Мәдениет

Анадан қалған аманат

Астанада «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі мен ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Қолөнершілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» атты жеке көрмесі өтті.

Ұлы Дала мәдениетінің мұрагері – қазақ халқының ұлттық киім-кешегінің тарихымен таныстыру және жас ұрпаққа дәстүрлі киім үлгілерін насихаттау, өскелең ұрпақ арасында қазақы салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту арқылы жастарды отансүйгішке тәрбиелеу, жат ағымдардың ықпалында кетуден арашалау мақсатында өткізілген бұл мәдени іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ айырықша қолдау көрсетті.

– Бүгін біз ұлы дәстүрімізді жаңғыртып, халқымыздың рухани және мәдени мұрасының тереңдігін паш ететін ерекше мәдени іс-шараның куәсі болып отырмыз. «Шебердің қолы ортақ» дегендей, бүгінгі көрме ұлттық киім-кешегіміздің бірі және бірегейі болған кимешекке арналып отыр. Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеп, тынбай еңбек етіп жатқан ұйым­дар, бірлестіктер де аз емес. Солардың бірі – «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі жыл сайын қала әкімдігімен бірлесе отырып дәстүрді дәріптейтін ауқымды іс-шаралар өткізіп келеді. Бұл – біздің руханиятымызға және мемлекеттік тіл мен дәстүрге деген қамқорлығымыздың бір көрінісі. Қазір қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан киім-кешек мәдениетін кері сырып, өз мәдениетінен жеріп, өзгенің киім-кешегін киіп, соны дәріптеп жүргендер де жоқ емес. Сондықтан, ұлттық мұрамызды жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын жалғаған бүгінгі көрмеге сәттілік тілеймін, – деді қала әкімнің орынбасары Есет Байкен.

– Ұлттық мәдениетінен ажыраған халық ұлттық болмысынан, тек-тамырынан қол үзіп қалады. Қазақ халқының қолөнері ұлт тарихымен қатар дамып, өркендеп келеді. Ұлттық киім – ұлттың бет-бейнесі, ұлттық мәдениеттің жарқын көрінісі. Оның эстетикалық, қоғамдық-­идеологиялық мән-маңызы да зор. Дейтұрғанмен, ұлттық киім жан-жақты зерттеліп, дұрыс насихатталмағандықтан, кейбіреулер басқа ағымның жетегіне еріп, өзге ұлттың киімін киіп, қазақы құндылығымызды теріске шығара бастады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақтың дәстүрлі киім-кешегін қайта жаңғыртып, оны заманға сай сәндеп киудің маңызы зор деген мақсатпен осы көрмені ұйымдастырдық, – дейді «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, этнолог, тіл жанашыры Тұрар Сәттарқызы.

Көрме аясында ұлттық нақыштағы киімдер түрінен сән үлгісі көрсетіліп, ұлттық киімдердің ою-өрнегі, жас ерекшелігіне қарай қалай кию керектігі жайлы қысқаша мағлұматтар берілді. Кимешек кию мен шылауыш ораудан шеберлік сабағы өткізілді.

Этнографтардың зерттеуінше, кимешектің 16 түрі белгілі, оның 12 түрі орталық музей қорында сақталған.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button