Басты ақпарат

АПТАНЫ АЙШЫҚТАЙТЫН ШАРАЛАР

Мемлекет басшысының 31 қазандағы Жарлығына сәйкес Президент Байрағына жаңа өзгерістер енгізілген болатын.
1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күніне орай Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа Байрағын көтеру салтанатты рәсімі өтпекші. Бұл туралы кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев хабарлады.

Ресми өкілдің айтуынша, Аста­на­да осы аптада өтетін іс-шаралардың дені тұңғыш Пре­зи­дент күніне орайластырылғалы отыр.

28 қарашада Парламент Мәжілісі «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көш­бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан Республикасы парламентаризмінің қалып­тасуындағы рөлі» атты конференция өт­кі­зеді. Жиынға белгілі саясаткерлер, депутаттар мен қоғам қайраткерлері қатыспақшы. Осы үнқатысу алаңында Елбасының Қазақ­стандағы заң­на­ма­лық органның қалыптасуы мен дамуындағы айрықша рөлі талқыланатын болады.

Өткен аптада аймақтарды аралауға аттанған Парла­мент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласын халыққа түсіндіру жұмыстарын жалғастыратын болады.

30 қарашада «Ұлы Жібек жолы» Халықаралық жастар бірлестігі мүшелерінің алғашқы Кеңесі өткізіледі деп жоспарланып отыр. Кеңесте Азия, Африка және Еуропаның 25 мемлекетінің өкілдері мәдени-гуманитарлық интеграцияны кеңейту, мәдениетаралық үнқатысуды дамыту мен нығайту мүмкіндіктерін қарастырмақшы.

Аптаны айшықтайтын тағы бір айтулы шара – «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы президенттік институт» атты халықаралық конференция болғалы отыр.

Конференцияға қа­ты­су­шылар президенттік институтты же­тілдіру, сондай-ақ, мемлекеттік дамудағы Пре­зиденттің көшбасшылығы тақырыбы төңі­регінде ой-пікірлерін ортаға салады.

30 қарашада Мемлекет басшысы еліміздің бас шыршасының шамдарын жағады.

Елбасының қатысуымен өтетін Қазақстанның барлық деңгейдегі әкімдерінің кеңейтілген мәжілісі де осы аптада өтпек. Отырыс барысында аймақтарды дамыту, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру, әлеу­мет­тік-экономикалық міндеттер, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланады.

Шынар ДОСАН

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button