Президент пәрмені

АНА ТІЛДЕ АТА-БАБА СЫРЫ БАР

Қазақ тілінің көптеген сөздері біздің ұлттық ойындарымызға қатысты дамып отырғанын білеміз. Көне түркі ойын­дары­ның бірі – асық ойынын ойнамаған бала жоқ шығар, сірә. Екі тіземіз ойылғанша жатып алып ойнайтын осы ойын түріне кейде қариялар қарсылық білдіретін. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де құйрық жеп, мал баққан озар» дейтін. Дойбы, шахмат, жеті тас секілді ойындар – бала үшін ең пайдалы ойындар ғой. Мысалы, «төрт тас» ойынының хас шеберін «көз мерген» деп атаушы едік. Ал, асау аттың ауыздығымен алысып, ауыздығын қарш-қарш шайнаған асауға тұсау болған шабандоз жігітке разы болған жасы үлкендер «бала күнінен тақымын тайға бекіткен екен, нағыз жігіт осындай болса керек» деп көкпаршының бағасын асырып отырушы еді. Осының бәрі қазақтың ұлттық ойындарына қатысты сөздер. Ал, бүгінде осы сөздерді жиі естімеуіміздің бірден-бір себебі – ұлттық ойындарымыздың дәріптелмеуінде.

Осы орайда ұлттық ойындарымызды насихат­тауға өзіндік үлесін қосып жүрген «Асық ату» ұлттық федерациясының президенті Мұрат Әбенов ағамыз былай деп еді: «Біздің дәстүрімізде көп нәрсе шаруашылықпен байланысты, алайда, ол да қазір жойылып бара жатыр. Сол сияқты тіл де жұтаңдануы мүмкін. Олай дейтінім, мен саятшылыққа қызығып, бүркіт салып, аңға шықтым. Зерттеп қарасам, қазақта бір ғана бүркітке қатысты 1500 сөз бар екен. Тек жасына қатысты 20 шақты атауы кездеседі. 12 жасқа дейін жас атаулары келеді де, содан соң қосымша атауларға жалғасады. Оның тамағы, жабдықтары қаншама? Қазақта бүркітшілер азайған себепті бүркітке қатысты сөздердің бәрі жоғалып бара жатыр. Демек, ұлттық ойындарымызды дәріптеу, дамыту біздің тіліміздің, мәдениетіміздің сақталуына бірден-бір септігін тигізеді.

Қазіргі тіліміздің жай-күйі жаныңды жабыр­қатады. Тілімізді жетік білмек өзіміз үшін екенін біле тұра, бөтен сөзбен былғап біттік. Маған ауылда болған мына бір жағдай қатты әсер етті. Ауылға досымның тойына барған едім. Үйге келген қонақтар ет түсіп, ас-су ішкен соң әңгіменің басын қазақ тіліне бұрды. Жаға­лай отырған жамағаттың ішінен жасы үлкен қария тіліміздің шұбарланып бара жатқанына жастарды кінәлай бастады. «Екі сөздерінің бірі қыстырма сөздерден тұрады. Тілімізді шұбарлап болды. Бүйткен жастары бар болсын», – деп бір қағытып өтті. Енді бірі:
– Ол тек жастардың кінәсі емес, бәріміздің де басымызда бар жағдай, – деп жастарды жақтағысы келді. Пікірталас ұзаққа созылмай, бәрібір мәмілеге келді. Кімде-кім өзге тілден енген сөз айтатын болса, ортаға 50 теңгеден салып отыратын болып шешім қабылданды. Не керек, бас-аяғы екі сағаттың ішінде ортадағы ақша 10 мың теңгеге жетіп қалыпты. Мұны көрген ағамыз­дың бірі «Жетер, тоқтатайық, қалтамыз қағылып бітті», – деді. Осы кезде көпті көрген көнекөз ақсақалымыз: «Қал­таңнан 100 теңге шық­қанына қиналасың, ал, қазақ тілін бөтен тілмен шұбарлап сөйлеудің шекарадан жау кіріп кеткендей болатынын сендер білесіңдер ме?» дегені. Жұрт сілтідей тына қалды. Ең қызығы, тіл тазалығын сақтауды насихаттап, тіл «жанашырымын» деп жүрген менің өзім қалтамдағы біраз тиынымды ортаға тастағанымды байқамай қалыппын».
Айтса айтқандай, кейінгі кезде тілді шұ­барлап сөйлейтін ұрпақ көбейіп барады. Бір өкінішітісі сол, мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын болып алдық. Туған тілін түсінбей тұрса да, таңданбайтын халге жеттік. Осы бетімізбен кете берсек, тіліміздің «шекарасынан» өтіп кеткен өзге тілдердің оған қауіп төндірмесіне кім кепіл? Ал, тілге қауіп төнсе, елдігімізге, тәуелсіздігімізге де қауіп төнері анық.

Тіл деген үлкен майдан болса, әр қазақ сол майданның алдыңғы шебінде жүруі керек. «Отан отбасынан басталады» демекші, тым болмаса өз отбасымызда, жүрген ортамызда тілдің шұбарлануына жол бермесек, тіл тазалығы үшін ашқан ұлы майданымыз сол болар еді.

Мұхтар ТҰРТАЙҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button