БілімТаным

Әнмен өрнектелген ғұмыр

«Жақсы оқыған неге жаман болсын?! Көзі ашыққа қашанда өріс кең. Әсіресе өскен ортаң, айналаңдағы дос-құрбыларың білікті де зерделі болса, оларға қарап ойың мен бойыңды қалай түземеске?! Соның арқасында Кеңес орта мектебін бітірген соң, Целиноград медициналық училищесін фельдшер мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтап, кейін қатарымнан қалмасқа талаптана, Қарағандының медицина институтын жоғары білімді дәрігер ретінде ойдағыдай бітіріп шықтым. Өмір өрімінің бастапқы өрнегі осылай қалыптасты» дейді елордалық білікті дәрігер, еңбек ардагері Үміт Әлібекқызы.

Еңбектегі алғашқы қадамын 1968-1976 жылдарда Бұланды ауданындағы Партизанка селосындағы учаскелік аурухананың орта буын медицина қызметкерлігінен бастап, меңгерушісі сатысына дейін көтерілген Үміттің бұдан кейінгі өмір жолы Целиноград ауыл шаруа­шылығы институтының түлегі, аз уақыт ішінде білікті, іскер азамат ретінде жоғары биліктегілердің көзіне түсіп кеңшар басшысы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы сияқты бірқатар лауазымдық қызметтерде ысылған ері Есболат Қасымұлы Дүйсеновтің жұмыс бабымен орайлас өрілді. Атап айтқанда, 1979-1997 жылдарда Сілеті аудандық ауруханасының жасөспірімдер дәрігері, аудандық санитарлық-эпидемиология­лық қызметтің аса қауіпті жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерінде абыройлы еңбегімен елге танылды.
2001 жылы зейнет жасына толуына байланысты негізгі қызметінен қол үзгенмен, өмірінің екінші тынысы ашылғандай қоғамдық жұмысқа бел шеше кірісті. Әсіресе Үміттің іскер де ұйымдастырушылық қабілеті 2008 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданындағы «Радуга», ке­йін «Қаһарман» атты ардагерлердің бастауыш қоғамдық ұйымының төрайымы ретінде атқарған жұмыс­тары арқылы көпшіліктің көңілінен шықты. Нақтырақ айтқанда, осы 2008 жылы бастапқы атауы «Астана» деп аталып, 2019 жылдың желтоқсан айынан «Елорда» болып өзгертілген ардагерлер хор ұжымына жетекшілік етіп, күні осы уақытқа дейін көпшілік мәдени шаралардың қалың ортасынан табылып жүргені сүйсіндіреді. Құрамында дәрігер, ұстаз, спорт шебері, құрылысшы, т. б. мамандық иелерінен тұратын, бүгінде зейнет жасына жетсе де, әлі де өздерін қажырлы да қайратты сезінетін 31 еңбек ардагері бар осы хор ұжымын Нұр-Сұлтан қаласында білмейтіндер жоқ десек қателесе қоймаспыз. Өйткені репертуарларында танымал композиторлардың 100-ден астам шығармалары бар өнер ұжымы елордадағы мектептер, «Еуразия», Қазақ гуманитарлық-заң университеттері, колледждер сияқты білім ордаларында халықтың ежелгі әндерін, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, қолөнерін насихаттап, концерттік іссапарлармен Арқалық қаласында, Ақкөл балалар үйінде, «Шарапат», «Ақжайық» қаттар үйінде болып, өз өнерлерімен көрермендерінің қошеметіне бөленді.
Бұдан өзге, №53 орта мектепте «Әжелер – отбасы тәрбиешісі» кешін ұйымдастырып, қазақы ою-өрнектерді қиюластыра жасауға үйретуі бұл қоғамдық ұжым жұмысының ауқымын кеңейте түсуіне септескені сөзсіз. Өнерге бейім жеткіншек ұрпақ осы арқылы үлкен апа-әжелерінің тәлімінен өздеріне өмірлік қажет сабақ алды десек болады. Сондай-ақ №51 мектептің оқушылары биылғы Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында жыл өткен сайын қатары сиреп бара жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен жүздесіп, өз елін, өз халқын сүюдің, қастерлей білудің тәлімін зерделеріне қондырды.
«Жерұйық», «Жетісу», «Жазушылар» демалыс саябақтарында көпшілік алдында өнер көрсетіп, халқымыздың біртуар асыл перзенті, майдангер Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына арналған арнайы бағдарламаларымен жұртшылықтың құрметіне ие болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы мұражайындағы, «Жастар» театрындағы «Елорда» ардагерлер хор ұжымының 10 жылдығына арналған концерт, Наурыз мерекесінде ашық алаңдарда өнерлерімен көпшілік алдына шығулары жұртшылықтың қошеметіне бөленбей қалған емес.
Мамандығы дәрігер Үміт Әлібекқызының жетекшілігіндегі өнерлі орта ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында осындай салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, жастайынан бойларына дарыған талантын әлі де өздеріне серік етіп келе жатқан ардагер аталар мен әжелердің басын қосқан хор әрі әншілік ұжымды қанаттандырған қандай күш, қандай серпін деген ой осы арада еріксіз алдыңды орайтыны сөзсіз. Бұған жауап біреу: жиған байлықтары – жылдары, бірақ көңілдері – мәңгі жас тот баспас асылдықтары. Бәрінің де бойында әкеден балаға жұғысты болып келе жатқан өнердің сөнбес ұшқыны, алаулы жалыны барынан. Мұны Үміттің өзі де айғақтай түседі.
– Әкем қарапайым еңбек адамы дегеніммен, жасында Арқа жұртына аты мәлім Нұрмағамбет Баймырзаұлының (Балуан Шолақтың) қасына еріп, тәлімін көрген, домбыра шертіп, әуелетіп ән салған серілердің санатынан еді. Соның әсерінен болар, ұлдары да, менің өзім де әншілікке бейім болып өстік. Бұл бір менің ғана емес, «Елорда» хор ұжымының әрбір мүшесінің бойындағы әлі күнге дейін қайнар бұлағының көзі тартылмаған ізгілікті қасиеті болса керек, – дейді Үміт Әлібекқызы өз жайынан тағы бір сырдың ұшын суыртпақтай алға шығарғанында.
Алды сексеннің төрінен әрі озған, олардың іздерін басқан кейінгілері жетпістің бел ортасын еңсерген «Елорда» ардагерлер хорының ұжымы құрамындағы Злиха Әбеу, Тоқтамыс Әбиев, Бақыт Әбілдина, Маркиза Қазақбаева, Ермек Тұрлыбаев, Айгүл Исабаева, Қымбат Мырзахметова, Бақытжан Жұқатаева, хордың музыкалық жетекшісі Жекен Тебереков, тағы басқа ардагерлердің қай-қайсысы да өз таланттарымен елорда жұртшылығын тәнті етіп жүрген жандар. Жыл сайын «Қажымұқан» стадионында өткізіліп тұратын шаңғы жарысына бір кісідей жұмыла қатысатындары тағы бар. Міне, қоғамға пайдалы іспен айналысудың жарқын мысалдарын іздегендерге бұдан артық дәлелдің де қажеті бола қоймас. Сүйсінсең, сүйінерлік жай – осы.
Елордада осында ізгілікті істерімен ғұмыр өрін ілгері бастырып келе жатқан Үміт Дүйсенова – еңбектен қол үзбей жүріп төрт баланы өмірге әкелген, олардан 10 немере көріп отырған абзал ана, асыл әже. Тұңғышы Жанар – өзінің жолын қуып Қарағанды мемлекетік медицина институтын бітірген дәрігер. Айгүлі – ұстаз. Әлиясы – екі жоғары білімі бар заңгер әрі экономист, ал ұлы Жеңіс – инженер-энергетик және экономист мамандығының иесі. Сондықтан да Үміт ханым ері Есболат Қасымұлымен бірге өздерін отбасыларының тамыры тереңге тартқан бәйтеректері санайды. Өйткені бұлар – елордадағы өзгелер тәлім аларлық ғибраты мол шаңырақтың алтын қазықтары.
Осындай өмірде де, тұрмыста да, қоғамдық ортада да өнегелі істерімен танылған Дүйсеновтер шаңырағының отанасы Үміт Әлібекқызының елордадағы Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің денсаулық сақтау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы, төралқа мүшесі сияқты қат-қабат жұмыстардан әлі де қол үзбей келе жатқаны көңіл қуантады. Еңбегіне қарай құрметі дегендей, «Еңбек ардагері», Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20, 25 жылдығы, «Астана қаласына 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Енді, міне, құстар қайтқан күз өтіп, қарашаның алғашқы күні күнтізбе парағына қонғанда, жеті асу, бес белеске көтерілген Үміт Әлібекқызына мерейлі тұғырға табан тірегенінде, өнерлі өреңізден әлі де түспеңіз деген тілек айта отыра, сөз түйінін
Нешедесің деп сұрама жасымды,
Төмендетпе биік ұстар басымды.
Мен де сендей пенделердің бірімін,
Жасап келем күнім жарық ғасырды, – деген өзіне лайық жыр-монологпен аяқтағанды жөн көрдім.

Аманкелді ЖҰМАБЕК,

журналист, Нұр-Сұлтан

қалалық Ардагерлер кеңесі

медиа тобының

мүшесі

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button