Жаңалықтар

Ана үшін әр перзенті жалғызындай

Үшінші сәбиіммен перзент­ханада жатқан едім. Бізді флю­рографияға түсіруге әкетті де, онда кезек күтіп, көп тұрып қалдық. Туғанына бір-ақ күн болған сә­биімді ойлап, алаңдай бастадым.
– Бірінші балаңыз ба? – деді бір келіншек.
– Жоқ, үшінші балам.
Ана келіншек жақтырмай сөйледі:
– Бірінші балаңыз құсап уайымдап тұрсыз ғой…
Содан бері төрт-бес жыл өтіпті.
Одан кейін де перзентханада жаттым. Тағы бір тоғыз ай он күн күттірген періште сәбиімді қолыма алып, пәктіктің иісіне емірендім…
Бірақ, әлгі әңгіме ойымнан кетер болмады.
Біз шынымен бірінші баламызды ғана жақсы көріп, бірінші баламызға ғана мейірленеміз бе? Бала ата-ана махаббатын, қамқорлығын сезіну үшін міндетті түрде тұңғыш немесе жалғыз болуы керек пе?..
Бірінші бала қамқорсыз болып дүниеге келеді де, одан кейінгілер салқынқанды қарым-қатынасқа дайын болып туа ма екен?..
Ал өз құрсағынан туған балаларына махаббатын жеткізе алмаған аналарды Алла, тіпті, кейін сәбидің өзі кешіре ала ма?..
Жоқ. Меніңше, балаңды жақсы көру үшін оның жалғызың болуы міндетті емес.
От тамызық алып, тұтатқан сайын лаулап жана түседі. Ана махаббаты да сондай. Сөнбейді.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button