Білім

АНГЛИЯДА ОҚЫҒАН АЙБЕК

YTlEpO9Fm_4

Қазақ оқығаны Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романында: «Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім білсін?» деген кейіпкер пікірі бар. Елбасымыздың идеясымен дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы бойынша мыңдаған түлектеріміз әлемнің жетекші оқу орындарында білім алуда. Оқуын ойдағыдай аяқтап, елімізде қызмет атқарып жатқандары қаншама. Сондай азаматтардың бірі ретінде Айбек Өжкеновті атауға болады.

Бұл азамат Ұлыбританияда экономика саласы бойынша білім алып келді.

«Болашақ» стипендиясымен алғашқы болып кеткендердің бірі боламын. Біздің кезімізде ағылшын тіліне жеңілдікпен қа­райтын, қазір сынақ өте күрделі» дейді кейіпкер. Айбек бүгінгі таңда Қарағанды қаласындағы сүт өнімдерін шығаратын «Нәтиже» фабрикасында қызмет атқаруда. Жастарға ұлтжандылығымен үлгі көрсетіп жүрген азамат. Өз сө­зінде «алғашында Англияда оқу қиынға түсті. Ауылда өскен бала ағылшыны былай тұрсын, орыс тіліне де шорқақ келеді. Көп қиындықпен бетпе-бет кездестім. Тікелей ағылшын тілінен қазақтың төл сөзіне аударатын оқулық бол­мағаннан кейін, амалсыз орыс тілінен бастап оқуға тура келді. Негізінен, ол жақта орыс тіліне деген сұраныс жоқ. Сол себепті ағылшыннан қазақшаға аударатын сөздік жасап шығару идеясын қо­лға алдым. Программистермен ақылдаса отырып, интернет беттерінен «Лұғат» атты сайт аш­тық» дейді.

«Лұғат» – араб тілінен аудар­ғанда тіл, сөз деген мағынаны біл­діреді. Қазір сөздік ұғымымен қатар қолданылып жүр. Игі бастаманы өз еркімен жүзеге асырып жатқан бейкоммерциялық жоба. Жұмыс істеп жатқандарына екі жылдан астам уақыт өтті. Өзіндік аудиториясы қалыптасқан, қазақ тілін сөзбен емес, іспен көркейтуге үлес қосып жүрген бағалы бастама. Себебі, бұл сайтты біздің елден басқа шетелдің азаматтары да қолданады. Атап айт­қанда Моңғолия, Қытай, Түркия, Ресей, АҚШ, Англия сияқты алыс елдердің өкілдері бар. Сайт кейіннен оқырманның сұрауы бойынша орысша сөздікті де қосқан. Польшадан нақты 2-3 тұрақты тұ­ты­нушысы бар. «Сайтты қол­данып жүрген Канада азаматтарын жақсы білемін. Джой есімді жігітпен әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп көргем. Біздің елдің тілі мен тарихына қызығатынын жасырмады. Бір топ азаматтар жиналып «Лұғат» арқылы қазақ тілін үйреніп жүргендерін айтты. Өзге елдердің азаматтары ең­бе­гімізді бағалап, оқып жатса бізге неге құлшына қызмет етпеске. Кез келген бейкоммерциялық жобаны жүргізу үшін белгілі бір мөлшерде қаржы керек. Біздің алаңсыз жұмыс істеуімізге сол мәселе кедергі келтіріп отыр. Бірақ, күнделікті қолданатын аудиторияның жылы лебізін естігенде еріктен тыс күш пайда болады. Қазір­гі таңды сайттың сөздік қоры 6000-ға жетті. Қазақ тілінің дамуын көксейтін бұл жобаға қоғам болып атсалысқанымыз абзал» дейді идея авторы. Жалпы, Айбектің азаматтық  қарекетінен бір ғана жоба арқылы «Болашақ» бағдарламасының елдігімізге қызмет атқарып жат­қандығын байқауға болады. Әйт­песе, ел ішінде жүріп өздерін жоғалтып алған жандар қаншама. Мүмкін, туған жердің қадірін сезіну үшін бәрімізге ел аралап, шет жағалап келу керек шығар деген ойға келдім.  Айбекпен сөйлескен аз уақыттың ішінде көкейімізге көп нәрсені түйдік. Қазір интернет дамыған заман. Әлеуметтік желілерде адамның шынайы көзқарасы беріліп жатады. Сол арқылы кімнің қай деңгейде екенін кей сәттері анықтауға да болады. Айбек сөзі мен ісі келіскен жігіт. Ісі жайлы аз-кем ақпарат бердік. Сөзі жайында мысал беру үшін интернет парақшасын ашып едік, алғысөзінде Жүсіпбек Аймауытовтың пікірі тұрды:

«Оқығандар! Бұл уақыт – жан ты­ныштық іздейтін, қызық қуатын кез емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болмаса, мой­нымыздағы халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр». 

Бағлан Оразалы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button