Жаңалықтар

АҚ ХАЛАТТЫ АҚСАҚАЛ

ақсақал-фото

Бірде  газет қарап отырып «Ұзақ өмір сүрудің сыры неде?» деген мақалаға көзім  түсті. Әп-сәтте, құмартып оқып шықтым. Адам қайраты мол жас кезінде көп дүниеге назар салмайды. Мәңгілік  жастықтың базарында шалқып жүретіндей сезінеміз. Кейінірек, жас ұлғайып, денсаулық сыр бере бастағанда, өмірдің де шеті көрініп, жардың жағасына тірелгендей күй кешеміз.

Амалсыздан ғұмырды ұзартудың жолын іздейміз. Жоғарыда айтып өткен мақала иесі Әбіл Перзадаев: «Ұзақ өмір сүрудің бір сыры – қимыл мен жұмыстан еш уақытта қол үзбеуде» деген мағыналы ой айтыпты. Расында, тереңірек үңілсек осында үлкен мән бар. Өзі айтқан қағиданы автор берік ұстанатын секілді.
Дүниеде түрлі мамандық бар. Алайда, оның ішінде адам жанының арашасына айналған ақ халатты абзал жандарға жетер қадірлі кәсіп жоқ. Өйткені, мына ғажайып дүниеде бір күндік жарық сәулеге ештеңе жетпейді. Біздің кейіпкеріміз Әбіл Нұрлыбекұлы жасы бүгінде 76-дан асса да қайратынан таймай, елордадағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық- әлеуметтік мекемесінде психотерапевт болып жұмыс істейді. Аталған мекеменің медицина бөлімінің меңгерушісі Болатбек Мұсахановтың айтуынша, ол кісінің ұзақ жылғы тәжірибесінің арқасында талай науқас аяғынан тұрып, аман-сау жүріп жатқан көрінеді.
Біз білетін Әбекең адал, қайырымды, білімі мен біліктілігі тоқайласқан сыпайы азамат. Ақтөбенің медицина институтын ойдағыдай тәмамдағаннан кейін туған жері Қызылорда облысының Шиелі аудандық ауруханасында невропатолог болып еңбек жолын бастайды. Осы жерде жас маман әбден шыңдалады. Кәнігі шебер дәрігерге айналады. Әбекеңнің өзі бала жасынан тірліктің ащы дәмін татып өседі. Әкесі Нұрлыбек соғысқа алынып, ақыры майдан даласында көз жұмады. Шиет­тей төрт баламен қалған анасы осы балапандарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аялап өсіреді. Артынан балалары да ержетіп, анасының ақ сүтін ақтайды. Оның шағын ғана ауруханадан басталған қызметі кейінірек Алматыда жалғасады. Осы алмалы қаланың бірқатар денсаулық сақтау мекемелеріне басшылық етеді. Жауапты қызметтерде жүрсе де дәрігерлік міндетті ешқашан тастамайды. Жаны көзіне көрінген талай науқасты ажалдан алып қалды. Әсіресе, медицина саласының көрнекті тұлғалары академик С.Балмұқанов, профессор Ж. Абдрахманов секілді айтулы азаматтармен қоян-қолтық араласып, тәжірибе жинақтайды. Есімі де елге танылады. Республикалық онкологиялық ғылыми зерттеу институтында жұмыс істеп жүргенде әйгілі академик Ахмет Жұбанов пен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергенов секілді абзал азаматтарға ем-дом жасап, шипасын тигізеді. Бүгінгі таңда ол кісінің алдынан өтпеген зиялы қауым өкілдері аз. Негізгі мамандығы психотерапевт бола тұра, наркология мен онкологиядан да сауаты бар білікті маман саналады. Осы ұзақ жылғы бай тәжірибесін ол кейінгі жас буынға үйретуден жалықпайды. Денсаулық тақырыбына да жиі қалам тербейді. Өткен жылы оның «Егемен Қазақстан» газетінде «Кәріліктің кеселдерімен қалай күресеміз?» атты ойлы мақаласы шықты. «Радиология мен онкология мәселелері» және «Психиатрия мен наркология мәселелері» атты кітаптары жарық көрді.
Әбекең әлі де болса тұғырдан тайып тұрған жоқ. Қуаты мен қайраты жетерлік. Көкірегі сара, қазыналы қарияның жас ұрпаққа берері мен айтары да көп. Сондықтан, осындай өмірлік тәжірибесі мол абыз ақсақалдардың қатары селдіремесін дейміз!

Еркін Дәуешұлы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button