Ана тілін ардақтаған ақындар мүшәйрасы

Елордада «Тіл – халық мұрасы» атты Қазақстан халқы тілдері қалалық фестивалі аясында «Өлең – сөздің патшасы» деген атаумен ақындар мүшәйрасы өтті. Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалы бірлесіп ұйымдастырған өлең-жыр додасына бүгінде поэзия әлемінде өз орны бар белгілі ақындар қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, поэзия кешінің негізгі мақсаты – елордадағы жазба ақындардың ана тілі туралы жырларын көпшілікке таныту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Жыр бәйгесінде елордалық үздік 14 ақын өз шығармашылығын дүйім жұртқа паш етті. Олардың қатарында – Олжас Қасым, Батырхан Сәрсенхан, Ботакөз Мұхиден, Біржан Ахмер, Арман Шеризат, Айдана Сегізбаева, Бекзат Құлшар, Дәулет Телман, Айдын Байыс, Аян Мейраш, Алпамыс Файзолла, Айзада Рақымжанова, Абзал Мақаш және Ажар Ерболған болды. Кезегімен сахнаға көтерілген ақындар ана тілімізді дәріптейтін төл туындыларын оқып, көрермендер жүрегін жалынды жырларымен тебірентті. Оқылған өлеңдердің арасынан ең үздіктерін анықтау үшін кеште ақын, ҚР Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, ЕҰУ қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазин және ақын, әдеби «Алаш» сыйлығының иегері Танакөз Толқынқызы қазылық етті.
-Бүгін өзі бұл мүшәйраға ылғи мықтылар жиналған екен. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, өлеңнің тақырыбына, мазмұны мен құрылымына қарап, арасынан үздіктерді анықтауға тырыстық. Жарыстың шарты солай, дегенмен жаңа ғана алдарыңызға шыққан ақындардың барлығы да – бүгінгі жаңа қазақ поэзиясының қаймақтары. Бірінен бірін оздыру өте қиын. Сондықтан бүгін жүлде алмағандар алда талай жарыстарда бас бәйгені аларына шүбә жоқ. Бүгін өлең жеңді, қазақтың тілінің мәртебесі асқақтады, – деді С. Дүйсенғазин.
Қазылар алқасының шешімімен 200 мың теңгенің сертификатымен бас жүлде жас ақын Айзада Рахымжановаға берілді. Ұлытаудан шыққан ақын – «Меруерт моншақ», «Біз екеуміз», «Алтын тамыр» жыр жинақтарының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты. Бірінші орын мен 150 мың теңгенің сертификатын ақын, «Юник» жыр жинағының, деректі фильмдер топтамасы мен драмалық шығармалардың авторы, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Ажар Ерболған иеленді. Екінші орын 100 мың теңге сыйлығымен жас ақын, «Шабыт» шығармашыл жастар және «Айтұмар» балаларға арналған шығармалар фестивальдерінің лауреаты, республикалық мүшәйралар мен айтыстардың жеңімпазы Айдана Сегізбаеваға табысталды. Үшінші орынға 75 мың теңге сертификатымен бірге ақын, «Саған арнадым» жыр жинағының авторы, бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Аян Мейраш тұрақтады. Сонымен қатар 50 мың теңгенің сертификаты бар Ынталандыру сыйлығына дарынды ақындар – Алпамыс Файзолла, Ботагөз Мұхиден, Бекзат Құлшар, Олжас Қасым ие болды. Қалған 6 ақынға Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы атынан Алғыс хаттар табыс етілді.