Жаңалықтар

ӘНДЕРІН АЗАТТЫҒЫМЫЗҒА АРНАДЫ

ZAH_3288

Астана қаласы әкімдігінің алдындағы Орталық алаңда еліміздің бас мерекесі – Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті. Азаттығымызды ұлықтаған қазақстандық эстрада жұлдыздары әсем әндерден шашу шашып, шыңылтыр аязға қарамастан алаңға жиналған халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Концертті жылдағы дәстүр бойынша елордалық филар­монияның бір топ әншілері бастады. Талай дарынның жолын ашқан «Ән жүрегім – Астана» байқауының дипломанты Сайран Бралина, «Жас қанат-2011» байқауының «Қола қанат» иегері Гүлмира Жұмабекова салған әндердің арасында жаңа әндермен қатар Естайдың «Қорланы» секілді классикалық туындылар болды.

Олардан кейін елге танымал әншілер шығып, Астана аспанын ән мен күйге бөледі. Бірнеше жыл бұрын «Біздің музыкамыз осындай!» деп мұхиттың арғы жағындағы жұртты таңдандырған «Ұлытау» тобы біраз қиқу тудырды. Атына заты сай «Ерке» тобы назды әндерге салды. «Жалын» тобы жалындатты, «Дабыл» дуэті сахна төрінде «дабылдатты». «Ретро» тобы ескір­мес әндерді халық жадында жаңғыртты. «Аламан» триосы мен «KZ» тобы да өздерінің хит әндерін тарту етті. Жеке орындаушылар; сахнадан көрінбей жүріп сағындыратын Қыдырәлі Болманов, Дос, Әсел Омарова, Бақыт Шадаева, Досымжан Таңатаров, Медет Шайкелов ел-жұртты билетті. Төрт сағатқа созылған концерт мерекелік отшашумен аяқталды.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button