Басты ақпарат

АНА ТІЛДІҢ АЙБЫНЫН ТАНЫТТЫ

Астанада дәстүрлі түрде өтетін Қазақстан халқы тілдерінің XІV қалалық фестивалі бейсенбі күні мәресіне жетті. Бір ай бойы мемлекеттік тілдің шашбауын көтеріп, ұлттық рухты серпілткен фестиваль аясында 300-ден астам шара ұйымдастырылып, оның 70-ке жуығы ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына арналыпты.

22 тамыз күні «Тіл – аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз!» деген атпен салтанатты түрде ашылған фестиваль шеңберінде «Жүректің сөзін сөйле, тіл!» атпен Абай оқулары, «Қазақша сөйлейміз, ойнаймыз!» балалар мерекесі, «Үздік жексенбілік мектеп», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқаулары, әдеби-музыкалық «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» , «Тағдырым – тілімде, сырым – күйімде!» сынды қазақ тілінің мерейін асырған көптеген кештер ұйымдастырылды. Күні кеше Еуразия ұлттық университетінде белгілі ғалымдардың басын қосып, келелі әңгімеге арқау болған «Ахмет Байтұрсынұлы: қайраткер аманаты және ұлт мұраты» тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференция да фестиваль аясындағы ірі шаралардың бірі. Бұдан бөлек, елорданың түкпір-түкпірінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған дөңгелек үстел жиындары, алқалы басқосулар, пікір алмасулар өткен.

Қалалық Тілдерді дамыту басқармасы өкілдері фестивальге балабақшадан бастап, мектептер, жоғары оқу орындары, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер белсене қатысқанын айтады. Олар, әсіресе, Алматы ауданы әкімдігінің еңбегін айрықша атап отыр.

Оқушылар сарайында өткен фестивальдің жабылу рәсімінде елімізге еңбек сіңірген қайраткер Әбиірбек  Тінәлиев, республикалық байқаулардың лауреаттары Перизат Тұрарова, Құрмаш Ыбышевтар әннен шашу шашса, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртістері Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік қырынан сыр шертетін көрініс қойды. Жұртшылық алдында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауының жеңімпазы – Астана қалалық соты қызметкерлері де өнер көрсетті.

Жыл сайын қыркүйек айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін Қазақстан халқы тілдерінің күніне орайластырылған XІV қалалық фестивалін қорытындылаған ұйымдастырушылар ауқымды шараға белсене қатысқан мекеме басшыларын алғыс хатпен марапаттады.

Тіл фестивалінің жабылу рәсіміне жиналған жұртшылықтың арасында жастардың қарасы көп болды.Тіпті балабақша жасындағы балдырғандарды да көзіміз шалды. Мұндай шаралардың адамның сана-сезімін серпілтіп, ұлттық рухын оятуға көмегі көп екендігін ескерсек, оған жастардың көптеп келуі құптарлық іс. Өскелең ұрпақтың санасына жастайынан «сен – қазақсың, сенің ана тілің – қазақ тілі» деген ұғымды сіңіре білсек, келешекте ұлтжанды азаматтардың тәрбиеленіп шығуына үлес қосарымыз анық.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button