Қала мен Сала

АҚ МОЛ БОЛСЫН!

5250

Қазақтың ежелден еттен кейінгі ең көп тұтынатын ас  түрі – ағарған, яғни, сүт өнімдері.

ХХІ ғасыр табалдырығынан аттағалы заманауи технологиямен әзірленген небір тіл үйірер тағам түрлеріне, өзге елдердің сансыз ас-дәміне қол жеткізіп жатса да, халық өзінің ұлттық өнімдерінен бас тартқан емес. Керісінше, уақыт озып, таңдау мүмкіндігі кеңейген сайын ежелден ата-бабасы ойлап тауып, дастарқанынан тастамаған қазы-қарта, жал-жая, құрт-ірімшік, тағы басқа өнімдерге сұраныс арта түсті. Сол себепті баға да өсті. Бүгінгі күні елорда базарларының өзінен құрттың келісін 1500 теңгеден, ірімшікті 3000 теңгеден кем алмайсың.

Ұлттық тағамдарға сұраныстың күшей­генін, бүгінгі күні ертеден келе жатқан дәстүрлі технология бойынша дайындалатын тағам түрлерін негізінен қалталылар тұтына алатынын сүт өнімдерін өндіретін кә­сіпорын қызметкерлері де жоққа шығармайды.

Мысалға, 15 жылдан бері елорда тұрғындарын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқан «Astana өнім» АҚ сүт өңдеу зауытының басшысы Ғалымжан Әбдіхалықов құрт, ірімшік, қымыз бен шұбат, тағы басқа ұлттық тағам  іздегендерден толассыз сұраныс түсіп жататынын айтады.

Жоғары технологиялық өнім өндіруге көмектесетін сапалы гер­маниялық қондырғылар орна­тылған бұл зауыттың тауарлары қоспасыз, табиғи қалыпта. Сондықтан да, «Astana өнім» АҚ сүті бес тәулікке ғана жарамды болып келеді екен. Соған қарамастан, денсаулық үшін тек табиғи өнім тұтынуға құлшынған халық бұл кәсіпорынның тауарларын жүз пайызға дейін алып, ішіп-жеп үлгереді. Сүт өңдеу зауытының технолог-меңгерушісі Зинагүл Қожантаеваның айтуынша, қайта өңдеуге жылына ары кеткенде өн­дірілген өнімнің 0,1 пайыз ғана әке­лінетінге ұқсайды. Оның өзі жаз айла­рында ғана болып тұратын жағдай.

Тұтынушылардың бұл кәсіпорын тауарларын талап алатынының себебін біз өнім сапасының жоға­рылығынан деп білдік.

Зауыттың технолог-меңгеру­ші­сінің айтуынша, бұл кәсіпорынның ауыл шаруашылығы кешенінен күн сайын зауытқа 12 тонна сүт әкелінеді екен. Қабылданған сүт органикалық, физикалық, химиялық көрсеткіштер бойынша тексеріледі. Одан соң технологиялық өңдеуге жіберіледі. Тазартылып, қалыпқа келтіріледі. Майлылығы реттелген соң гомогенизациядан, одан соң пастерлендіруден өтеді. Содан соң барып өз температурасына әкелініп, суытылған сүт қайтадан толық тексеруге жіберіледі. Осында аталған барлық процестерден өтіп, көрсеткіштерге сай болғаннан кейін ғана өнім ыдыстарға құйылады.

Мамандардың айтуынша, бұл зауыттың өнімдері табиғи дәру­мендерін жоғалтпайды екен. Өңдеу­ден өткенде сүттің табиғи қасиет­терін сақтап қалудың барлық әдісі қарастырылған.

«Astana өнім» АҚ бүгінде 23 түрлі өнім өндіреді. Сүт өңдеу зауытында 18 адам жұмыс істесе, бүкіл мекеме бойынша 303 адам қызмет етеді. Өзінің ауқымды ауыл шаруашылық кешенінің арқасында мұнда сиыр сүтінен дайындалған тағам түрлері ғана емес, қымыз, шұбат та жасалады. Атап айтсақ, жыл сайын «Astana өнім» АҚ 65 тонна қымыз, 14 тонна шұбат өндіреді екен. Ауыл шаруашылық кешенінің негізгі бөлігі Ақмола облысы Целиноград ауданы, Қызылжар ауылында. Алайда, қымыз бен шұбатты өзге сүт өнімдерімен бір жерде дайындауға болмайындықтан, бұл сусын түрлерін өндіретін зауыт бөлек, Бурабай аймағында орналасқан. Яғни, кәсіпорынның түйе ұстап, бие байлайтын ауыл шаруашылық кешені Шучье төңірегінде қоныс тепкен.

Сонымен, біз Наурыз мерекесі қарсаңында сүт-қаймағының дәмі бөлек «Astana өнім» АҚ ауыл ша­руашылық кешені мен зауытын аралап көрдік. Мал ұстаудан бастап, дайын сүт өнімдерін шығарып, таратқанға дейінгі барлық жұмысы үйлестірілген меке­менің ұлттық тағамдарды дайын­дау технологиясы қатты қызық­тыр­ғаны рас.

Әңгіме үстінде біз әуелде қазақ жас қозыны сойып, соның асқазанынан алынған мәйекпен айран ұйытқанын айттық. Бұл тәсіл «Astana өнім» АҚ сүт өңдеу зауытында да қолданылатын болып шықты. Зауыттың технолог-меңгерушісі Зинагүл Қонатаева сары ірімшік дайындағанда мұнда да енесін еметін жас қозының немесе бұзаудың мәйегін қосып, қай­натылатынын жеткізді…

Күн сайын 12 тонна сүтті өңдеп, Астанада өздері міндеттелген мекемелерге, кейбір сауда орындарына дайын өнімдерін жіберіп отыратын бұл кәсіпорын тауарларына сұраныс, расында, көп. Мекеме басшылығы ауыл шаруашылық кешенімен бір жерде жұмыс істейік деп, Астана іргесінен өткен жылы ғана Қызылжарға қоныс аударған екен. Алда кәсіпорын өз өнімдерін арттырып, күн сайын 20 тонна сүт өңдеп шығаруды жоспарлап отыр.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button