ҚоғамҚұқық

АНАЛАР АЛАҢ БОЛМАСЫН

Елордада ҚР Президенті жа­нындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігі өкілдерімен бірлескен топ мүшелері «Әйел­дерге қатысты зорлық-зомбы­лықсыз 16 күн» акциясы аясында Астана әкімдігіне қарасты «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қауіпі салда­рынан қиын жағдайға тап болған адам­дарға арналған дағдарыс орталығы баспанасы» меке­месінің жұмысымен танысты.

09-4

Кездесу барысында Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко тәуелсіздік алған жылдардағы жетістікке қысқаша тоқталып өтіп, еліміздегі әйелдерге жасалып отырған қамқорлық жайында салмақты сөз қозғады.
Одан кейін Дағдарыс орталығының директоры Ғалия Хаметқызы аталған мекеменің бүгінгі атқарып отырған жұмысы туралы баяндады.
– Негізінен, орталық 50 орынға шақталған. Дәл қазіргі таңда 9 әйел, 20 бала тұрып жатыр. Орталыққа қиын жағдайға тап болған 18 бен 58 жас аралығындағы азаматшаларды қабылдайды. Алдымен ол кісілерді медициналық тексеруден өткіземіз. Содан соң осында алты айға дейін тұруға мүмкіндік беріледі. Олармен психологтар жұмыс істейді. Дегенмен біздің мақсатымыз – зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматшаларды отбасына қайтарып, отағасымен қайта табыстыру. Бүгінге дейін бізге келген­дердің 90 пайызы отбасыларына оралды. Әсіресе, бізге оңтүстік өлкеден елордаға келген 18-30 жас аралығындағы келіншектер көбірек хабарласады. Оларға заңгерлер құқықтық жағынан кеңес береді. Алдағы таңда орталықтың ауқымын кеңейту ойда бар. Мәселен, республикалық деңгейде тәулік бойы қызмет көрсететін «сенім телефонын» қойсақ дейміз. Орталыққа хабарласқан азаматшаларға толық кеңес беріп, қол­дан келгенше көмектескіміз келеді. Көбінесе әйелдер осындай орталық бар екенін білмейді. Сондықтан ақпараттық шараларға баса назар аударып отырмыз, – деді орталық директоры.
Айта кетейік, бүгінгі күні еліміздің барлық өңірлерінде 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Оның ішіндегі 17 орталықта азаматшалар паналайтын баспана бар. Олардың барлығы да қиын жағдайға тап болған әйелдерге медициналық, құқықтық жағынан қолдау көрсетіп отыр.
Шара соңында Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко жиналған мамандарға отбасы мен қоғамдық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған және құқық бұзушыларға қатысты құқықтық жауапкершілікті түсіндіру жұмыстарын жіті насихаттау керектігін баса айтты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button