Жаңалықтар

АПТА АЗАСЫ

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Арқанкерген» шекаралық бекетіндегі оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары басшыларымен кеңес өткізді.

ҚР Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте Мемлекет басшысы мынадай мәлімдеме жасады:

«Еліміздің шығыс аймағында Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекаралық бекетінде қайғылы оқиға болды. Оның салдарынан 15 адам – 14 шекарашы және бір қорықшы қаза тапты.

Мен мұны лаңкестік акт деп санаймын. Бұл сірә, ішкі жанжалдардың нәтижесінде болған болуы тиіс. Алайда, бұл туралы айту әлі ерте. Сарбаздардың казармасы мен офицерлер үйі өртелген. Қаза болғандардың мәйіті үйінділерді аршу кезінде табылды. Бұл оқиға бейбіт кезде болып отыр. Сондықтан да егжей-тегжейлі тексеруді талап етеді.

Қазіргі кезде менің тапсырмам бойынша арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын анықтауда, барлық фактілер зерттелуде. Бас әскери прокуратура қылмыстық іс қозғады. Орталық және жергілікті құқық қорғау органдары істің мән-жайын анықтап, қылмысқа күдіктілерді ұстау үшін барлық күш-жігерін жұмсауда. Тексеру жұмыстарына ІІМ, ҰҚК және Бас прокуратураның тәжірибелі қызметкерлері тартылды. Қазір бұл комиссия оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Мен жағдайды мұқият тексеріп, себебін анықтауға нұсқау бердім. Бұдан кейін тиісті шаралар қолға алынатын болады. Үкіметке қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетудің және оларға қолдау жасаудың барлық мәселелерін бақылауға алуды тапсырамын.

Мен қаза болған жас жігіттердің барлық туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button