Басты ақпарат

Англия: Жұмысшы студенттің көзімен

Шетелде оқитын қазақ студенттерінің кейбірі тілдік практиканы жоғалтып алмас үшін қосымша жұмысқа орналасады. Өйткені академиялық оқу жылы кезінде жазатын эсселер көп, бірақ ауызша талқылау аз болатындықтан, студенттің ағылшынша сөйлеу қабілеті ақсап қалуы мүмкін. Соны ескеріп, мен де Англияда жүргенімде жұмысқа тұрғанмын. Ондағы бір жылдық тәжірибем барысында британиялық өмірдің біз біле бермейтін жақтарымен жақынырақ танысудың сәті түсті.

Минималды жалақы – сағатына 7,83 фунт

Маған жұмыс ұсынған мекеме тамақ сервисімен айналысатын агенттік еді. Ондағы қызметкерлердің түгелге жуығы Шеффилд қаласының студенттері болды. Себебі жұмыс істеу кестесі мен шарттары жастарға өте ыңғайлы. Мәселен, әр дүйсенбі таңертең менеджерге қай күндері бос болатыныңды жазасың. Соған сәйкес менеджер сені сол аптадағы іс-шараларға белгілейді. Жалақыны жас ерекшеліктеріне қарай төлейді. Егер жасың 25-тен асса, онда сағатына 7,83 фунт стерлинг аласың (шамамен 3800 теңге), ресми демалыс кезіндегі әр жұмыс сағатың 11 фунт стерлингке (шамамен 5300 теңге) бағаланады. Бұл – Англиядағы ең минималды жалақы. Сабағына да кесірі тимейтін әрі қалтасына да едәуір көмек болатындықтан, мұндай жұмыстар жергілікті студенттер арасында да, шетелдік студенттер арасында да танымал. Біздер, яғни сырттан келушілер, үшін виза бойынша аптасына 20 сағатқа дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген.
Жалданған агенттігіміз тамақ сервисімен айналысатын болғандықтан, көбінесе даяшылық міндетті атқардық. Сонымен қоса, кей кездері футбол матчтары мен ат жарыстарында фаст-фуд сатып, кассир ретінде де жұмыс істейтінбіз.

Ағылшын тойларының дастарқаны қандай?

Мерекелік кештер мен банкеттерде жиі қызмет көрсеткеніміз себепті, ондағы ерекше жайттарды көп байқап жүрдік. Жалпы, ағылшын тойларының біздегіден ең үлкен айырмашылығы асында екен. Мерекелік дастарқанның мәзірі үш бөліктен тұрады. Әуе­лі стартер ретінде адам басына бір-бір кішігірім бәліш не салат, сосын негізгі ас, соңынан десерт таратылады. Тамақты даяшылар әр кісіге жекелей үлестіреді. Яғни қонақтар үстелге енді жайғасқанда, онда нан мен майдан басқа жейтін ештеңе тұрмайды. Ал тамақтың порциялары шап-шағын. Мәселен, негізгі ас ретінде 100 грамм ет, 1 бұқтырылған картоп және 2-3 сәбіз тілімін тәрелкеге салып, үстінен соус құйып, жанына йоркшир пуддингін қосып әкеле салуы мүмкін. Есесіне, тау-тау тамақ желінбей қалып, ысырап болмайды.
Тойларынан асабаларды да көрмедік. Банкет басталғанда, бір кісі сахнаға шығып сөз сөйлеуі мүмкін. Бірақ бүкіл кеш бойы ешкім микрофон ұстап ортада жүрмейді. Ұзын-сонар тост айтып жататын адам да жоқ. Салтанатты кештерде Елизавета патшайымның құрметіне жай ғана бәрі бірауыздан «The Queen!» деп бокал соғыстырады да, үстел-­үстелдеріне тарасады.

Тойбастарға – «Gucci» иіссуы

Айтпақшы, біздегі тойбастарға ұқсас дәстүр ағылшындарда да бар болып шықты. Бірақ олардағы тойбастарға берілетін сыйлар құны жағынан әлдеқайда қымбаттау. Мысалы, мен қатысқан банкеттердің бірінде әр қонаққа естелік ретінде «Gucci» иіссуын сыйлады.
Тағы бір қызығы, британия­лықтар той болатын мейрамхананың әдемілігіне аса мән бермейді. Даңғарадай залдың ішіне кішігірім үстелдерді қо­йып, қабыр­ғаларға түгелдей ма­та іліп те той өткізе береді. Бірақ дастарқанның ортасына шырағдан жағып қою, тақырыптық фото-зоналар дайындау, оркестр шақыру сияқты детальдарға ерекше көңіл бөледі.
Биді олар қатты жақсы көреді. Жақсы көретіні соншалық, бикештер биік өкшелі туфлилерін шешіп тастап, жалаңаяқ билеуге құмар. Әлгі шешілген туфлилері кей кездері шешілген жерінде қалып кетеді. Тойдан кейін залды жинағанда, бұрыш-бұрышта жайрап жатқан туфлилерді жинап алатынбыз. Сонда өздері үйлеріне қалай қайтады деп ойлайсыздар ғой? Сөмкелерінде ыңғайлы бәтеңкелері болуы мүмкін. Ал кейбір банкеттің қыз­ған тұсында жағажайға киетін кәдімгі сүйретпе аяқ киімдерді сататын бір кісі келіп, ыңғайсыз туфли иелерін «құтқарады».

Күн сайын – 300 алғыс

Даяшылық қызметтің ең тамаша тұсы – адамдардың алғысын күніне мың рет естисің. Өзім үшін қызық болсын деп, бес сағаттық жұмыс күнімде естіген «рақметтерді» санағанымда, 300-ден асып жығылды. Жалпы, «thank you» мен «sorry» ағылшындардың ең көп айтатын сөзі секілді. Алғысқа тойып жүретін болған соң ба, жұмыстың да ауыртпалығын аңғара бермейсің. Тәрелкелерді үстелдің үстінен жинап алуға барсаң, оны қонақтардың өзі-ақ әлдеқашан сатылай жинап, сенің алып кетуіңе дайындап қойған болып шығады. Төрт-бесеуін бірдей көтерсең, «Әлің жете ме? Көтере аласың ба? Сенімдісің бе?» деп пәлен қайтара сұрайды. Тіп­ті дастарқанның бетіне кофені аударып алған кезім де есімде. «Ештеңе етпейді. Бәрінде болып тұрады ғой. Қолың күйіп қалмады ма?» деп құдды соған өздері кінәлі адамдай бәйек болды.
Менеджерлеріміздің қай-қайсысы да ережеге берік еді. Әр шара басталардан бұрын өтетін кішігірім жиналыста міндетті түрде «алда-жалда өрт бола қалса, қай есіктен шығу керек?» деген нәрсені түсіндіретін. Бұзуға болмайтын тағы бір қағида бар. Банкет біткен соң, даяшылар тамақтанарда, оларға ешқашан балықтың етін жегізбейді. Өйткені 3-4 сағат бойы тоңазытқышта тұрмаған балықты жеген адам уланып қалуы мүмкін.

Иттер де қонаққа барады

Қала мэрі сияқты құрметті лауазымдағы кісілер кейде тойға иттерімен бірге келеді. Өйткені ол ит жаңағы кісі үшін отбасының бір мүшесі болып кеткен. Ондай әулеттің иттері де «салмақты», көпшілік алдындағы мәде­ниет­тен хабары бар мақұлықтар екен. Иесінің аяғының тұсында той тамашалап тып-тыныш жатады. Қарны ашса не шөлдесе, оған да даяшылар тамақ-суын әкеліп береді.
Жалпы, иттердің ағылшын қо­ғамындағы құрметі жоғары. Кішігірім кафелердің көпшілігі кіреберіске «Dogs welcome» («Иттерге есігіміз ашық») деген тақтайшаларды іліп қояды. Бала жетектеген кісілерден гөрі ит жетектеген адамдар көп. Фаст-фуд сататын дүңгіршектерде жұмыс істегенімізде, иттерге арналған балмұздақ та сатылымда бар еді. Оның ерекшелігі, лактозаға аллергиясы бар жануарлардың жей беруіне болады. Бұған қоса, «Butternut Box» секілді компания­лар «Иттерге арналған тамақты біз үйде дайындаймыз» деп жар сала жарнама жасап, мерекелік шаралар кезінде өнімдерін сатады. Оны көріп «біздің қазақтың иттері өмір бойы үйде дайындал­ған тамақты жейді ғой онда» деп бір күліп қаласың.

Сыра жауса – жеңістің белгісі

Жұмыстың ретімен кейде ста­диондардағы тамақ сататын дүң­гіршектерге шығатынбыз. «Шеффилд Уэнсдэй», «Ротерхэм Юнайтед» сияқты футбол клубтары ойнайтын күні стадионда ине шаншар орын болмайды. Чемпионшипте өнер көрсететін командалардың өзіне жергілікті тұрғындар осылай қолдау көр­се­теді. Олардың арасында ер кісілермен бірге, сүйікті командасының шарфын жамылған әже-апалар да жүреді.
Матч алдындағы жарты сағаттан бастап дүңгіршек алдындағы кезек көбейеді. Әр бес адамның төртеуі сыраға тапсырыс береді. Сырадан кейінгі ең көп сұранысқа ие сусын – «Bovril». Бұл – еттің дәмі бар қою қоңыр түсті британиялық сорпа.
Қызықтың көкесі бірінші тайм біткенде басталады. Ойын ке­зінде тамағы қарлыққанша жан­күйерлік еткен жұрт жапа-­тармағай дүңгіршектерге қарай жүгіреді. Егер сүйікті командасы ұта бастаса, бөтелкедегі сыраны жан-жағындағыларға атып, дәліздің ойран-топанын шығарады. Жалпы, сырадан жаңбыр жауып жатса, жергілікті клуб жеңіп жатыр деген сөз. Кейде екі жақтың жанкүйерлері бір-бірімен текетіресіп қалады. Ондай кездері дереу күзет қыз­меткерлері келіп, дүңгіршектердің есік-терезелерін қымтап тастайды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button