Сұхбат

Әнімді қанаттандырған Айтматов еді

Илья ЖАҚАНОВ, композитор, жазушы: 

Қырғыз бен қазақтың тамыры терең музыкасының құнарын тел емген, сазының иірімі жүректі тербеп, сезімді өзгеше күйге салған композитор Илья Жақановты Астана шаһарына бір ат басын бұрғанында әңгімеге тартқанымыз бар-ды. Есілдің жағасында «Еділ мен Жайықты» шырқата отырып, кеңінен ақтарылған Ілекеңнің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен достығын, естен кетпес кездесулерін әңгімелегенін бүгінге дейін оқырман назарына ұсынып үлгерген едік. Ал, мұнда Илья Жақанов алғашқы туындыларымен қатар, «Адамзаттың Айтматовы» атанған қырғыз жазушысының шығармаларынан туған әндерінің тарихын сөз етеді…

– Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың үйіндегі Салтанат апайдың аузынан естіген болуым керек, қателеспесем, «Салтанат» деген әніңізді ақынның тойында шырқапсыз. Осы әннің тарихына кеңірек тоқталсаңыз…

– Бұл сауалды былай қой­мауың керек еді. «Сізді тыңдар­мандарыңызға алғаш танытқан әніңіз қандай?» дегенің жөн еді.

– Жарайды, солай делік, сіз­ді жалпақ қазаққа танытқан алғашқы әніңіз қандай?

– Менің композиторлық жолым 1956 жылдан басталады. Ол кезде жиырма жастағы екінші курстың студентімін. ҚазМУ-дың филология факультетінде оқимын. Ауылдан келген біз сияқты студенттер драма, опера театрлары­на көп баратын. Ол кезде қазіргідей жас­тарды елеңдететін, ой-санасын мүлде билеп алатын, бүкіл жан-дүниесін беймаза күйге бөлейтін ешнәрсе болған жоқ. Сүт­тей ұйыған советтік өмір еді. Біз кітапты көп оқитынбыз. Театр­мен қоса, осы күнге дейін ұмы­тылмайтын, нағыз гуманистік рухта туған таңғажайып картиналардан тұратын киноларды қызығып көретінбіз. Біз сол советтік кино­лардың, театрлардың, концерттік ұйымдардың рухымен өстік.
1944 жылы мен бірінші сыныпта едім. Соғыстан оралған әкем де (кейін мұғалім болды ғой), ауылдағы басқа ағаларым да орыстың керемет әндерін айтып келді. «Темная ночь», «Катюша», «Если завтра война» сияқты адамның жан-жүрегін тербейтін, сұлу, тағдыры бар, тарихы бар, сол кездің, соғыс кезінің бейнесін, суретін, келбетін айқын елестететін әндерді айтатын. О бастан соларды тыңдап өстім. Кейін білдім, орыстың сол тамаша әндері совет өкіметінің алғашқы кезеңінде – жиырмасыншы, отызыншы жылдары қазақтың өміріне дендеп енген екен. Өйткені, сол бір сазды да, сюжеттік әндер қа­зақ­тың мәдени дүниесінде мүл­де болмаған жаңалық сияқты. Қазақта сюжеттік әндер жоқ, ылғи сүйем, күйем, махаббат, арман, үміт, асқақ сезім… Ал, орыстың сол кездері тараған кейбір әндерінде тағдыр бар, тарих бар, өмір бар. Сол әндердің бірі – «Одинокий гармонь». Ол қазақша былай айтылатын:
Қайтадан әлемнің бәрі ұйқыда,
Есіктері жабылып, от сөнген.
Көшеде естілер жалғыз ғана,
Гармонның тәтті үні түн кезген.

Жас жігіт түнде өзінің ғашы­ғымен тілдесуді армандап, көшеде жалғыз өзі гармонь тартып, қыздың көңілін өзіне аударып, беймаза күйге түсіретін махаббат әні. Одан кейін,
И кто его знает,
Зачем он моргает.
Зачем он моргает,
И кто его знает, –
дейтін ән сазы жүрегімді ерекше баурайтын. Осының өзі мені сюжеттік әндерге қызықтырды. Сөйтіп, ең бірінші Қасым Аман­жоловтың «Түн ортасы болғанда» деген өлеңіне ән шығардым. Бірінші әнім, тұңғыш әнім бұл:

Түн ортасы болғанда,
Отырсың жігіт нені ойлап.
Кімнің атын жазасың,
Қайта-қайта шимайлап…
Жаңағы «Одинокий гармоньмен» үндес келеді.
Махаббатың бұлбұлы,
Жүр ғой сенен алыстап.
Ол естімес үніңді,
Шақырсаң да дауыстап…

Міне, менің талғамыма сай сюжетті өлең Қасым Аманжоловтан табылып, тұңғыш әнім дүниеге осылай келді. Осы әнді студенттер таласа айтып, жұртшылыққа таралып жатқан кезде «Салтанат» деген әнім туды. «Салтанат» қа­зақтың нағыз дәстүрлі ән сти­лінде туды. Ар жағы Біржан сал, Ақан серілердің үлгісін танытқан, соғыста мерт болған көкшетаулық атақты әнші Рамазан Елібаевтың «Жас қазағы», елуінші жылдары шыққан Әбілахат Еспаевтың «Маржан қызы», оның алдындағы Ахмет Жұбановтың «Қарлығашы» секілді жалғасып, ешқандай ұлттық колориттен ауытқымай, қазақтың тұмадай тұнған өз әуезі болып кең тарап жатқанда, менің «Салтанат» әнім дүниеге келді.
Әнге ат қоюдың өзінде үлкен мән бар. Дәл сол кезде «Абай жолы» романын құмартып, құныға оқып жүрген едім. Онда Абайдың көңіліне жақын, жаны сүйетін, ғашықтығы сезіліп тұратын, іштей оған ешкімді теңгермейтін, кәдімгі аяулы арулары болған. Абай оларды сүйген. Оның бірі – Салтанат, бірі – Қуандық. Қуандық – ақын, Сабырбайдың қызы, найман. Міне, осындағы Салтанат көркем, көрікті, романдағы бет-бейнесі, аты жаныма жақын, жарқын еді. Сондықтан, әннің атын «Салтанат» деп қойдым. Бұл ән үлкен композиторлардың, ең алдымен Латиф Хамидидің назарына ілікті. Одан кейін ерекше қызыққан Әбілахат Еспаев болды. Жаңа айтқанымдай, ол кезде оның «Маржан қызы» бүкіл қазақты шалқытып жатқан. Содан кейін «Сағындырған сәулем-ай», «Ақ тамақ», «Жетісу» әндерін шалқытқан соқыр композитор Садық Кәрімбаевтің өзі тамсанды. Мен ол кезде студентпін. Соларға үйірсектеп жүреміз. «Ойпырмай, мынау қандай тамаша ән!» деп, таңдай қағысты.

Өмірзақ Айтбаев деген курстас досым бар еді, әнші. Өзі Оңтүстік Қазақстанның Шәуілдірінен. Сыр сүлейі Айтбай Белгібайұлы деген ақынның ұрпағы. Сол Өмірзақ алғашқы курсынан-ақ біз айтатын Арқаның әндеріне мықтап ене бастады. Біржанның, Ақан серінің, Естайдың әндеріне, «Екі жирен», «Жиырма бес», «Ақ бақай», «Гау­һартас», «Алқоңыр», «Наз­қоңыр», «Дударай» сын­ды халық әндеріне ерекше қызығып жүргенде, оны Ғарифолла Құрманғалиев пен Жүсіпбек Елебеков тыңдап, өнеріне тәнті болған. Әлгі «Салтанат» әнін қазақтың дәстүрлі әніндей жеріне жеткізіп, домбырамен айтып жүрді ол. Оған дейін Өмірзақ екеуміз бұл әнді жарыққа шығару үшін бір курс жоғары оқитын Қадыр Мырза-Әліге жолықтық. Қадыр әнді тыңдады да бірінші айтқан сөзі: «Өте оригинально, өте оригинально» деді. Ол кезде бұл сөз­ге мән берген жоқпыз. Сөйтіп, әннің сөзін жазуға келісті. Екі-үш күннен кейін сөзін алып келгенде көрдім, «Салтанат» деген әннің атын үстінен сызып, «Сағатай» деп жазыпты. Өлеңді оқысақ, бір міні жоқ.

Уәдеңе өзің берген бекем бе едің,
Жүректі мәңгілікке мекендедің?..

деп бастайды. Қазақтың дәстүрлі әні сияқты, үлкен сағыныш, үкілі үміттің лебізі сияқты болып шыққан. Алайда, көкейімдегіні жасыра алмадым. «Неге «Сағатай» деп атадың? Әнім «Салтанат» қой» дедім. «Сағатай – алайын деп жүрген қызым еді» деді. «Менің әнімнің аты – «Салтанат». Әннің иесі – мен. Әнді бірінші мен шығардым, сен екінші пландағы адамсың. Неге «Сағатай» болуы керек?» дедім. «Ә-ә, ойлану ке­рек екен» деді. «Бұл – Абай романындағы Салтанат деген атқа байланысты қойылған» дедім. Өлеңді алып кетті де, екі-үш күн өтпей «Салтанат» деп өзгертіп келді. Кейін, бір жылдан соң Қадыр үйленді. Тойында сол кездегі замандастары, курстастары болды. Тастақтағы екі бөлмелі пәтердегі думанға он-шақты жігіт қатысты. Сол тойға маған ақ-қара түсті шақыру билетін бергенде байқадым, Қадыр келіншегінің суретінің астына «Салтанат» деп жазыпты. Сөйтіп, менің «Салтанат» әнім Сағатай қыздың атын өзгертті. Міне, ол әннің туу тарихы осылай.

– Сонда Қадыр ақынның үйін­дегі апайдың есімін сіз қойған болдыңыз ғой?

– Әрине, менің әнімнің атымен аталып отыр. Оны өзі де талай айтқан. Айналып келгенде, «Салтанат» әні сол кезде халық­қа кең тарады да, Салтанат деген есімдер көбейе бастады. Алматыдан шыққан ән бүкіл қазақ даласына жетті. Совет Мазғұтов деген бізден бір курс кейін оқыған жігіттің жары Шолпан екеуінің тұңғышы осы «Салтанат» әнімен аталды. Жап-жақсы даусы бар еді, өзінің тойында осы «Салтанат» әнін айтты. Міне…

– Аға, келесі әңгімемізді жарты әлемге танылған қырғыз қа­ламгері Шыңғыс Айтматовтың шығармаларының әсерінен туған бес әніңіз жөнінде, адам­заттың Айтматовымен та­ныс­­тығыңыз, достығыңыз төңі­регінде өрбітсеңіз.

– Бұл былай: 1963 жылғы қазан айының оныншы жұлды­зында Мәскеу радиосы таңер­теңгі жаңалықтарын бергенде, «қырғыздың көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматов Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды» деді. Мен ол кезде жаспын, жаңадан үйленген кезім. Бір жасар тұңғышым Бауыржан бар. Телевидениенің жастар редакциясында істейтінмін. Қазақ радиосы мен телевидение жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы көкшетаулық Кенжеболат Шалабаев деген кісі болатын. Өзі өте білімді, интеллектісі жоғары, ұлтжанды кісі еді. Сол кісі осы хабарды тауда демалып жатқанда естіпті. Жұмысқа келген бойда, «Шыңғыс Айтматов деген – әлемге аты кеткен жазушы, Мұхтар Әуезовтің өсиетімен, тапсырып кеткен адамдарының көмегімен, Құдай жарылқап, қырғыз бен қазақтан Лениндік сыйлықтың лауреаты атанған Мұқаңнан кейінгі екінші қаламгер. Сондықтан, Шыңғыстың шығармалары қазаққа кең тараған» деді. Дәл сол кездерде қырғыз халқы Шыңғысты түсінбей, даттап, «орыстанып кеткен жазушы, мұның «Жәмила» повестіндегі Жәмила қырғыздың әйелдеріне ұқсамайды, күйеуі соғыста ел қорғап, Отан үшін отқа түсіп жүргенде Данияр деген біреумен көңіл жарастырған, бұл – біздің әдебиетке жат құ­бы­лыс» деп, Шыңғысты жаз­ғы­рып жүрген. Мұхтар Әуезов бас­таған қазақ әдебиетшілері, қа­лың қазақ оқырманы Шыңғыс шығармаларын керемет қабылдап, оқып жатқан кез. Соның бірі – мен. Шалабаев айтты: «Тамаша хабарды естідіңдер. Бүгін немесе ертең Шыңғыс Фрунзеге түсіп, үйінде болады, әрине. Сендер телефон шалып, қырғыздарға соқтырмай, Алматыға алып келулерің керек. Біздің телевидениеден ашық, тікелей эфирде баспасөз мәслихатын ұйымдастырамыз».

Ол кезде телевидениенің бас режиссері Сапарғали Шәріпов болатын. Керемет актер, өте талғампаз, сергек көңілді кісі. Сол кісі Шыңғыспен Мәскеуде Горький атындағы әдебиет институтында бірге оқыған, әдебиет бөлімін басқаратын Жаппар Өмірбековті, Саттар Сейітқазин деген ақынды үйіріп, тапсырмаға жұмыла кірісіп кеттік.

…Түстікке үйге келдім, апаң шай беріп отырған. «Жәмила» повестінің орысшасын қайтара оқып жүрген едім. Жұрт қазақ­шасына жапырлап ден қойып жатқанда, қазақша аудармасынан гөрі орысша түпнұсқасы маған ерекше әсер етті. Өйткені, орыстың Шолоховын көп оқитын едім. Шай үстінде «Жәмиланы» қайта парақтап отырғанымда, «Даниярдың әні» туды. Шың­ғыстың қасында Жәмила, Жәми­ланың қасында кішкентай қай­нысы – Сейіт, үшеуі Маймақ деген стансаға астық тапсырып, далаурап күн батып бара жатқанда Шекер айылына қайтады. Бұл – Шың­ғыстың өз ауылы. Талас облысы Әулиеатамен шектес. Бұл – соғыстан жараланып келген Данияр қырманның басында арбамен астық тасып жүріп, Жәмила екеуінің арасында махаббат басталып қалған кез. Жәмиланың күйеуі соғыста, Жәмила оны сүймейді. Даниярдың ішкі жан-дүниесі сондай бай, текке сөйлемейді, сөйлесе, адамның жанын жай таптырады. Жәмилаға өлердей ғашық болады, екеуінің арасында сезім тұтанады. Әлгі Шекерге қайтар жол үстінде кішкентай Сейіт бәрін бағып отырады. Жәмила Даниярмен тілдесуге ынтық. Бірақ, Данияр үндемейді, сабырлы. Оған Жәмиланың жыны келеді. Шыдамай, алдындағы Данияр арбасының қасына барып, арбаны сол қолы­мен ұстап, үнсіз жаяу жүріп келе жатады. Бірде Даниярдың қолы Жәмиланың қолына тиіп кетеді. Міне, осы кезде Данияр әндете кетеді. «Даниярдың үні қырғыздың Алатауындай асқақтап, биіктеп, аспандап кетті. Енді бір уақытта қазақтың кең даласы болып жайылды» дейді Шыңғыс. Міне, осы сәт менің әнімнің туатыны. Кітаптың осы жолдары менің әнімді дүниеге әкелді. Сөйтіп, Шыңғыстың прозасына осылайша ендім мен. Өйткені, бұған дейін қырғыздың колоритына, әуезіне ынтық болғам.

– Кешіріңіз, осы жерден сө­зіңізді бөлсем, қазір ғана айтқа­ныңыздай, қырғыздың әндеріне, өнеріне қалай қанықтыңыз? Қырғыз музыкасының құнары­мен қалай нәрлендіңіз?

– Мен өскен Сарысу елі Арқадан келген, Арқада жүргеннің өзінде қыстауы Шудың бойы болған, Жайлаукөл, Ұланбелдің етегі, Созақ даласына дейін төмендеп кете береді. Арқадағы ел Жай­лау­көлді, Шуды қыстағанда Әулие­атамен, Шымкентпен байланысады, мына жақта қырғыздың Тоқмақ, Ыстықкөл, Бішкегіне жол салады. Міне, қырғыз бен қазақтың байланысы солай жүріп жатқанда, қырғыздың әндері біздің қазақтың жүрегіне сіңе берген. Ашаршылық, соғыс жылдары біздің елдің ер азаматтары тоз-тоз болып, қай жер­де күнкөріс болса, сонда ауды. Бірі тәжікке, бірі қырғызға, бірі өзбекке сіңіп кеткен. Заман тынышталып, Сарысу ауданы орнығып, ел қонғанда, шашырап кеткендер әупірімдеп қайтып келді. Әкелеріміз бір-бір қырғыздың қызын ала келді. Біреуі – Бәтима, біреуі – Сәбиға. Мен бес-алты жасымнан қырғыз жеңгелерім салған әнді еш жатсынбай, қазақтың әндеріндей қабылдап, жүрегіме сіңіре бердім. Атай Оғамбаев жазған «Есімде», Жамал Омарова айтқан «Перизат-ой», «Бір мысқал», «Биші ырғай», «Түсімде» әндері, Тоқтағұлдың неше түрлі толғаулары, қырғыз композиторлары жазған басқа да әндер менің жүрегіме ертеден орнықты. Сол қырғыздың колоритімен емін-еркін толғатып жазған «Даниярдың әні» 1963 жылы Шыңғыспен болатын баспасөз мәслихатында орындалды. Қазанның оны күні туып, он екісі күні тікелей эфирге шықты. Өмірімдегі ең бақытты сәт осы. Атағы дүрілдеген әнге бүкіл қазақ дирижерлері, композиторлары, ақын-жазушылары таң-тамаша болды. Осы әнмен бүкіл Алматы гуілдеп, гүрілдеп кетті. Кез келген жерде осы әннің оқиғасы айтылып жататын. Өйткені, Айтматовпен эфир арқылы бірнеше рет тілдесті халық. Сонда Шыңғыстың айтқаны ғой: «абдан жақшы, абдан жақшы, е-е-е, алдыда жақшы күндер болсо, тағы да бір Даниярдың ауанына үндес келетін Жәмиланың ауа­нын жазып қойсаң болады екен. Шоң рахмет!» деді. Сол жолы «Даниярдың әнінің» нотасын Шыңғысқа сыйладық. Әннің сөзін Шыңғыспен бірге оқыған ақын Саттар Сейітқазин жазды. Бірақ, ол асығыс жазды, кітаптағы суретті бере алмады, алғашқы кезде амалдың жоғынан сол мәтінмен айтылып жүрді. Бірақ, менің ойымнан шыққан жоқ. Кейін мен мұны:

Ай жарық, тып-тыныш атырап,
Жүректер тағы да қауышты.
Жанарың жұлдыздай жарқырап,
Толқытты, сабырды тауысты, деп өзгерттім. Кітаптағы сезімді толқытатын әр сөйлем, сөз менің нұсқамда осылай дәл, анық түсті. Бұған Шыңғыс керемет қуанды. «Қандай үйлесім, менің өз дабышым, өз үнім ғой» деген сөзді сол кезде айтты.

1964 жылы «Жәмиланың әнін» жаздым. Бұл – Жәмила мен Даниярдың қол ұстасып, ауылдан кететін сәті. Қоштасу әні. Жәмила сүйікті ауылымен қоштасады, қимайды. Сол ауылдың ибадатты келіні, ауылдың қадір-қасиетін біледі. Амал жоқ, махаббат жеңіп барады. Бұл ән арада отыз жыл өткенде ғана орындалды. 1994 жылы Алматыдағы Республика сарайында Шыңғыс Айтматов пен Астраханның губернаторы Гужбинге Президент сыйлығы берілген салтанатты күнде бағы жанды. Қырғыздың атақты дирижері Асанхан Жұмахматов симфониялық оркестрмен сүйемелдеп, қазақтың Бибігүлі сияқты өте көркем Дариға Жалғасынова деген халық әртісіне орындатты. Қазақ пен қырғыздың жан-жүрегін толқытқан «Да­нияр­дың әніне» ылғи тенорлар қызығатын, «Жәмиланың әніне» колоратуралық сопрано қызығатын.

– «Жәмиланың әнінің» сонша уақыт бағы жанбауын қалай түсінеміз? Әлде, «Даниярдың әніне» теңесе алмады ма?

– 1963 жылы «Даниярдың әніне» кезектен тыс көркемдік кеңес шақырылып, Шалабаевтың алдында тыңдалғанда, Халық әртісі Евгений Брусилов­с­кий келе қалып, «Мынау ән емес, ария ғой» деді. Ал, енді қыр­ғыздар өзінің концерттерінде «Даниярдың ариясы» деп беріп жүрді. «Жәмиланың әні» де солай болып шықты. Әлгі Асанхан Жұмахматов «Жәмиланың әнін» жоғары бағалап, «Сальвейгтің әні сияқты. Бұл неге Қазақстанда айтылмайды? Себебі, әншілеріңіз кәсіби деңгейге шығара алмады» деп, күліп отырып айтатыны бар.

Енді менің ерекше қызыққан кітабым – «Қызыл орамалды шырайлым менің». Бұл повесть өте көркем жазылған, қайта-қайта оқи бергің келеді. Мұндағы Ілияс – албырт, аңқау, мінезі дыз етпе, өзінің бүкіл бақытын шайқап алатын, байқамай бәрін бүлдіріп алатын, тағдырлы жан. Әселінен көз жазып қалады. Бүкіл арманы, аңсауы, құсасы Әсел болып қалады. 1965 жылы күзде «Әселімді» Ыстықкөлде жатып шығардым. Оған себеп, дәл сол кезде «Қайта оралған» деген повесімді жазып, ең соңғы эпилогында Ыстықкөлді суреттеген едім. Оның тас-талқан болып бүлініп, тулап жатқан сәтін суреттедім повесімде. Ол – қырғыздың екі көзі жоқ, соқыр музыкантының тағдыры болатын. Міне, сол кітаптың соңғы эпилогы мені қазан айында Ыстықкөлге тағы апарды. Сол сапарымнан қайтарда көлге қарадым, тау-тау толқындар жөңкіліп келеді. Сол кезде «Қызыл орамалды шы­райлым менің» повесіндегі Ыстықкөлмен қоштасатын Ілияс елестеді көз алдыма. «Қош бол, Ыстықкөл, қош бол, Әсел, қош енді айтылмаған әнім менің» дейді кітаптың соңында. «Әселім» тура осындай сәтте, кітаптың соңғы нүктесін қоярда туды. Сол сапарымнан кейін Алматыда тамыл­жыған жақсы, жылы күн болды. Екінші ұлым Данияр бесікте. Бір демалыс күні күн шуақта баламды арбасымен қыдыртып жүргенмін. Бір кезде балам қыңқылдады. Үйге кіргіздім, көзі қарақаттай, қоянның көжегіндей сүйкімді балам қолынан ұстасам, секіріп кетеді, төсекке секіріп мініп, ішегі қата күледі. Баланың қылығына қызығып отырып, еліге түскенім сондай, алдыма ұстап отырғанымда «Асылым» деген ән келді.

…Сені ойладым жарқылдаған асылым.

Міне, осы ән сол кітаптағы Хадиша деген кейіпкердің жалт-жұлт еткен, мың құбылатын образынан, Әселден айырылған Ілиясты оп-оңай көндіріп алатын, оп-оңай бүлдіріп алатын әйелдің әр түрлі: бірде жаз, бірде күз, бірде қыс, бірде көктем бола қалатын мінезінен туды. Бірақ, бәрібір Ілиястың жүрегіндегі махаббат туғызып жатқан әндер бұл.
Енді арада біраз жыл өткенде «Қош бол, Гүлсары» кітабы бойынша Танабайды сонша елжіретіп, өзіне ынтық қылған Бибіжанға деген махаббаттан туған ән. …Салып ұрып Гүлсарымен таудың ішінде, айлы аспанның астында келе жатады Танабай. Тез жеткісі келеді Бибіжанға. Ән осы ынтық көңілден шыққан. Міне, Шыңғыс Айтматов осы әндердің бәрін тыңдап, өзінің жетпіс жылдығында маған берген «Тавро Кассандры» деген кітабына былай қолтаңба қойды: «Даниярдың ауаны», «Жәмиланың ауаны», «Әсел», «Асылым», «Бибіжан» – өз дабышым».

Шыңғыспен арақатынасымыз үзілген емес, ол «Дүниенің қай шетіне бармайын, алдымнан Данияр шығады, алдымнан Әсел шығады» дейтін. Сондықтан, осынау әндер менің өмірімдегі «Айтматов циклы» десе де болады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button