Әлеумет

Аналар мен қыздарға арналған шеберлік сабағы

Нұр-Сұлтан қаласында көпбалалы аналарға, қазақтың ісмер қыздарына арналған «Асыл ана» тақырыбында шеберлік сабағы ашылды.

Ұлттық брендті дамыту, көпбалалы аналарды кәсіпке баулу әрі оларды шағын бизнеске тарту мақсатында өткізілген бұл игілікті шара қала әкімдігінің қолдауымен өтті. Шара аясында «Алтын сапа» Президенттік сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі этно-дизайнер, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің жетекшісі Ырза Тұрсынзада көпбалалы аналарға, тұрмыс деңгейі төмен, жұмыссыз әйелдерге дәстүрлі қолөнер бұйымдарын тігу жөнінде тегін шеберлік сабағын өткізеді.
Сабаққа 200-ден аса қыз-келіншек қаты­сты. Олар 2-3 күн бойы матаны пішу, жөрмеу сияқты іс тігудің әдіс­терін үйренеді. Шараның 4-күні көрме өткізіліп, шеберлердің қолынан шыққан өнімдер бағаланады. Жақсы үйренгендерге сертификаттар беріледі. Сонымен қатар көпбалалы аналарға 50 тігін машинасы тегін беріледі.
– Бұл өнерді жақсы үйренсе, үйде отырып-ақ табыс табуға болады. Шәкірттерімнің арасында үйінде отын жағып, баласын бағып отырып, бір жағынан осы өнермен айналысып, жақсы табыс табатындары бар, – деп бір тынып алған Ырза апай шараны қолдаған қала әкіміне айы­рықша алғысын білдірді. «Көптің қамын ойлаған жайсаң жандар «тай сұрасаң, ат береді» дегендей, бас қаламыздың әкімінен 50 тігін машинасын сұрасам, 100 тігін машинасын берді. Мұның 50-ін осы жолы, қалғанын кейін қала күнінде көпбалалы аналарға береміз» деді ол.
Айта кетейік, әйелдердің үйде отырып та, өнер үйренуіне мүмкіндік жасау үшін Ырза апай әлеуметтік желіде де тегін сабақ оқытады. Бұған қатысу үшін этно-дизайнердің Instagram, Facebook парақшаларына және Youtube каналына жазылу керек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button