Денсаулық

Антына адал дәрігер

Соңғы жылдары елімізде ми қан тамырларының аурулары көбейіп келеді. Соның бірі инсульт. Ең өкініштісі – бұрын бұл дертке орта жастан асқан адамдар шалдығатын болса, бүгінде жастар мен жасөспірімдер де тажалдың тырнағынан қашып құтыла алмауда. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткен науқастар ақ халатты жандардың қарауына барады. Астана қаласында адам жанының арашасы болып жүрген емдеу мекемелері аз емес. Соның ішінде тәулік бойы жұмыс істеп, науқастарға шұғыл көмек көрсететін елордадағы № 2 көпбейінді қалалық  ауруханасы бар. 

Адам жанының арашасы

Өмір мен өлім арасында ажалмен арпалысып ауырғандар осы ауруханаға шипа іздеп келеді. Мұнда науқас ауыр жағдайда келсе, жан сақтау бөлімі, қажетті Компьютерлік томография, МРТ Ангиография тәулік бойы жұмыс істеп тұрады, тағы басқа аппараттар, стационарлық бөлім осында бәрі бар. Бәрінен бұрын мұнда адам жанының арашасы болып, талай тағдырға өмір сыйлаған абзал дәрігерлер жұмыс істейді.

Соның бірі – осы  елордадағы «№ 2 көпбейінді қалалық  ауруханасының оңалту бөлімінің меңгерушісі, невропатолог, реабилитолог, иглотерапевт дәрігер Шынар Айтжанова. Шынар Ғалымбекқызының медицинадағы жалпы еңбек өтілі – 25 жыл, Семейде Ақсуатта туған, сондағы медициналық университетті  бітіріп Павлодарда он жыл дәрігер болып жұмыс істеген.  Павлодарда №1 ауруханада Инсульт орталығында он жыл, кейінгі жылдары 13 жылдай осы ауруханада жұмыс істейді. Өзі көпбалалы ана, төрт баласы бар. Дәрігердің тірмізік,  терең еңбегін отбасының жылуымен үйлестіріп, барлығына уақыт тауып жүрген абзал жан, асыл жар, ардақты ана. Бұл ретте бала тәрбиесінде, отбасындағы шаруаларды реттеуде анасының көп қолғабыс тигізгенін ризашылықпен айтады.

«Инсульт ауруының себептері мен белгілері қандай? Оның алдын алуға бола ма? Инсульттен кейінгі қалпына келу жолдары бар ма?  Инсульттен кейінгі науқастың өмір сүру сапасы қандай болады?» деген сауалымызға тәжірибелі маман, білікті дәрігер Шынар Айтжанова былай деп жауап берді.

–   Инсульт – ми қан айналымының бұзылысы салдарынан кенеттен болатын қан тамырлық апат. Инсульт туындаған жағдайда айналасындағылардың жылдам реакциясы аса маңызды, өйткені әрбір жоғалған минут науқастың кейінгі өмірін анықтайды. Мүмкіндігінше ертерек ауруды анықтап, алғашқы көмек көрсету үшін, әсіресе, инсульттің алғашқы белгілерін білу аса маңызды. – Кенеттен бұлшық етте әлсіздіктің пайда болуы немесе дененің бір жартысының ұйып қалуы (беті, қолы, аяғы). Сөйлеудің қиындауы, көру қабілетінің нашарлауы, заттардың екіге бөлініп көрінуі, тепе-теңдіктің жоғалуы, соның салдарынан науқас жүре алмай қалады (көбінесе жүрек айнуымен немесе естен танумен бірге үйлесіп келеді). Күтпеген жерден, айқын себебі болмаса да, бастың қатты ауруы байқалады. Бас миының зақымданған кезінде бірнеше сағаттардан кейін қайтымсыз өзгерістер басталады. 4,5 сағаттық терапевтік терезе бар. Бұл – ми жасушаларының едәуір бөлігінің жансызданумен байланысты инсульттің маңызды зардаптарының дамуының алдын алуға болатын мерзім. Егер осы уақыт аралығында науқасқа білікті медициналық көмек көрсетіп үлгерсе, салыстырмалы түрде ол қалыпты өмірге тез орала алады. Сондықтан инсульт белгілері неғұрлым ерте анықталса және алғашқы шаралары қолданылса, соғұрлым мүгедектікпен немесе өліммен аяқталатын сәттерді болдырмауға мүмкіндік зор. Инсульт шуғыл көмек көрсетілуге тиіс күйге жатады, сондықтан ешқандай жағдайда кешігуге болмайды, науқасты мамандандырылған Инсульт орталығына жатқызу үшін бірден «Жедел жәрдем» күймесін шақыру қажет,-деді Шынар Ғалымбекқызы.

Адамдардан алғыс

Жан сақтау бөлімі, Инсульт орталығында ем алған пациент тәуір бола бастаған кезінде аурухананың Оңалту орталығына келеді. «№ 2 көпбейінді қалалық  ауруханасының оңалту бөлімінде 13 төсектік орын бар. Астана бойынша каншама адам кезекте тұрғанын ескерсек, Инсульт орталығынан келген, жергілікті емханадан портал арқылы жолдамамен ем алуға келушілер одан да көп. > Райхан Рахметова: Бөлімге барғанда Шынар Ғалымбекқызының әрбір түскен науқасты мұқият қарап, бастықпын деп шіренбей, өте қарапайым, елгезек, ауруларға мейіріммен, болсын деп қарасқан пейілін көріп, риза болдық.

– Өз ісінің маманы, жанымен, жүрегімен адам жанының арашасы екендігіне куә болдық. Төсек-орнынан тұра алмай жатқан ауыр науқастарды да басқа медициналық қызметкерлермен бірге көтерісіп, тамағын беріп, сөзбен емдеп жүргенін көргенде мұндай абзал жанның арқасында талай жан аяғынан тұрып, ел қатарына қосылып кетеріне шын сенеміз, -дейді ризашылықпен орталықта ем алушыға келген жары Гүлданай  Ахметқызы.

Оңалтудағы ем-дом, дәрігердің, медицина қызметкерлерінің өз ісіне дұрыс көзбен қарап, сапалы жұмыс істеуі – оң нәтиже берері сөзсіз. Оған көзіміз жетіп отыр, бөлім меңгерушісі ретінде кабинетте отырмай, әрбір пациенттің жағдайын сұрап, керек болса, көтерісіп, жәрдемдесіп жүретіні – шынында да үлгі боларлық жағдай.

Тек, бөлімдегі төсек-орынды көбейтудің жолдары болса, осыған елордадағы алпауыт компанияларды тартып, бірнеше ондаған орынға көбейтсе, қаншама науқас ем-дом алар еді деген ойда қалдық.

Керек кеңес

«Дәрігерлер, медбикелер, санитарлар үнемі біліктілігін арттырып отыра ма, инсульттен кейінгі емдеудің, физиоемдеудің қандай қиындықтары, артықшылықтары бар?» деген сауалымызға білікті дәрігер Шынар Айтжанова ұғынықты тілмен жауап қатты.

– Қалпына келу кезеңі, инсультті емдеудегі терапиялық және хирургиялық шаралардан маңыздырақ.Оның басты мақсаты – неврологиялық белгілерді тұрақтандыру және оның біртіндеп болатын регресі. Инсульт алғаннан кейінгі оңалту ерте мерзімде басталады – яғни, қозғалыс режимінің кеңеюі мен интенсивті қызметінің аяқталу барысында. Дәрігер шешімді науқастың жалпы жағдайына байланысты қабылдайды. Оның ұзақтығы жеке анықталады – яғни, бірнеше айдан бірнеше жылға дейін болады. Кеңінен қолданылатын қосымша емдеу әдістеріне балшықпен емдеу, физиотерапия, рефлексотерапия жатады. Бұл шаралардың арнайы шипажай- мекемелерде жүргізілгені абзал.

Дәрігер ретінде, адам ретінде қабілет-қарымын байқатып жүрген шынар Ғалымбекқызы бұл дағдыны мейірбике болып ауылында баршаға жәрдемін көрсеткен анасынан алған екен. Бала кезімнен адамдарға қол ұшын берген анасы қызының болашақ дәрігер мамандығын таңдауына себепші болады. Оқушы кезінде әдебиет пәні бойынша көркемсөз оқу байқауларына қатысқан Шынар Ғалымбекқызы қазақы тілдің қаймағы бұзылмаған, тұнығы лайланбаған қасиетті Абай топырағының тумасы.

Өмір—бұл жылжыған көш, баяу ғана,
Әр секунд – әр күн үшін аялдама.
Қызығы, сен түсетін соңғы бекет,
Білмейсің алыста ма, таяуда ма?!

Адамдар еш мәңгілік жаралмайды,
Өлген соң байлығың да қаралмайды.
Байсың ба Кедейсің ба, маңызды емес,
Ақыретте періште пара алмайды.

Бүгін барың, ертең жоқ болар,
Уақыт соның бәрін ноқталар.
Бесіктен шыққан жолаушы,
Бейітке барып тоқталар.
«Сіз осы өмірді ұнатасыз ба?» –   деген сұраққа бір данышпан:
* Егер өмір жақсы болғанда,
* Туылғанда жыламас едік.
* Егер дүние таза болғанда,
* Өлгенде жуылмас едік—деген екен.

Кітапты көп оқып, прозаны сүйсіне қабылдаса, поэзияны ішкі жан дүниесінің айнасы секілді сезінетін Шынар Ғалымбекқызы шынында да сан қырлы жақсы қасиеттерді бойына жинаған жан. Керекудің киелі жерінде суын ішіп, адамдарымен араласып, тіл табысқан ол Арқа жеріне келгелі де қаншама жанның жанына жалау, еміне шипа беріп, адамдарға тек жақсылық істеумен келеді. Амандық пен абырой – басты қағидасы. Ізгі мақсат, игі іс талай биіктерге жеткізері сөзсіз.

Ол қоғамдағы адамдарға жасалған ізгі істерге қуана отырып, еңбексіз, тоғышарлықпен келген дүниеге жаны қас, адамның денсаулығынан асқан байлық жоқ, сондықтан да алдына шипа іздеп келген әрбір адамға жақсы жағдай қалыптастырып, елорда медицинасы бұдан да биік белестерге шыққанын қалайды. Ол осындай мейірімді, қайырымды, іскер, батыл, ең бастысы – Гиппократ антына адал дәрігер.

 

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button