Қоғам

«Ақ бата» байқауы өтті

Астана қаласында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен бата беруден «Ақ бата» байқауы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Ұлттық дәстүрді заманауи бағытта жаңғыртқан байқауда елордалық 7 ақсақал сынға түсті. Сайыстың бірінші кезеңінде қариялар батаның 7 түрі бойынша  (наурыз бата, алғыс бата, отау бата, балаға бата, жолаушыға бата, ас бата, той бата) өнер көрсетті. Екінші кезеңде қатысушылар салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, көрерменмен «әкем үйреткен бата» айдары бойынша интерактив ұйымдастырылды. Көрермендер де бата берудің маңызы, ұлттық ғұрпымыздың құндылығы жайында ой-пікірлерін білдіріп, жарыса бата берді.

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша 3 ақсақал жүлделі орынға ие болды. Бірінші орынды 77 жастағы Мекебай Кәкенұлы жеңіп алды. Ақмола облысы Жаңаесіл ауылының тұрғыны. Кезінде Моңғолия жерінде мәдениет саласында басшылық қызметтер атқарған. 24 немересі бар абыз қария. Батасының мазмұнымен, дауыс мәнері, сахналық киімімен де  ерекшеленді.

Екінші орын Астана қаласының тұрғыны Айдарбек Қаржауұлының қанжығасына байланды. 65 жастағы қария Қызылорда облысының тумасы. Талай жылдар ет комбинатында еңбек еткен. Скандинавтық жүрістен Қызылорданың чемпионы. Бүгінгі күні Астана қаласының «Белсенді өмір сүру» орталығының мүшесі. Байқау барысында ерекше бағытта «Отау» батасын беріп, актерлік өнері, көрермен көңілінен шығуы, сұрақтарға алғыр жауап беруімен көзге түсті.

Үшінші орын Жамбыл облысының тумасы, 77 жастағы Ратқан Әліпбаевқа бұйырды. Бүгінгі таңда 16 немере сүйіп отырған қария, Астана қаласында тоғызқұмалақтан өтетін қалалық турнирлердің жеңімпазы. Сайысқа белсенді қатысқан қариялар Тастыбай Сәкенұлы, Ермек Хамзаұлы, Маманбай Рақметұлы, Қанат Сәлменұлы алғыс хаттармен марапатталды.

Қазылар алқасының құрамында белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали, Жазушылар одағының Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зекен, республикалық «Күй анасы» қорының басшысы Төлеген Қуанышев, ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Олжас Қасым болды.

Байқау барысында Елмұра Жаңабергенова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, «1465» этно тобы, Дос өнер көрсетіп, салт-дәстүрлерімізге арналған әндерді шырқады.

Аманғали Қалжанов

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button