Елордада – елшілер

Андрей Карстенс: «Аз уақытта адам танымастай өзгерді»

Қазақстан мен Нидерланды арасындағы экономикалық байланыс жыл санап нығаюда. Қазақстан Нидерландыға мұнай мен мұнай өнімдері, ферроқорытпалар, титан мен одан жасалған өнімдерді экспорттайды. Ал біз бұл елден дәрі-дәрмек, машиналар мен құрал-жабдықтар, жоғары технологиялық аспаптар мен құралдар және ауылшаруашылық өнімдерін сатып аламыз. Нидерланды – ­Қазақстандағы ең ірі инвестор болса, ол өз кезегінде Еуропаның логистикалық хабы, агроөнімдер экспорты бойынша әлемде екінші орында. Азаттығымызды алғашқылардың бірі болып мойындаған Корольдік елдің жаһандық бастамаларына да әр кез қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андрей КАРСТЕНСПЕН сұхбат­тасып, еліміз бен елорда жайлы ойларын сұрап білдік.

[smartslider3 slider=933]

– Екі елдің қарым-қатынасы қандай деңгейге көтерілді? 30 жылдағы тәуелсіз Қазақстанның даму жолына, өзгерістерге қандай баға берер едіңіз? Алдағы уақытта қандай салалардағы ынтымақтастықты дамыту, басымдық беру қажет деп санайсыз?

– Нидерланды пен Қазақстан 30 жылдан бері өзара сенімді серіктестер болып келеді. Елшілік Қазақстанда жұмыс істейтін 100-ден астам нидерландтық компаниямен ақпарат алмасу және оларға Қазақстанда бизнес жүргізуге қолдау көрсету үшін байланыста. Нидерландты ­Қазақстандағы ең ірі инвесторға Нидерланд үкіметі емес, жеке компаниялар айналдырғанын нақтылаған жөн. Соңғы бес жылда Нидерланд компаниялары Қазақстанға 30 миллиард еуродан астам инвестиция салды.

Дәстүр бойынша экономика тірегі болып табылатын қазбалы энергетика секторы жаңартылатын энергия көздеріне ауысып, мұнай өндірісіне аз тәуелді болады. Қазақстан өз экономикасын ауыл шаруашылығына баса назар аудара отырып әртараптандырады, бұл салада Нидерланд тағы да көп нәрсе ұсына алады. Нидерландыдағы Қазақстан елшілігімен бірге біз ынтымақтастығымызды нығайту үшін бар күшімізді саламыз. Бұдан басқа, жасыл технология­лар, инжиниринг, байланыс, қаржы, қызмет көрсету және медицина, денсаулық сақтау салаларында ынтымақтастықты кеңейту үшін әлеует бар.

Қазақстан қоғамы адам құқықтарын одан әрі нығайтуға көмектесетін Президент Тоқаевтың реформалар бағдарламасымен рухтандырылған және өтпелі кезеңде тұр. Біз бұл дамуды құптаймыз және қолдаймыз, өйткені адам құқықтары біздің ішкі және сыртқы саясатымыздың негізгі элементі болып табылады. Қоғамның, атап айтқанда, жастардың барған сайын ашық бола бастағаны қуантады. Сол сияқты Қазақстан экономикасы ашықтықты арттыруда айтарлықтай прогреске қол жеткізуде, бұл – одан әрі даму мен ынтымақтастықтың кілті.

– Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бірінші жартыжылдықта 30,4 пайызға артып, $11,1 млрд долларды құрады. Ең ірі инвестор Нидерланды болды. Бұл елден келген инвестициялар ағыны 3,3 млрд долларды құрады. Қазақстан Нидерландыға инвестиция бойынша несімен тартымды?

– Сіз өте дұрыс айтасыз, Нидерланды – Қазақстандағы ең ірі инвестор. Көптеген жылдар бойы біз, негізінен, табиғи ресурс, шикізат өндіру секторына назар аудардық, бірақ қазір ауыл шаруашылығының маңыздылығы артып келеді, өйткені Қазақстан экономикасын әртараптандыруды мақсат етіп отыр. Бұл Нидерландыдағы жағдайға сәйкес келеді. Елімізде 17 миллионнан астам халық тығыз орналасқанын және біз ұлттық климаттық міндеттемелерімізді орындауға бел буғанымызды ескере отырып, бізге Нидерландтағы ауыл шаруашылығының экологиялық зардабын азайту керек. Сондықтан біз өз еліміздегі өндірісті одан әрі кеңейтуден Қазақстан сияқты басқа елдерге азық-түлік импортының орнына өзін тамақтандыруға көмектесу үшін өсімдік шаруашылығын ұлғайту және әртараптандыру үшін заманауи тәжірибені, жабдықтар мен технологияларды экспорттауға көшеміз. Мұндай ынтымақтастық қазірдің өзінде бау-бақша, жылыжай, сүт және құс шаруашылығы сияқты салаларда қарқын алуда.

Тағы бір элемент, көптеген трансұлттық компаниялар, сонымен қатар Қазақстаннан шыққан компаниялар да өздерінің заңды орны ретінде Нидерландыны таңдайды. Мұның себебі – біздің қолайлы шетелдік инвестициялық ахуалымыз бен инфрақұрылымымыз, соның ішінде салық режимі.

– Қазақстанда қай уақыттан бері тұрасыз? Сіздің елдің қарапайым тұрғыны Қазақстан туралы біле ме? Елімізге алғаш келген кездегі әсеріңіз қандай болды?

– Мен бұл қызметке 2019 жылдың тамыз айында келдім. Алғаш рет Қазақстанға өткен ғасырдың 90-жылдарының басында аяқ басқанмын. Қанша жылдан кейін Қазақстанға келіп, өзгерісті көріп, үлкен айырмашылықты байқадым. Сол кезде қатты таңғалғаным бар. Әдемі, жаңа астана ғана емес, инфрақұрылым, қоғамдық өмір, қызмет көрсету және жалпы әл-ауқат деңгейі, тіпті менталитет те сол кездегі жағдайдан мүлдем өзгеше болды. 30 жыл ішінде Қазақстан күткенімнен әлдеқайда асып түсті! Екі ел арасында қарапайым адам ойлағаннан әлдеқайда көп ұқсастық бар деп ойлаймын. Мәселен, жүрегімізге жақын қызғалдақтар, тұрғындардың саны да ұқсас. Әзіл мен қонақжайлылығымыз да сай келеді.

– Елордамыз сізге несімен ерекшеленеді? Сіздің елдің астанасынан не үйренуге болады? Бас қаламызды дамытуда нені ескерген жөн деп ойлайсыз?

– Нұр-Сұлтан – заманауи, жайлы және серпінді қала, оның Амстердам сияқты ірі халықаралық қоғамдастығы және көптеген көрікті жерлері мен келушілері бар. Ал біздің парламенттің, үкіметтің және елшіліктер мен халықаралық ұйымдар сияқты тиісті мекемелердің орны Гаага болып табылады. Екі қала (Амстердам және Гаага) да бүкіл ел сияқты өте жақсы велосипед инфрақұрылымына ие. Оның себебі – біз Нидерландта бәріміз велосипедпен жүреміз, бұл біздің денсаулығымызға, қоршаған ортаға және т. б. үшін пайдалы. Нұр-Сұлтан мен Алматының велосипед инфрақұрылымын дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жеткенін көру өте жақсы, жақын арада велосипедпен жүру үшін қала ішіндегі және одан тыс байланыстар бұдан да көп болатынына сенемін. Қазақстанда да солай болуы мүмкін және болуы керек. Бұл – пейзаж сияқты қолайлы жағдайларды пайдалану және Александр Винокуров пен Astana Pro Team командасының тамаша жетістіктеріне сілтеме жасай отырып, адамдарды ынталандыру мәселесі. Алдағы көктемде біз салауатты өмір салтын насихаттау, велосипедпен жүру мен жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында велотур ұйымдастырамыз.

– Елші мырза, Қазақстанда демалыс өткізу сізге ұнай ма? Осы салада қандай кемшіліктер бар?

– Иә, мен көп саяхаттаймын және Қазақстанда Қарағанды, Петропавл, Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе, Тараз, Шу, Ақсай, Шымкент, Қызылорда, Балқаш және Байқоңыр сияқты көптеген жерлерде болдым. Мен Қазақстанның табиғатын жақсы көремін. Сүйікті орындарымның бірі – Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы – жер бетіндегі керемет, қол тимеген және бірегей орын. Бозжыра шатқалында мен өзімді Айға барып келгендей сезіндім. ­Қазақстанда әуе қатынасы жақсы жолға қойылған, қазақстандық компаниялар керемет қызмет көрсетеді. Сонымен қатар мен пойызбен, көлікпен және велосипедпен мүмкіндігінше жиі саяхаттағанды ұнатамын!

– Қаланың қай жерінде демалғанды ұнатасыз?

– Маған Есіл өзенінің жағалауы ұнайды. Мәдениеттен (музыка мен өлең жазу) басқа мен спортпен айналысқанды ұнатамын. Мен бірнеше марафонға қатыстым, ең соңғысы Нұр-Сұлтан қаласында қыркүйек айында өтті. Нұр-Сұлтанда асырап алған итім бар, сыртта бірге жүгіреміз. Әрине, велосипедті көп тебетінімді айтудың қажеті жоқ. Қыста Есіл өзенінде шаңғы тебуді өте жақсы көремін.

– Сіздің ойыңызша, осы заманғы саясаткер қандай болуы керек? Қандай қасиет­терге ие болу маңызды? Өз еліңізді және Қазақстанды бір ауыз пікірмен, сөзбен қалай сипаттар едіңіз?

– Басқаларға жарқын үлгі бола отырып, адал, дәйекті және ашық болу маңызды. Екі елде де таза жел мен ашық жер көп, бұл біздің ашықтығымызда көрініс табады. Ендеше «ашық» деген сөзді ортақ белгіміз деп алайық!

– Қазақстан азаматтарына Нидерландқа баруы үшін Шенген визасын алу бүгінде оңай шаруа емес. Виза алу қашан жеңілдейді?

– Пандемияға байланысты ұзақ уақыт бойы Шенген визасын алу мүмкін емес еді. Алайда бүгін де саяхаттай алатын адамдар саны өте шектеулі. Дегенмен тоннельдің соңында жарық бар деген сияқты, Австрия елшілігі бірқатар елдерге, соның ішінде Нидерландқа белгілі бір критерийлерге сәйкес келетін Шенген (қысқа мерзімді) визасын беретін кеңсе ретінде қызметін қайта жалғастыруда.

– Біздің газет арқылы астаналықтарға қандай тілек айтасыз?

– Мен сіздермен бірге болған әрбір күннен ләззат аламын және барша қазақстандықтарға, астаналықтарға жарқын болашақ тілеймін!

Қысқаша өмірдерек:

Андрей Карстенс Нидерландының ­Меппел қаласында дүние­ге келген. Николетт Фохтелооге үйленген. Үш баласы бар. Утрехт университетінде коммерция­лық және әлеуметтік-­экономикалық құқық мамандығы бойынша білім алған. Голланд, ағылшын, орыс, неміс, француз тілдерінде еркін сөйлейді. Қазіргі таңда қазақ тілін үйренуде. Ол еңбек жолын 1988 жылы Нидерландының Сыртқы істер министрлігінен бастады. Дипломатиялық мансабында Гаагада, Брюссельде, Ауғанстанда, Грузияда, Словакияда және Ресейде жұмыс істеген. 2019 жылы ол Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы елшісі болып тағайындалды. Елші бизнес және адам құқықтары мәселелерін шешуге белсенді араласады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button