Мәдениет

Әншілер тартуы

Кеше Конгресс-холда Балаларды қорғаудың халықаралық күніне арналған «Бала тілегі» атты концерт өтті. Қазақстанның белгілі эстрада әншілері, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы әртістері, «Звездный час» вокалдық студиясы, «Үркер», «Кәусар» би ансамбльдері, «Назқоңыр» қобызшылар тобы, «Жігер» домбырашылар ансамблі қатысқан кеште бал-балалық шаққа жетелейтін әндер шырқалды.

Майра Ілиясова, Бағдат Сәмединова сынды белгілі әншілер бастаған концертте Айгүл Қосанова, Гүлзира Бөкейхан сынды халқымыздың сүйікті жұлдыздары, өзге де есімдері халықтың аузында жүрген әртістер мен енді ғана танылып келе жатқан өнер­паздар өнер көрсетті.
Ұқсайды бар тыныштық
жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын,
рұқсат жоқ
Ұйықтап жатқан баламды
тербетуге…
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған, ата-ананың балаға деген ма­хаббатының мейіріміне бөлей­тін «Бесік басында» атты бұл әнді Алтынай Жорабаева орындап жүр. Алтынай да бұл концертке қатысып, аталмыш әдемі туындыны жаңғыртты.
Жалпы, балалық тақырыбына соқпаған қазақ композитор­лары кемде-кем. Арыдан тарт­сақ, Әбілахат Еспаев, Бақыт­жан Байқадамов, Әсет Бейсеуов, олардың бергі жағында Сүгірәлі Сапарәлиев, Ес­кендір Хасанғалиев, Сейдолла Бәй­тереков, Алтынбек Қораз­баев, Марат Омаров сынды музыка шеберлерінің балдырған шақ туралы туындылары бар. Әсіресе, Тұрсынғазы Рахимовтың «Сәби болғым келеді» атты әнін ес­тіген адамдардың арасында таза, күнәсіз, еш алаңсыз кезін аңсамайтындар жоқ-ау, сірә.
Әке, ана атану қуанышы да көптеген композиторларға шабыт берді. Сейдолла Бәйтере­ковтің сазсырнай үнімен құл­пыратын «Кішкентай» композициясы сондай туынды.
Қысқасын айтқанда, концертте орындалған әндер көрер­мендерге тамаша әсер сыйлап, балалық шақтарына сапар шектірді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button