Мәдениет

АНАДОЛЫДАҒЫ НАУРЫЗ АҢЫЗДАРЫ

Анадолы Науруз

Түрік тектес халықтардың он екі жануарлы ежелгі күнтізбесі бойынша 2014 жыл – жылқы жылы. Ол 2002 жылы ғана келген еді, содан бері де бір мүшел (12 жыл) өте шығыпты.
Бұрындары көшпелі оғыз түріктері жыл басын 21 наурыздан санаған. Қазір де терең сырларға толы Анадолы даласының алыс түкпір ауылдарында көнекөз қариялардың таным-түсінігі осындай.

Қысы аязды, жазы аптап шығыс Анадолының күнгей шет-қиырларында тұра­тын ауызы дуалы қариялардың әңгі­ме­леріне қарағанда, «Джемре» деп аталатын және он екі күн мен тағы жарты күнге созылатын уақыт ара­лығында аспаннан үш рет от тү­­седі. Халқымыздың «Джемре түссе, қыс пен көктем бір-бірінен ай­рылады», «Джемре – жаздың хабаршысы» деуі осыдан болса керек.

Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек бо­ранды ақпан айының екінші он­күн­ді­гінде алғашқы Джемре ауаға түседі, яғни, ауа жыли бастайды. Осы айдың жиырма жетінші жұлдызында екінші Джемре суға түседі – су жылиды. Жыл аяғында, наурыз айының бесі күні соңғы Джемре жерге түседі, содан кейін жер жылиды. Осы кезде жер асты мен үстіндегі шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа жыбырлай бастайды!

Науруз Анадолы

Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүр ізімен ата-аналарымыз наурыздың алғашқы апталарынан бастап үй ішіндегі жиһаз, мүліктің шаңын қағып, жуады. Әсіресе, құрамында мысы бар ыдыс-аяқтарды қалайышыға беріп, тазалатады. 20-21 наурыз түні үйдегі барлық қалайылы ыдыс атаулыны, табақтарды кәусәр бұлақ суына толтырады. Оларды үйдің ауласына жауын-шашынсыз, ашық аспанды күні ай мен жұлдыз сәулесінің нұры түссін деген ниетпен игі тілектер айтып таң қылаң бергенше қояды.

«Жыл бойы ақ мол, дән тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп осы суға бидай, тары, арпа, сұлы, жасымық, нұт сынды дәнді дақылдар мен мол ет салып, ас дайындайды. Таза қалайылы ыдыс-табақтарды аққа (сүт, йоғұрт, айран, сүт, сүтлаш т.б.) толтыру дәстүрі де бар. «Су – жасың, ас – үлкенің» дегендей, бұл дәмді алыс-жақын ағайынға, көрші-қолаңға, келімді-кетімді жолаушыларға сый-құрметпен жіберу ғұрпы да сақталған.

Наурыз түні ауыл бойжеткендері үлкен бөлмеге үш шам жағып, өздеріне «Бақыт құсын қондыру» тілегін айтқан.

Күнгей-шығыс Анадолы аңыздары мен әңгімелерін егжей-тегжей білетін көзі қарақты қариялардың айтуынша, есте жоқ ескі замандардан бұл күні жер жүзінде су қозғалыссыз тоқтайды екен. «Наурыздың жиыр­ма бірінде таң қылаң берген сәтте Ұлы Көк Тәңірінің өте қысқа мезетте күн секілді нұрлы жүзі су бетінде көрінеді» деседі. Су «Жүзіңді көрдім» дегендей, тына қалады. Осы күннен кейін жақсылықты, қасиет және құрмет ретінде жаңбыр, қар жауады, мұхит толады.

Кіші Азия даласының құдай ұмыт­қан таулық оңтүстік-шығыс ауыл­дарының көнекөздері былай дейді: «Наурыз – ай десе аузы, күн десе көзі бар, кең маңдайлы, қыпша бел, қос бұрым, сары қолаң шашты, ою-өр­некші бір қыз болып, жеті қабат көк­тің үстінде жатқан. Анадолы ша­рының шығыс бөлігінен түнгі сағат жетіден бастап, күн сәулесі се­без­гілеп атқан таңғы сағат жетіге дейін батысқа қарай аспан жолымен кет­кен. Сондықтан, Анадолы түріктері Нау­рыз түні көктен самал жел ессе аспан­нан нұрдың төгілгені, ырыстың құйыл­ғаны деп ырымдайды. Ол ең таза жел саналады. Осы ырымнан бо­лар, бақытты Анадолы даласында Нау­рыз түні есік пен терезелер ашық болады».

Түрік тектес ежелгі жауынгер тайпалардың арғы аталарынан қалған деректерге сүйенсек, бұл күні ұлы бабаларымыз атының тұяғы жеткен жартасты Ергенеқон таулық өңіріне кіріп, сонда төрт жүз елу жылдай өсіп-өніп, ақырында сыймай, темір тауларды өртеп құлатып шыққан.

Қасиетті Анадолы жерін құша­ғы­на бөлеген Наурыз мерекесі түрік тілді мемлекеттерде әр шаңырақтың ырыс-құты, қуанышына айналуда.
Келген жаңа жыл түрік тілді ха­лық­тарға береке орнатып, бірлі­гімізді одан әрі нығайтқай!

Эрол ГЮНЕЙЛИГИЛЬ,
зерттеуші- түріктанушы, сәулетші,
Газиантеп қаласы, Түркия

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button