Басты ақпарат

Аңыз бен тарих астаспайды

Немесе тұлғалар алыстаған сайын анық көрінеді

Әлемдік тарихтағы ең ұлы қолбасшылардың бірі Александр Македонский б.з.д. 332 жылы Мысырды жаулап алады. Жаңа билеушіге жағынғысы келген жергілікті дін өкілдері Александрды бас құдай Амонның ұлы деп жариялайды, мұны Александр да теріс көрмесе керек. Ал ежелгі Мысырда Амон мен қошқар мүйізді Ніл құдайы Хнум үнемі қатар аталатындықтан, ұлы әміршінің тәңірлермен туыстығын еске сақтау мақсатында, көп өтпей Александрдың да мүйізді мүсіндері пайда болып, ол туралы небір ғажап аңыздар ойлап табылады. Александр Македонскийдің Шығыс әдебиетінде Ескендір Зұлқарнайын, яғни қос мүйізді Ескендір деп аталып, қисынсыз, бірақ қызықты аңыз-ертегілердің кейіпкеріне айналуының сыры осында. Бұл аңыздар желдей есіп қазақ даласына да жеткен, тіпті, тілімізде іште жатқан шер, құпия сыр мағынасын беретін «Ескендірдің қос мүйізі» деген тұрақты тіркес те қалыптасқан.

[smartslider3 slider=2756]

Мұны неге айтып отырмыз? Кез келген тарихи тұлға туралы аңыздың астарында ақиқат жататынын елестету үшін ғана ма? Әрине, бұған дау жоқ, дегенмен, ауыздан ауызға көшкен аңыз бен дақпырт жамалып-жасқала келе замандастарымен жер басып қатар жүрген, өмір жолы ақиқат деректермен нақтыланған белгілі тұлғаларды күн озған сайын шынайы болмысынан, пенделік қасиеттерінен алшақтатып, тіпті мифке айналдырып жіберуі де мүмкін.

Еліміз тәуелсіздік алып, егемендікке қолымыз жеткеннен кейін, ата тарихымыздың тілге алуға тыйым салынған құпиялы қойнауларына терең үңілуге, ақтаңдақтардың ақиқатын ашып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Ескендірдің қос мүйізіндей іште жатқан күйік пен шер лақ етіп ақтарылып, шындықтың беті ашылып, тарихи тұлғаларымыз өзіне лайық биік тұғырға көтеріле бастады. Дегенмен әттеген-айлар да жоқ емес, соның бір көрінісі, тоталитарлық-отарлық бұғаудан босаған өзге де көптеген халықтар секілді, бізде де тарихты аңыздандыру үдерісі бел алды және әлі жалғасып келеді. Бұл ретте аса көрнекті тарихшы Мәмбет Қойгелдінің бір сұхбатында «Кәсіби білімі төмен адамдар қазақтың санасын, қазақ қоғамын лайлап жатыр. Біз ол заманнан өтіп кеттік. Қазір біз тарихты қорытатын уақытқа келдік. Тарихты аңыздандыратын көп жағдайда тарихшылар емес, тарихқа төтеннен қосылған әуесқойлар» деп ашына айтқаны бар.

Тоталитарлық-отарлық бұғаудан босаған өзге де көптеген халықтар секілді, бізде де тарихты аңыз­дандыру үдерісі бел алды және әлі жалғасып келеді. Бұл ретте аса көрнекті тарихшы Мәмбет Қойгелдінің бір сұхбатында «Кәсіби білімі төмен адамдар қазақтың санасын, қазақ қоғамын лайлап жатыр. Біз ол заманнан өтіп кеттік. Қазір біз тарихты қорытатын уақытқа келдік. Тарихты аңыз­дандыратын көп жағдайда тарихшылар емес, тарихқа төтеннен қосылған әуесқойлар» деп ашына айтқаны бар 

Біздің пайымымызша, бұл пікір қазақ тарихының ерте, ортағасырлық немесе жаңа дәуірлері үшін ғана емес, күні кеше дейтіндей кеңестік кезең үшін де өте өзекті, маңызды. Әсіресе кеңестік кезеңде биліктің жоғары эшелонында жұмыс атқарған қазақ зиялылары жайлы да кейде атан түйенің белі қайысатындай, айтса адам нанғысыз аңыз-мифтер өріп жүреді. Ауыздан ауызға ғана емес, ақпараттық технологияның мүмкіндігімен парақшадан парақшаға көшкен қауесеттер қоғам мүшелерінің, әсіресе өскелең ұрпақтың бойында ұлттық мүдде тұрғысынан зерделенген, тарихи сабақтастық пен әділеттілікке негізделген тарихи сананы қалыптастыруға тек кесірін тигізетіні анық. Көп жағдайда, кеңестік кезеңде өмір сүрген тұлғалар «кімнің мүддесі үшін неге және қалай қызмет етті?» деген ең басты сұрақ ескерусіз қалып, олардың даңқы мен дақпырты жайлы жел сөз алға озады да, тарихи мазмұн бұрмаланып, өмір шындығынан, өз кезеңінің шынайы келбетінен алыстай түседі. Тұлғасыз тарих – тұл тарих, кеңестік қатаң режимнің сынынан өткен және тарихи қалыптасқан өзіндік ұстанымдары бар тарихи тұлғалардың қайраткерлік қырларын өзі жасаған ортаның белгілі шындықтары (архив деректері, құжаттар, жиналыс стенограммалары, т.б.) негізінде зерттеу, зерделеу арқылы ғана біз сол кезеңнің ашылмаған, белгісіз жұмбақтары жайлы ой түйе аламыз. Осы мақсаттан алшақтасақ, тарихтың жауапты да шешуші кезеңінде биліктің тұтқасын ұстап, ауыр саяси жауапкершіліктерге арқа төсеген арыстарды өзінің шын болмысынан, қайраткерлік бітімінен алыстатып алуымыз, тарихи шындықтың белінен аттауымыз мүмкін. Бұл ретте тарихи тұлғаларға байланысты асыра мақтаудың да, сыпыра жоққа шығарудың да қауіпті екенін баса айтқан жөн.

Тек бір ғана тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты ел аузында айтылып жүрген қым-қуыт, бір-біріне кереғар алып-қашпа әңгімелердің өзі неге тұрады? Кеңестік кезеңдегі көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі Жұмабек Тәшеновтің есіміне байланысты бұл күнде ақиқаты мен аңызы аралас әңгімелер жиі айтылады. «Тәшенов КСРО-ның батыс республикаларынан келгендерді солтүстік өңірлерге қоныстандыруға қарсы болған; Қазақ КСР жерін Өзбек КСР-іне беруге келіспеген; Маңғыстауды қорғап қалған» т.б. естіген жанның құлағын елеңдетін хикаялардың қисыны қаншалықты? Тың эпопеясының ең белсенді кезеңі Қазақстанға Ресейден, Белоруссиядан және Украинадан миллиондаған адам қоныс аударған 1954-1962 жылдарға тура келеді. 1955 жылы Хрущевтің сенімді кадрлары – Қонаев пен Тәшенов жергілікті элитаның өкілдері ретінде, біріншісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, екіншісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Қонаев пен Тәшенов тың жерлерді игеру туралы Мәскеу қаулыларын рес­публикадағы орындаушылары болды деп айтуға толық негіз бар. Және орындамаймын деп айтқан адам мұндай жоғары лауазымда отыра алмас еді. Тәшенов пен Қонаев республика билігінің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының басшылары, сол кездегі жұмыстың негізгі ұйымдастырушылары ретінде жүктелген міндеттерді өз ұстанымы мен мүмкіндіктеріне және өкілеттіктеріне сай орындады. Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы байырғы тұрғындарының ұлттық мүддесіне қайшы «Қазақ КСР мен Өзбек КСР шекарасының ішінара өзгерістері туралы» қаулының қабылдануы Тәшенов­  қызметте болғанда іске асырылды. Ал Хрущев Маңғыс­тау түбегін Түрікмен немесе Әзербайжан КСР-інің біріне беру туралы мәселе көтерген 1960-1962 жылдары ­Тәшенов Қазақ КСР басшылығында болмаған, бұл шешімге ықпал ететіндей мүмкіндігі жоқ еді. (Тантал Аскарулы: Шаяхметов пен Қонаевтың еңбегі неге Тәшеновке телінеді? «Комсомольская правда Казахстан», 2022 ж. 9 ақпан).

Әрине, біз Қазақстанда тарайтын Ресей басылымының тілшісі Т.Аскарулының пікірін біржақты қолдағалы отырған жоқпыз, Ж.Тәшеновтің Тың өлкесін Ресейге қосумен келіспей, республиканың аумақтық тұтастығын сақтап қалуда азаматтық ерлік көрсеткені рас. Тарихшы Бейімбет Ермұқановтың жазуынша, «…60-шы жылдардың бас кезінде Хрущев Қазақстанның бес облысы кірген Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы өлкені тікелей орталыққа бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылған кезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсынысына өжет ұлтжанды басшы – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы ­Ж.Тәшенов батыл қарсы шықты. Ақыры Одақ басшысының бұл даурықпа дәмегөйлік пиғылы жүзеге аспай қалды». ­Ж.Тәшеновтің Кремльдің пәрменімен қызметтен кетірілуі де осы оқиғаға байланысты болуы мүмкін. Өйткені оның қызметтен босату жөніндегі шешімге, протоколға үңілген тарихшы көрмедік. Әрине, ер еңбегі еленбей қалған жоқ, қайраткердің есімі көшелерге, мектептерге берілді, елордада 2021 жылы еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл – тұлғаға халықтың құрметі мен махаббатының куәсі. ­Д.Қонаевтың үлкен еңбегі – ­Брежнев Кеңес Одағы билігіне келген соң Мәскеуге бағынатын Тың өлкесін жойғызды, Қазақстан картасында жаңа облыстар, қалалар пайда болды, өкініштісі, сол шаһарларда қазақ мектептері саусақпен санарлық қана еді.

Кеңестік биліктің шекті мүмкіндіктерін қазақ жерінде білім мекемелерінің ашылуына, ұлттық кадрларды даярлауға, ғылымға жанашырлық көрсетуге, т.б. бағыттай білген мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтің (карьерасы ішкі істер органдарындағы басшылық сатыдан басталғаны ел ішінде жағымсыз әсер қалдырғаны рас) тұлғалық қызметі туралы тарихшылар ортасында сөз болғанмен, былайғы жұрт көп біле бермейді, қалтарыста қалған қайраткердің өнегесі мен өкініштері тиісті деңгейде таразыланып, әділ бағасын алып жатқан жоқ. Хрущевтің әмірімен 1954-1955 жылдары Қазақстанда 6,3 миллион гектар тың жерлерді игеруге шешім жасалғанмен, Шаяхметов басқарған Қазақстан басшылығының бұл жоспарға күмәнмен қарағаны, сондықтан заманадан кеш қалған, жаңа дәуірге лайықсыз басшы деп бағаланып, Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы қызметінен кетірілуі; бұл туралы Хрущевтің өз естелігінде «Шаяхметов астық алқаптары ұлғайса, оны қазақтардың өзі өсіре алмайтынын түсінді, ол үшін еріктілерді көмекке шақыруға тура келетін. Ал ол мұны мүлде қаламады, өйткені мұндай болғанда Қазақстандағы тұрғылықты халықтың үлесі одан сайын азаяр еді» деп жазғаны біраз шындықтың бетін ашып тұрған жоқ па? Тың эпопеясы Леонид Брежнев, әсіресе Дінмұхамед Қонаев бастаған республика басшылығы үшін басты жетістік ретінде тарихқа енді. Қонаев бұл жайында өзінің «Өтті дәурен осылай» деп аталатын мемуарлық еңбегінде «Уақыт ілгерілеген сайын республика алдында тұрған келелі міндеттер көбейе де, кеңи де түсті. 1954 жылға қарағанда 1955 жылы тың жерді игеру кең көлемде жүргізілді. Алғашқы жылы Қазақстанда 90 совхоз ұйымдастырылса, 1955 жылы ең кемі 250 жаңа совхоз ұйымдастыру міндеті қойылды. Біз тыңды бүкіл ел болып көтердік. Мен мұны қайталаудан жалықпаймын» деп жазған. Әрине, Қазақстан тың игеру арқылы алып аграрлы, астықты елге айналды. Ол кезде тың жерлерді жедел игерудің ықтимал зардаптары жайлы ешкімнің ойланбағаны, ойланса да айта алмағаны ақиқат еді. Экологиялық ахуал мен жергілікті халықтың шаруашылық дәстүрін ескермеу, ұлттық мүддені ойламау үлкен зиян әкелді. 1960 жылдарға қарай Қазақстандағы тың өлкелерінде 9 миллион гектар жер эрозияға ұшырағанын айтудың өзі жеткілікті. Жыл санап жергілікті халықтың үлес салмағы кеми берді, ақыры өз жерінде азшылыққа айналды.

Тарихи тұлғалар тау секілді – олардың да күнгейі мен теріскейі, шуағы мен көлеңкесі болады, мұқият қарастыруды қажет ететін қалтарыс құпиясы да аз емес, олардың жеке басын, тарихи рөлін бағалаудың өзіндік критерийлері болуға тиіс және олар туралы шынайы баға өз заманының шындықтары шеңберінде уақыт сынынан өте алатындай деңгейде берілуі қажет. Күнгейін ғана көріп, теріскейіне көз жұма қарауға немесе керісінше теріскейіне ғана шұқшиып, күнгейін естен шығаруға болмайды, әйтпесе асыра мақтап, қолдан құдай жасауымыз немесе сыпыра даттап, тарихи сабақтастықты үзіп алуымыз ықтимал. Мысалы, Қытайда XX ғасырдың 60-шы жылдарынан кейін Мао Цзэдунның жеке басына табынушылық етек алып, оның тарихи рөлі көзінің тірісінде-ақ асыра бағаланды, мұның салдары адамзат тарихындағы ең ауыр нәубеттердің бірі – «Мәдени революцияға» алып келді, миллиондаған адам жазықсыз көз жұмды, қытайлықтар өзінің тарихи-мәдени тамырынан ажырап қала жаздады. Тек Мао өлгеннен кейін ғана, ҚКП ОК «Республика құрылғаннан бергі бірнеше тарихи мәселе туралы» деген атпен қаулы шығарып, Мао-ға «еңбегі 70 пайыз, ағаттығы 30 пайыз» деген баға береді. Бұл баға биліктің ресми ұстанымы ретінде тарихи зерттеулер мен шығармашылық жұмыстарда үнемі басшылыққа алынып отырады, ешкімнің бұл шектен шығуына рұқсат етілмейді.

Әрине, бұл жерде Қытай тәжірибесін өнеге ретінде ұсынып отырған жоқпыз, өйткені екі елдің жағдайы бір-біріне сай келмейді, саяси, мәдени, тарихи, ұлттық дәстүрлері өзгеше, академиялық еркіндік пен сөз бостандықтарының деңгейі, әсіресе дүниетанымымыз бірдей емес. Дегенмен, екі елде де тарих пен тарихи сана, соның ішінде тұлғалар мәселесі өте өзекті екенін ескергенде, тарихты жазудың мыңдаған жылдарға жалғасқан бай дәстүрін қалыптастырған қытайлықтардың кей тәжірибесіне терең үңіліп, одан өзімізге керектіні ала білсек, артық болмас деп ойлаймын.

Тарихшылардың пікірінше, кеңестік кезеңдегі тарихи тұлғалар, соның ішінде әсіресе биліктің жоғары сатысына көтерілген белгілі азаматтар туралы сөз қозғағанда, олардың қайраткерлік қызметі нақтылы тарихи, құжаттық деректер негізінде тарихи құбылыстардың өзара әрекеттестігі және қарама-қарсылықтардың бірлігі тұрғысынан қарастырылуы, қалыптастырылуы қажет. Сондай-ақ қаһары қатты заманның темірдей қатаң тәртібінде, олардың мүмкіндіктері қашанда шектеулі болғанын қаперде ұстаған жөн. Олардың кейінгілер аңыз қылып айтатындай ұлтшыл, мінсіз, көсем, әулие, идеал тұлға болуы екіталай, олар ең алдымен, коммунистік идеологияға адал берілген адамдар, кеңестік тоталитарлық жүйенің жақтаушылары мен құрылысшылары, социалистік режимнің соқпағы илеп, тоқпағы тиген замана қаһармандары болды, сол кезеңнің кінәраты мен кемшілігі, қасіреті мен қайғысы оларға да ортақ, елге, жерге қызмет ету кеңестік тар шеңберден асқан жоқ. Кеңестік кезеңдегі саяси қайраткерлерді халық мүддесінің шынайы жоқшысы, тіпті, ұлт көсемі ретінде көрсетуге ұмтылу замана шындығына, тоталитарлық жүйенің ұлтсыздандыру мақсаттарына сай келмейді. Тарихи зерттеуде осыны ескергенде ғана тұлғаларға біржақты баға беруден сақтанып, қиын кезеңде күн кешкен қайраткерлердің шындығына бір табан жақындай түсеміз һәм олардың саяси қызметін, өмірлік өнегесі мен өкініштерін шын мәнінде ел игілігі үшін кәдеге асыра аламыз. Басқаша айтқанда, тарихи деректерсіз тарихи шындыққа көз жеткізу мүмкін емес. Аңызбен шын тарих жасалмайды.

Сөз соңында айтарымыз, тарихи тұлғалар туралы түбі шикі, төркіні күмәнді әңгімелердің ауа жайылуына кәсіби, білікті тарихшылардың объективті, нақты және шынайы ой-пайымдарының оқырман құлағына жетпей жатуы да себеп болатын секілді. Конференция мен семинарлардың мінбесінде оқылып, ғылыми жобалар аясында кітап болып жарық көргенмен, тарихи зерттеулер қоғам мүшелерінің қолына еркін тиіп, көкірегіне сәуле құя бермейді. Сондықтан, халық ішінде «Ғалымдар қайда қарап отыр? Тарихи институттар неге үнсіз?  Неге әділ бағасын айтып, келелі кесім жасамайды?» деген сұраулар жиі қойылып жатады. Расымен ойландыратын жайт, тарихшылар үшін үлкен сын! Осы тұрғыдан келгенде, азаматтық-тарихи сананы қалыптастыруды өз қызметінің бір парасы ретінде қарастыратын қазақ журналистикасына тарихшылар мен көзіқарақты оқырман арасына алтын көпір болатын тарихи публицистика, нақтырақ айтқанда, тарихи журналистика жанры керек сияқты.

Ерлан МАЗАН, тарихшы-журналис

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button