Мәдениет

Әнінің адам жетпес бұрмасына

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халық композиторы Біржан сал Қожағұлұлының 185 жылдығына арналған «Әніңнің адам жетпес бұрмасына» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш атауы айтыс өнері­нің озық үлгілерінің бірі – Біржан мен Сараның айтысынан алынды. Онда Сара Біржанның әуе­нін жез сырнайдың көмейіне теңеп, салға осы өлең жолын айтады. Халқымыздың жезтаңдай әншісі Жәнібек Кәрменовтің осы аттас кітабы да бар. Бұл еңбекті ол өзінің ұстазы Жүсіпбек Елебековке арнаған. Шара тізгінін ұстаған әнші, өнер зерттеуші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов осыны айтып, халық композиторының өмірі мен шығармашы­лы­ғына тоқ­талды.
– Біржанның туған жы­лына қатысты әртүрлі деректер кездеседі. Атақты композитор, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Еркеғали Рахмадиев «Біржан 1831 жылы туып, 1897 жылы 66-ға қараған шағында, бір-ақ жыл ауырып қайтыс болған» деген Үлкен музыкалық энциклопедия кітабынан алынған деректі алға тартады. Байғабыл Жылқыбаев орындаған «Теміртас» әнінің нұсқасындағы «Сен едің алдымдағы шамшырағым, Менің де 65-ке келді жасым. Ойласам ауруымның түрі жаман, Біржанның кім ұстар деп домбырасын?!» деп келетін өлең жолдарын дәлелге келтіреді, – дейді әнші.
Оның айтуынша, осы «Теміртас» әні өмірінің соңғы жылы шыққан. Бұл ән тарихын тар­қатқан өнер зерттеуші сонымен қатар «Ақтентек», «Жалғыз арша», «Айбозым» әндері қалай шыққанын әңгімелеп, әуелете ән салды. Біржан сал мен ұлы Абайдың кездесуі туралы сөз
сабақтап, «Сіздей орындаушы енді туар ма екен?!» деп Біржанның өнеріне хакімнің тамсанғанын еске алды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button