Басты ақпаратЕлорда тынысы

«Ана үйі» – мейірім орталығы

Кеше Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі комиссиясының мүшелері «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқаны аясында «Ана үйі» қоғамдық қоры орталығына барып, мейірімділік шарасын өткізді.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл үй бекерден-бекер таңдалған жоқ. Мұнда кішкентай балалары бар 7 жас ана тұрады. Комиссия мүшелері олардың жағдайын сұрап, ақыл-кеңес беріп, сыйлық ұсынды. Сонымен қатар жас аналармен тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу шаралары мен шарттары, сондай-ақ ана болу бақыты туралы әңгімелесті.

– Сіздер анасыздар, құшағыңыздағы балалар – сізге аманат. Ол – сіздің құшағыңыздағы бақыт. Орталықтан шыққаннан кейін қандай қиындық көрсеңіздер де, балалардың аман-есен ержетуі өте маңызды. Егер бізден қандай да бір көмек қажет болса, біз қол ұшын беруге дайынбыз, – деді әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.

«Ана үйі» орталығының іргетасы 2013 жылы қаланған. Бұл орталықта өмірлік жағдайға байланысты балаларын тастап кете жаздаған, ойда жоқта аяғы ауыр болып, тағдыры тәлкекке түскен жас аналарға көмек көрсетіледі. Олар осы орталықта жарты жыл тұрып, психологиялық жағынан көмек алады, орталықтан шыққаннан кейін өмір сүруге қажетті мамандықтарды үйренеді. Тегін, ақша төлемейді. Орталық қоғамдағы қалталы, қайырымды азаматтардың көмегімен қаржыландырылады. Қазір бас шаһарда «Ана үйінің» 2 филиалы бар. Он жылдан бері бұл орталықтан 500-ге жуық жас ана қажетті көмек алған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button