Жаңалықтар

Анорексия һәм аш бел қарындас

Немесе бьюти-индустрияның бүліктері туралы бірер сөз

Өткен аптада Астанадан сексен шақырымдай жер­дегі Сабындыда бір тәуіпке көрініп келген­ көршімнің қызық әң­гі­месі құлағымды көтерді.

– Несін айтасың, әл­гі­ кісінің емшілігінің даңқ­-дабыры алысқа кет­­­­кені сон­шалық – түу Қы­зыл­ор­дадан да жұрт ағылып кеп жатыр. Бір жігіт жас ке­ліншегін арқалай ке­­ліп­­ті. Әлі буыны бекі­­ме­­ген бала сияқты былқ­-сылқ, екі қолынан ұс­­­тап тарт­­саң ғана түре­ге­­ле­­ді, жетектесең ғана жүреді…

– Сөйтсе? – деймін шегімді созып.

– Сөйтсе, күйеуінің айтуынша, әлгі келіншек ашығамын деп қылтамақ ауруға ұрыныпты. Құдайдың құдіреті, тамағынан бір кесе су да өтпей қалған ғой. Не ішсе де, лоқсытып тастайды. Келгелі бері жасалған ем-домнан соң, әйтеуір, бір кесе суды ырғап-ырғап ішетіндей жағдайға жеткені сол екен.

Қолдан ашығып тапқан мұндай ауруды анорексия дейді.

Ертесіне жұмысқа бет алғам. Ерте көктемнің ызғары сезіледі. Бірақ күн ерекше тамылжып тұр. Тозған қарды тоқымдай қағып, ерітіп жатыр. Құрғақтау жермен секіріп басып, аялдамаға қиқ етіп келіп тоқтаған қырқыншы автобустың есігі енді жабыла бергенде кіріп үлгердім әйтеуір. «Қане, жолақы беріп жіберіңдер» деген дембелше кондукторға жүз теңгелік сөлкебайды ұстата беріп, «Е, жұрт арасында кирелеңдеген мұндай жұмысқа мына қарындасым сияқты ықшам болсаң жарасады екен, ә?» дедім іштей. Ілгектей екі көзі бозарыңқы, жағына бірдеңе іліп қойсаң тұратындай-ақ арық екен қалқатай, есіктен кіре берістегі турникет пен алдыңғы орындықтың арасындағы кішкене қуысқа екі адамның бірі болып сыйып кетті. Жақтауына сүйеніп тұрған. «Аграркаға» жете бергенде шу ете түстік. Қалқатай жерде сұлап жатыр. Тынысы тарылып құлап қалыпты. Ар жағындағысы белгілі енді. Жедел жәрдем шақыру. Қазір ұзынсарының кезі ғой. Орысша айтқанда «авитаминоз»…

Жұмыстан шығып, тағы автобусқа міндім. Екі «тинейджер» – бозбала мен бойжеткен қағазы шытыр «Vogue» сән журналына үңіле қалыпты. Қағаберіс бір қызық дүние естіп қаламын ба деп, кейде қалалықтардың әңгімесіне құлақ қыздыратыным бар еді.

– Тууу, менің мына Аня Рубик сияқты фигурам болғанын қалаймын. Не істесем екен, а? – деді қызы. Бойшаң «бойфрендіңнің» бұйым болар деп ұсынған ақылы: «Ашығып көр!» дегенге сайды. «Е-е-е» деп есіркедік іштей.

Қазір қыздарыңды қойып, қазақтың жігіттері де суда өскен қамыстай серейіп келе жатқанын байқаймыз. Өйткені, әлемдік брендтерді жарнамалаушы модельдерге бәрібір еліктемей-солықтамай тұра алмайтын болдық қой. Тіпті, кейбір сән журналдары модельдердің табиғи қалпының өзін фотошоппен жонқалап жіңішке қылып көрсететіні тағы бар екен. Ал, қыстан көтерем шыққан малдай терісіне ілініп тұрған модельдер арқылы сән индустриясы, жаттығу залдары мен кешенді арықтату дәрі-дәрмегінің, мықын массажерлері мен бұлшық етке арналған бодифлекс аппараттарының нарығы ырғын пайдаға кенеліп жатқанын әркез ішіміз сезе бермейді.

Жыл басында Израиль Кнессеты тым арық-тұрық модель қыз-жігіттерге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тауар жарнамалауға тыйым салатын заң қабылдады.

Ағылшындардың Жарнама стандарты комитеті мұндайды көрсету – әлеуметтік жауапкершілікке жатпайды деген шешім шығарды. Ендеше, ас-су ішпей күйлі жүремін деп күпірлік қылмай, берген ырзықтан бас тартпай, соны бойға сіңіретіндей қимыл-қарекет қылған дұрысырақ емес пе?

Ұят та болса айтайық, баяғыда біздің курстағы бір қыздың құрбылары бұрынғысынан сәл толысқанын бетіне баса берсе керек, әлгі байғұс шыж-быж боп диетологқа бір барады, интернет ақтарып, кеңес қазады, сөйтіп әбден шаршағасын ойлай-ойлай келіп тапқан тойтармасы мынау екен: «Еркек деген ит емес, сүйек мүжитін». Сол секілді анорексия да ақылдың кемдігінен тапқан ауру десек, артық айтқандығымыз болмас.

Әділбек ЖАПАҚ,
adikezh87@gmail.com

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button