ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Апатты үй жедел жөнделмек

Елордадағы Жеңіс даңғылы бойындағы 18-ші үйдің шатыры 7 тамыз күні түнде жартылай құлаған болатын. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Астана қалалық Тұрғын үй инспекциясының бастығы Әлихан Қуатбеков бұл жағдайға байланысты арнайы түсінік берді.

06

– Жеңіс даңғылы бойындағы бұл үйді бұдан бұрынғы жылдары «Астана құрылыс сервис» ЖШС тексеріп шыққан болатын. Сол кезде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу ұсынылған. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, үй иелері жалпы мүліктің сақталуына жауап береді. Осы жылы бұл үйге қызмет көрсететін «УК Коммунальник-2» ЖШС Тұрғын үй инспекциясына жазбаша жүгінген еді. Сол кезде біз қосымша тексеру жүргізу жөнінде ескерту бердік. Соның нәтижесінде қайтадан тексеріп-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан соң тұрғындарды көшіру және тағы басқа шаралармен бірге, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсынба әзірленді. Биыл Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы негізінде үй жөнделуі тиіс еді. Бірақ бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты жұмыстар тоқтатылды. Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімінің тапсырмасымен жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу мүмкіндіктері қарастырылуда. Осыдан сәл бұрын сол үйдің белсенді тобының қатысуымен арнайы жиын өтті. Таяу күндері тиісті шара қолға алынады, – деді Әлихан Қуатбеков.
Оның айтуынша, жөнделуі тиіс үйдің салынғанына 30 жылдан астам уақыт болған екен. Аппатты үй ретінде бұрын тіркелмеген, тек жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныс жасалған. Қабырғалары жарыла бастаған бұл үйде қазір тұрғындар тұрып жатқан көрінеді. Қазіргі уақытта шатырдың жартылай құлауы себептерін анықтау қолға алынған. Жалпы бүлінген аумақ он шаршы метрден астам жерді қамтиды. Тиісті қаулы арнайы ресімделіп, заң тұрғысынан барлық шаралар атқарылғаннан кейін жақын күндері жөндеу жұмыстары басталмақ.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button