Жаңалықтар

АПТА САУАЛЫ

Осы аптада Парламенттің бесінші шақырылымының бірінші сессиясы өз жұмысын аяқтады. Депутаттар 2 айлық демалысқа кетті.

Халық қалаулылары өткен 5 айдан астам уақыт ішінде елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған қандай мәселелерді көтерді? Қандай құжаттарды қабылдады?
БЕСІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІН ҚАЛАЙ БАҒАЛАЙСЫЗ?

Алдан СМАЙЫЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:

Мен бұрынғы құрамда да жұмыс істедім. Шыны керек, ол құрам белсенді болатын. Көптеген өзекті мәселелер сол кезде көтерілді. Талай рет өткір депутаттық сауалдар қойылды. Сала министрлері тарапына жан-жақты мәселелер жолданды. Батыл ойлар айтылды. Құрамға жаңадан қосылған депутаттарға Парламент жұмысына бірден кірісіп кету оңай емес екенін түсінемін. Кей депутаттар Парламенттің қызу тірлігіне енді ғана қосылып жатыр.

Өз басым белсенділік дегенді депутаттық сауалды жиі қою, сосын сол мәселені аяғына жеткізу үшін күресу керек деп түсінем.

Парламент қабырғасында рухани, әлеуметтік саладағы өткір мәселелер көтерілуі тиіс.

Заң бойынша кез келген депутат өзін толғандырған сауалын қоюға құқығы бар. Арамызда жақ ашпайтын депутаттар болса, олардың айтары жоқ шығар, бәлкім. Мен бірінші сессия кезінде 6 депутаттық сауал жолдадым.

Жалпы, Мәжіліс мүшелері Үкіметтен келіп түскен заң жобаларының сапалы талқылануын, осы заманға сай мазмұнға ие болуын қадағалайды. Мәжіліске түскен заң жобасының әрбір бабын, әрбір тармағын депутаттар егжей-тегжейлі оқып, сараптан өткізеді. Қажет болса, толықтырады.

Мәселен, Мемлекеттік рәміздер туралы заңның алғашқы жобасында рәміздерді лицензиясыз шығаруға болады деп көрсетілген тұсы болатын. Бірақ, біз оған бірауыздан қарсы болдық. Рәміздер – мемлекеттің ары мен беделін көрсететін дүние. Оны әркім қалауынша, қалай болса солай шығара берсе не болмақ? Заңға рәміздерді құрметтеуге қатысты бірнеше бап қостық.

Мен – Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесімін.

Осы бес ай ішінде Комитет төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен халықтың денсаулығын қамтамасыз ету жөнінде 4-5 рет дөңгелек үстел өткіздік. Жастарға осы заманғы білім беру, оларды жұмыспен қамту, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін талқыладық. Бұрын тек жастар саясаты департаменті ғана болатын. Біздің комитеттің тікелей әсерімен Жастар комитеті құрылды.

Отандық драматургия саласындағы түйінді мәселелерді күн тәртібіне шығардық. Драматургтердің басын қосып жиын өткіздік.

Аштық құрбандары туралы конференция өткізген де осы біздің комитет болатын.

Мені соңғы уақытта көпбалалы аналарға жеке тұрғын үй салу мәселесі толғандырып жүр. Олар үйдің кезегінде тұрмауы керек. Елімізде мұндай аналар көп те емес. Келесі сессияда көтеретін мәселем осы болмақ.

 

Гүлжан АНАСОВА,
Астана қаласы №1 емхананың бас дәрігері:

Парламенттің бірінші сессиясында халық қалаулылары өмірлік маңызы бар мәселелерді көтере білді деп санаймын. Бесінші шақырылым депутаттарының құрамы өзгергенін білеміз. Құрамға жаңа қосылғанына қарамастан арасында белсенділік танытқандары көп болды. Соның бірі медицина қызметкерлері бірауыздан халық қалаулысы болуға лайық деп тапқан білікті дәрігер, Астана қалалық №1 Балалар ауруханасының бас дәрігері Надежда Петухова деп айтар едім. Тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетуді жақсарту, осы салаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту бүгінде өте өзекті мәселе саналып отыр. Біздің осы жайындағы ұсыныс-тілегімізді Надежда Михайловна Парламент қабырғасында көтеріп, билік өкілдерінің назарын аудартты. Алдағы сессияларда бұдан да өзекті мәселе көтерілеріне сенімдіміз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button