Сұхбат

АНАТОЛИЙ БАШМАКОВ: ТАТУЛЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҒЫМЫЗ ӨЗГЕ ЕЛДІҢ АСЫЛ МҰРАТЫНА АЙНАЛДЫ

66864

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Қазақстан халқы ассамблеясы­ кафедрасының ашылғанына көп бола қойған жоқ. Қазақстандық ноу-хау – этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық моделін өскелең ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік беретін ғылыми-методологиялық негіздеме қалыптастырып, көпшілікке жеткізуді көздеген. Кафедраның дәріскерлері де өзгеше. Олар – Парламент және Сенат депутаттары, белгілі саясаткерлер, ғалымдар, Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер.

Осы орайда, Парламент Сенатының депутаты, аталмыш кафедраның меңгерушісі, профессор Анатолий Башмаковпен кездесіп, кафедра жұмысымен танысқан едік.

– Құрылғанына жиырма жылға жуық уақыт болған Қазақстан халқы ассамблеясы ұлтаралық бірлік пен келісімді сақтауда маңызды қоғамдық институт болып қалыптасты.

Жақында өткен ассамблеяның ХХІ сессиясында Елбасымыз жастарға, Тәуелсіздігіміздің құрдас­та­ры­ның қатысып отырғанына көңілі толып: «Мен бұдан тағаттылық, достық пен бауырластық идеяларын қазақстандықтардың жаңа буынының бүкіл ғасырларға қабыл­дауы­ның жақсы нышанын көремін. Бұл біздің босқа жұмыс істеп жатпағанымызды білдіреді! Бұл бей­біт­шілік пен келісімді сақтаушы ретіндегі ассамблеяның сенімді тірегін кез келген сөзден артық бейнелейді» деп атап өтті.

Президенттің осынау сенім арта сөйлегені бізге тағы бір қосымша жауап­кер­шілік жүктейді. Яғни, Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктерімен тығыз байланыс­та болып, студент жастардың Қазақ­стандағы барша ұлттардың мәде­ниеті, салт-дәстүрімен танысуына мүмкіндік тудыратын іс-шараларды ұйым­дас­тыруға мұрындық болуымыз керек.

Кафедра қызметкерлері ҚХА ғылыми-әдістемелік жұмысын түр­лен­діруге атсалысуда. Мысалы, олар елордадағы ғылыми құрылымдармен, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйым­дар­мен бірлесе жұмыс істеп, «Этностық тағаттылықтың әдістемелік негіз­дері» атты анықтамалық жинақ әзір­леуге кірісіп кетті.

– Бұл бастама баянды болып, басқа да жоғары оқу орындарында осындай кафедра ашылып жатыр деп естідік.

– Иә, заман талабынан туындап отырған қажеттілік болған соң, жаңалық жер-жерге тарап, қолдау тауып жатыр. Биыл 1 нау­рызда, яғни, ҚХА құрылған күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мем­ле­кеттік университетінде және А.Мырзахметов атындағы Көкше­тау университетінде дәл осын­дай кафедралар ашылды. Алда­ғы уақытта Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­си­те­тінде, Ұлттық өнер уни­вер­ситетінде, Қызылорда, Қостанай және т.б. қалалардың жоғары оқу орындарында осы іспеттес кафедралар ашылады деген жоспар бар.

– Сіз соңғы сессияда Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып сайландыңыз. Қоғамдық негіздегі жаңа міндеттің алға қойған жоспарлары туралы айтсаңыз?

– Жақында «Нәсілдік кемсіту­ші­лік­пен күресу туралы» халықаралық конвенцияның орындалу мәселелері бойынша Женеваға қазақстандық делегацияның құрамында барып келдім. Еліміздегі этносаралық бір­лік пен қо­ғам­дық келісімнің қазақ­стан­дық моделін әлемге жарқыра­тып жеткізудің тағы бір тамаша мүм­кін­дігі болды. Біздің баян­да­маны қорғауға келгенде қатысу­шы­лар­дың қызығушылығы басым болды. Олар соңынан ассамблеяның жұмыс тәжірибесімен алмасу үшін Қазақстанға делегациялар жібе­ре­тін­дерін айтты.

ҚХА осы мақсатта көптеген елдер­мен бай­ла­ныс орнатты. Ондай елдердің қата­ры­нда Франция, Германия, Ұлы­бри­тания, АҚШ, Швеция, Түркия, Қытай, Ресей, Испания, Голландия, Израиль тәрізді мемлекеттер бар. Халықаралық сарапшылар қазақ елінде тұрып жатқан барлық ұлт пен ұлт өкілдерінің мүдделерін жүзеге асырудағы және сол арқылы этносаралық қарым-қаты­нас­тардың үйлесімділігін қамта­ма­сыз етудегі саясаттың дұрыстығын, алысты болжаған көрегендік екенін мойындауда. Тату­лық пен ынтымақты ту еткен қазақ­стан­дық­тар­дың өмір сүру үлгісі өзге елдің қызыға қарайтын асыл мұратына айналды десек асылық айтқандық емес.

– Бұл ретте, Елбасының Қазақ­стан халқы ассамблея­сындағы айрық­ша рөлін айтасыз ғой...

– Әрине, 1995 жылы Қазақстанда ұлттық саясатты жүзеге асыратын, республикалық және өңірлік, жергілікті ұлттық-мәдени орталық­тар­дың жұмысын біріктіретін теңдес­сіз қоғамдық институт құрылуымен Қазақстан тарихында жаңа дәуір бас­талды. Оны Тұңғыш Президенттің есімімен байланыстыру өте әділетті болар еді. Алыс жылдардың асқарында да, жақын болашақтың жүзінде де қазақ мемлекеттігінің дамуы «Назарбаев феномені» ықпалында болады.
Виктор Гюгоның «Ұлы дәуірге – құдіретті адамдар керек» деген сөзі бар. Менің бұған қосып айтарым, ұлы адамдар биік мақсаттарды көздеп, жасампаздық қуатымен оны жүзеге асырады.

– Сіз Сенат депутаты ретінде алыс-жақын шетелдерде жиі болып тұрасыз, ондағы қазақ ұлты­ның өкілдерімен кездесуіңіз жайында естіп жатамыз.

– Жақын күндерде этникалық қазақтар көп шоғырланған көршілес мемлекеттерде болып, онда тұрып жатқан қазақтардың сол елдің экономикасына қосып жатқан үлесі жайында біліп, әлеуметтік ахуалымен танысып қайтуды жоспарлап отырмыз. Арнайы топтың құрамында өнер қайраткерлері, белгілі тұлғалар, депутаттар, ассамблея мүшелері болмақ. Омбы қаласында болған кездесуіміздің нәтижелі болғанын айтқым келеді. Біздің сапарымыздың мәні деп те айтуға болады, яғни, губернатордың немесе парламент депутатының баяндамасын тыңдаймыз. Ресми ақпарат көзінен алған мәліметтерге қоса, қазақ бауырларымызбен жеке кездесулер, солардың ауылындағы жина­лыс­тар біздің сапарымыздың мәнін аша түседі деуге болады. Алдағы уақыт­та Қазақстан халқы Ассамблеясы төраға­сы­ның орынбасары ретінде бұл жұмыстарымыз бір жүйеге енеді деп ойлаймын. Жалпы, қазақ пен орыс этносының тереңге кеткен тамы­ры­ның бүлкілі бірге деуге болады. Түріміз өзге болса да, ғасырлар бойы тіні бекіген туысқандық қарым-қатынас мысалдарын бүгіннен де көп келтіруге болады.

Виктор Назаров – Омбы облысының губернаторы. Ол қазақ баласын асырап алып, оған тегін берді. Енді Виктор Иванович пен Галина Михаиловнаның ұлты қазақ ұлы бар.

Ал астаналық хирург корей Юрий Пя тағы бір ота жасады. Кенеттен қайтыс болған әйелдің ұлы Игорь Воротников батыл шешімімен анасының жүрегі мен бүйрегін ағзаны ауыстыру кезегінде тұрған екі жасқа сыйлады. Енді анасын жоғалтқан Игорьдің екі бауыры бар: бірі – Жәнібек Оспанов, екіншісі – Евгений Кунц.

– Еуразиялық экономикалық одақ жайы сөз болғанда көне көршілердің осы татулығы ескері­леді деп ойлайсыз ба?

– Сөз жоқ, бұның бәрі Еуразиялық экономикалық одақтың негізіне арқау болып өрілуі керек. Әрине, одаққа енетін мемлекеттердің ұлттық мүддесі – экономикалық жаң­ғырулар, сауда, технологиялар мен білім беру және гуманитарлық ынтымақтастық.
Жасыратыны жоқ, ынты­мақ­тас­тық­тың бір үлгісі ретінде Еуропалық одақты мысалға аламыз. Алайда, ол одақ тек қана нарық пен капиталдың мүддесіне негізделген. Бұл да жөн. Бірақ, біз рухани қазықтың мықты қағылғанын қалаймыз. Себебі, бізді еуропалық мультимәдениеттің дағдарысы алаңдатады. Этникалық қарым-қатынастардың шиеленісіп, оның неге әкеп соғып жатқанының куәсі болып жатырмыз.
Еуропаның басты қалаларындағы мешіт салдырмауға тыйымды сөз етпегеннің өзінде, бір жынысты некенің адамзат баласын ұшпаққа апармайтыны білуіміз керек.

Айгүл УАЙСОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button