Таным

Аныз бен ақиқат. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы Абылай бейнесі және дереккөз

Жалғасы. (Басы өткен санда)


Ал, Әбілмансұрдың аты Абылай деп өзгеру сыры суреттелетін тұс былайша көрінеді романда: «…үлкен бір айқаста ауыл адамдары «Сабалақ» деп ат қойған, он сегіз жасар түйеші «Абылайлап!» ат қойып, жауын қашырып, бүкіл еліне «Абылай» деген атпен әйгілі болды. Сонда барып Әбілқайыр хан бұл Абылай баяғы Бұқар жырау екеуі барлауда жүргенде кездестірген Төле бидің түйешісі Әбілмансұр екенін білді». Бұл жерде тарихи аңыз өзгеріссіз қаз-қалпында алынған. Тек Бұқар жыраудың Абылайға Әбілқайыр екеуі барлау жасап жүргенде кездесуі көркемдік қиял деуге болады.
Осыдан былайғы соғыстардың бәрінде Абылай есімі дүрілдеп шыға берген. Жұрт Абылаймен санаса бастаған. Романда сұлтан атаның жүрген кезінде-ақ оның үш жүзге хан саналғандығы жөнінде мынадай дерек-мысал бар:
«Абылайға көңіл айтып, сонау Арқадан қаздауысты Қазыбек би, Ұлы жүзден Төле би, Кіші жүзден Бала би келді. Бұл үш бидің келуі Абылайды үш жүздің елі өзіне көсем ете бастағанының белгісі еді…».
Абылайдың үш жүзге көсем санала бастау тарихын жазушы І.Есенберлин былайша сипаттайды: «Көкейкесті арманына жеткен Абылайдың көңілі ай-жай еді… Иә, Телікөлдің жағасына жиналған үш жүздің «игі жақсылары» оны «Үлкен Орда» ханы етіп-ақ киізге көтерген. Рас, бұл жиынға Ұлы жүз бен Кіші жүздің көп руларының басты адамдары келмей қалды. Келмесе өзі білсін! Абылайға оның қазір қандай маңызы бар? Бүгін келмегені ертең келеді. Бүгін көнбегені, ертең көнеді».
Тыныштық пен тәуелсіздік үшін күрескен, қазақ халқын жоңғар басқыншыларынан азат етушілер қатарында есімі эпикалық биікке көтерілген ер тұлға тумысынан билікке шығу психологиясы бірге калыптасқан, жеке басының абыройы мен мансабын қатар ойлаған жан ретінде Абылайдың пендешілік қасиеті қат-қабат өрілетін шығармадағы таным қуаты осындай. Романның әр бетінде бағдар сілтеп, ойға жетелеп отыратын таным қуаты мен тағлым мұратының сырына қанығу міндетін арқалайсыз. Батыр да атанған, ақыры хан тағына да отырған, алайда жарық дүниеден өкінішпен аттанып, өкініште қоштасып бара жатқан Абылай толғанысы ойға батырады. Расында сонау даңққа бөленген батырлықтан да, абырой-атаққа оранған басындағы бақ, астындағы хандық тақтан не қалды бүгін? Хан тағына жету үшін ұзақ та бұралаң жол басқан Абылайдың жан толқыны нені меңзейді. Осы бір сұраққа көңіл-күйі қасірет шеккен күннің бірі – бүгін жауап бергісі келген Абылай жайын аңғарасың. Ең әуелі сол хан тағы не үшін керек болды!? Өлімнен артық қасірет жоғын сезінген болмысьн көреміз. Иә, хандық құру мен мансапқорлықтан ғана туды ма сол арман?
«Жоқ, Бұқар аға, онда сен мені білмегенсің. Қолыңда күшің болмаса, кімге айтқаныңды істете аласың? Ұлы хан тағына отырсам, қазақ елін өзімнің дегеніме жеткізем деп ойлағам… Ал соңынан… Әділетті ұлы хан болсам, халық менің бұрынғы қиянаттарымды ұмытады ғой деп сенгенмін…
… Хан бар жерде қиянат болмауы мүмкін емес екен. Бірақ мен сол қиянатымды да, озбырлығымды да халқымды уысымда ұстау үшін жұмсадым, ел бірлігін күшпен сақтамақ болдым» деген Абылай толғанысы өмір сабағынан алған танымдық зердеге ұласады.
Абылай табанды күрескерлігінің, айтқанынан қайтпайтын батырлығының және халық талайы таразыға түскенде сын сағатта ешкіммен де ымыраға келмейтін қатал, қатыгездігінің арқасында қазақ елінің, жерінің бостандығын қорғап қалды. Әл үстінде ауырып жатқан, Абылай Бұқар жырауға айтқан: «…Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де, екі кеңесім бар. Бірі – қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе, солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару – жеңіл. Екінші айтарым, мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, әйтеуір, шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе, Қытайға қазақтың бір бөлшек жерін бергем жоқ» деген жолдардан Левшин айтқан жоғарыдағы мінездеме сырын емес, көркем болжал арқылы өрілген жазушы түйіні мен тарихи таным сипатын көреміз. «…қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе, солардың бірлігін сақтасын» деген Абылай сөзі мен «Алмас қылышта» суреттелетін «Жалғанда не қиын – қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар? Бірақ оның қандай қажеті бар? … – Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ, бұл жұрт абайлап ұстамасаң, қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы – біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз» дейтін он бесінші ғасырдағы Әбілқайыр ойының екі бөтен бағыты арқылы-ақ билік қағидасының жеке тұлғалар болмысымен тамырласып жататын сан тарау психологиялық сәтін тануға болады. Өткен тарих бейнесінен қазіргі заман келбеті көрінеді, сабақтастық сараланады, ұқсастық ұғылады. Халықты басқарудың жеңіл жолы Әбілқайыр үшін «біріне-бірін бақтырып қойып» азып-тоздыру арқылы болса, Абылай діттеген өмір сабағы бойынша «азып-тозып кетпеу үшін ел бірлігін сақтау екен».
Тек қана тарихи деректің ғана жетегінде кете бермей, жазушы аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар арқылы халық санасына орныққан Абылай тұлғасын дамыта отырып жаңа идея­лармен ұштастыратын көркем болжал әдісін қолданған. Көркемдік болжал әдісімен І.Есенберлин тарихи фон арқылы бүгінгі күн мәселесін қозғап, идеялық мақсаттың тәлімдік, танымдық қуатын қарастырған. «…Өкінішім, – деді Абылай күрсініп. – Өз басымның өкініші … үш жүздің басын қоса алмадым; аз елге хан болдым. Қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе алмадым. Орда Көкшетауда тұрғанда ақылшым болған Тимофей Егорұлының кеңесіменен Зеренді, Шортандыны жайлаған төңірегіме егін егуді үйретсін деп орыс мұжықтарын да әкелдім. Бірақ мал баққан, найза ұстаған сорлы қазақ, тез көндіге қоймады. Жер деген алтын қазына ғой. Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады» деген жолдар Абылай аузымен айтылғанмен, ол өткен дәуірден гөрі І.Есенберлин заманының келбеті екені айқын. Жазушының өзі өмір сүрген дәуірден түйген тұжырымы.
Кеңестік дәуірде жалпы көпшілік біле бермейтін көне қолжазба, тарихи дерек, Қазан төңкерісіне дейін шыққан патшалық басқару жүйесіне қызмет атқаратын мінездемелік, ақпараттық сипаты бар тарихи құжаттар мен сирек қорға айналған кітаптарды айтпағанда І.Есенберлиннің романдары дүниеге келгенге дейін халық Абылай тұлғасын әдебиет оқулықтарындағы Бұқар толғаулары арқылы ғана жақсы білетін. Тарихи тұлғасы бейнеленген жыр-дастандар «жабық қоймада» сақтаулы болды. Ал, оқулықтар мен әдеби зерттеулердің көбінесе Абылайдың көлеңкелі жақтары суреттелетін шығармалар алға тартылатын.
Өзінің тарихи романында І.Есенберлин осы архивтік материалдар мен тарихи деректердің негізінде ой қорыта отырып, жаңа идеялық мақсаттар шеңберінде Абылайдың кең ауқымда алынатын көп қырлы күрделі тұлғасын ашып берген. Қазақ әдебиетінің тарихында бар болмысымен оқшау тұратын Бұқар сияқты тұлға кеңестік дәуірдегі оқулықтарда Абылай өмірі мен тарихи келбеті туралы өз өлеңі арқылы кейінгі ұрпақ санасына жеткізген. Бұқар бейнесі де романда тарихи шындыққа негізделген көркемдік болжалмен өрнектелген. Аңыз бен тарихи дерек желісі роман сюжетінде қозғалысқа түсіп, қисынды қиюласқан, көркем шындыққа айналған. Абылайдың жастық шағының куәсі болған, өмір бойы қатар, үзеңгілес жүрген, тіпті әйгілі ханды соңғы сапарға аттандыру сәтке де тап болған Бұқар жырау тағдырын көреміз. Сол Бұқарға Абылай түс жорытады: «Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып жегелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағым. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып отыр. Қасымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжар ұстап мені қорғап тұр. Ал, мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтылам деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға?!»
Бұқар тұнжырап біраз отырды. Үй іші де тына қалды. Әлден уақытта жырау:
– Түс жору түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, шет кетесің, өйтсе де, жорып көрейін…
Сөйлеңіз, көмекей әулие…
– Қырыққа келмей табытта жатсаң, өмірің ұзақ екен. Басыңда жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Бірақ, хан атына ие болсаң да, елге ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа кетеді екен. Табытта жатып екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтылам деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің… Ал, аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымның атын қағазда, ал, Қасымнан туған бір балаң атағын маңдайында қалдырады екен».
Бұл орайда жазушы халық әдет ғұрпындағы түс жорытуды өз мақсатына тиімді пайдаланған. Бұқар айтқан түс жору арқылы Абылай іс-әрекетіне баға беріледі, оның ұрпақтарының болашағы жайлы бүгінде шындыққа айналған болжам айтылады.

Құныпия АЛПЫСБАЕВ,
Түркі академиясы ғылым
бөлімінің басшысы, филология
ғылымдарының докторы,
профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button