиялық оталардың барлық түрлерін жетік меңгерген. Айтуынша, жастық шағының көбі ауруханаларда кезекшілікте өткен. Бірінші талап бойынша, яғни адам өмірін сақтау үшін санитарлық авиациямен үнемі аудандарға аттанып отырған.

Білікті дәрігер 35 жасында Семей қалалық перзентханасының перзентхана бөлімін басқарған, ал 39 жасында мекеме директорының орынбасары болды. 2007 жылы Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының перзентхана меңгерушісі қызметіне шақырды.

«2007 жылы елордаға қоныс аудардым. Дәлірек айтсам, еңбек жолымды Астана қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында жалғас­тыруға мүмкіндік туды. Мұнда акушерлік блоктың жетекшісі болдым. 2011 жылдан бастап елорданың №1 перинаталдық орталығы директорының орынбасары қызметін атқардым, ал 2014 жылы №3 Перинаталдық орталықтың бас дәрігері лауазымына тағайындалдым. 2019 жылдан бастап Астана медицина университетінде кафедра меңгерушісімін» дейді ол.

Елорданың көпсалалы перинаталдық орталығын басқарған 8 жыл ішінде бірде-бір ана өлімі тіркелмеген. Бұл – медициналық басқарудағы өте жоғары кәсіби деңгейінің айғағы. Әлі де елорданың босандыру мекемелеріне консультативтік және шұғыл көмек көрсетеді. Ол кез келген уақытта – түнде, демалыс немесе мереке күндері шұғыл жағдайда шақырту түскен мекемелерге көмекке барады. Одан бөлек резидент студенттерге кеңес береді, оқытады, ғылыми жұмыспен айналысады. Оның монографиялары   еліміздің медициналық жоғары оқу орындарына енгізілген. Ал шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде табысты еңбек етіп келеді.

Бар ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған ақ халатты абзал жанның ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне қосқан үлесі еленбей қалмады. Бүгінде «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Құрмет» орденімен марапатталған.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button