Жаңалықтар

АПТА САУАЛЫ

Елімізде мұғалімдер даярлайтын оқу орындарына талап барынша күшейтілмек.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, бұдан былай еліміздегі 89 жоғарғы оқу орнының 43-іне педагогикалық мамандық бойынша кадрлар даярлауға рұқсат беріліпті.
Астананың еншісіне осы 43 оқу ордасының әзірге біреуі ғана бұйырыпты. Ол – Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті.

АСТАНАДА МҰҒАЛІМДЕР ДАЯРЛАЙТЫН АРНАЙЫ ОҚУ ОРНЫН АШУДЫҢ ҚАЖЕТІ БАР МА?

Такир БАЛЫҚБАЕВ,
Қазақ технология және бизнес университетінің ректоры:

– Бүгінде республика бойынша мұғалім даярлайтын 8 арнайы жоғары оқу орны бар. Менің ойымша, бұл біз үшін жеткілікті. Өйткені, әр облыс орталықтарындағы бұдан өзге де жоғары оқу орындары негізінен педагогика мамандарын даярлайды.

Астанада бұл сала бойынша маман даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті болатын. Өкінішке қарай, соңғы жылдары аталған оқу орнында педагогика мамандығына бөлінетін орын саны азайып кетті. Астанада дамып келеді. Мұғалімдерге деген сұраныс артып отыр.

Бірақ, сұраныс бар екен деп, жеке университет ашып жатудың қажеті жоқ. Әрбір мамандыққа байланысты жеке-жеке оқу орнын аша беруден ештеңе ұтпаймыз. Алдағы уақытта Еуразия ұлттық университеті педагог мамандарды даярлауға көбірек көңіл бөлсе. Оған бұл оқу орнының жағдайы да мүмкіндігі де жеткілікті.

Саннан гөрі сапаны ойлауымыз керек.

Ұстаздық кез-келген жанға қол болатын мамандық емес. Ұстаз даярлау ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алдымен, сапалы білім беруге баса мән беру керек.

Менің ойымша, ұстаз болам деген шын ниеті бар балалардың ішінен ең білімдісін таңдап алу керек. Бірақ, білімді балалардың ішінде ұстаздықты таңдайтындары аз. Басты себеп – жалақының аздығы. Алдымен, жалақыны көбейту керек. Ұстаздық қызметтің жалақысын қаржы, бизнес саласы қызметкерлерінің жалақысына теңестірсе артықтық етпейді. Сонда ғана біз білімді балаларды педагогика саласына әкеле аламыз.

Мұханбет ШАЙЖАНОВ,
«Тұран-Астана» университетінің оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры:

– Қазір алты облыс орталығында осындай арнайы жоғары оқу орны бар. Бүгінгі күні Астанада да пединститут ашудың қажеттілігі туындап отыр. Неге десеңіз, біз 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкелі отырмыз. Келесі жылда 1-сыныптардан бастап ағылшын тілі оқытылмақшы. Бұл дегеніміз, мұғалімдерге деген сұраныс артады деген сөз.

Қазірдің өзінде жұмыс істеймін деген ұстаз жерде қалмайды.

Бірақ, арнайы оқу орнын ашпас бұрын, Ақмола облысына, Астана қаласына және көрші облыстарда қанша мектеп бар, шамамен қанша мұғалім керек, осының бәрін санап, саралап шыққан жөн.

Менің ойымша, арнайы оқу орнын ашу арқылы ғана қаладағы мұғалімдерге деген сұранысты сапалы түрде қамтамасыз ете аламыз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button