ЖаңалықтарТағзым

Аналар дән риза болды

a5a57a8c8a55653e4ea84db0d1f

Астана қаласындағы Ауғанстан соғысында қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткіш-мемориал алаңында еске алу митингісі өтті. 1979 жылдың 25 желтоқсан күні Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің жауынгерлері Ауғанстан еліне кірген болатын. Содан бері осы күн сол соғыста құрбан болған сарбаздарды еске алу күні болып қалыптасқан.

Астана қаласы әкімдігі, қалалық мәслихат, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы өкілдері, жауынгер-интернационалистер, Ауғанстан соғысында қаза болған жауынгерлердің ата-аналары, әскерилер мен студент жастар қатысқан жиын аясында алғаш рет «Жанқияр рота» республикалық акциясы ұйым­дастырылды. Жылдағы дәстүрмен мешітте және шіркеуде соғыс боздақтарына құран бағыштаған жауынгер-интернационалистер осы жолы қаза болған жерлестердің бейнесуреттерін алып жүрді.

Митингті ашқан Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚБ төрағасы Серік Кенжебеков еске алу күнінің мән-мағынасын қысқаша баяндап берді. Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы  қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мейрамбай Оралов жиналған қауым алдында Ауғанстанда болған жағдайдың тарихтағы орнын, ондағы қазақстандық жауынгерлердің ерлігі халық жадынан өшпейтінін, жауынгер-интернационалистердің қалалық ұйымы елордамыздағы  қоғамдық шараларға белсенді қатысушы екенін атап өтті. Ауғанстан даласында дұшпан қолынан қаза болған жауынгерлердің аналары Пейшенкүл Тоқмағанбетова мен Нина Федоровна Нестерова жүрекжарды сөздерін айтып, қаншама жылдар өтсе де соғыс даласынан қайтпаған балаларының атын ардақтап жүрген  жауынгер-интернационалистерге, билік органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкідеріне ризашылықтарын білдірді.

Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін аналар «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ұйымында қонақта болды. Дәмді шәй үстінде естеліктер айтылып, ән шырқалды. Ұйым атынан берілген  сыйлықтар үшін аналар тіптен дән риза болды.

 Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button