Қала мен СалаМәдениет

АҚ ПЕН ҚАРА АЛМАСҚАН АЛАҢ ҒҰМЫР

Аты әлемге мәшһүр суретші Цадок Бен-Давидтің «Түн ортасының арғы беті» атты көрмесінде түлеген ойлардың үзігі

Он сегіз мың да бір ғаламның арқауын ширатып, байтағын жылытқан тіршілік атаулының тынысына әлмисақтан бір-бірімен бітіспестей, ірге ажыратып, алшақ та қонбастай қарама-қайшылық дарыпты. Ізгілік пен жауыздық…  Өмір мен өлім… Махаббат пен ғадауат… Қуаныш пен қайғы…  Жұлын өзекті, жұмыр басты пенденің аз ғана алаң ғұмырында ақ пен қарадай алмасып, ақиретке дейін алдынан шығып отырар осынау қос ұғым, жұп-жарма түсініктің тал бойында жаратылыстың жарасымына тірек болып, жалғасына тін бітірер бір тылсым құдіреттің бары кәміл. Иә, жамандыққа кезікпеген жақсылықтың қадырын парықтамайды. Дала ғұламасы Шәкәрім қажы айтқандай, басы аман, бауыры бүтінінде ақиретін ойламай, жалғанның қызығын қамсыз қарпып, жойдасыз жайпап қалуға ғана бейіл жан артына жарқын із қалдырып, ізгілікті іске тұтқа болып та жарытпасы белгілі. Өйткені…

Өткен жұмада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қазіргі заманның жаһан жұртшылығына танымал маңдайалды суретшілерінің бірі – соңғы жылдары тұманды Альбион төсіне тұрақтаған израильдік Цадок Бен-Давидтің «Түн ортасының арғы беті» атты үш инсталляциялық экспозициядан құралған жеке көрмесін тамашалау сәтінде көңіл толқып, көкейге әлгіндей ой қонақтағаны рас.

Жалпы, Қазақстан талғамына тұңғыш ұсынылып отырған аталмыш көрменің жанрлық һәм ағымдық таңсықтығы – автордың айтар ой, мегзер мұраты көзтанық академиялық немесе авангардтық стилде емес, инсталляциялық экспозиция әдібінде бейнеленуінде. Ағылшын тілінде «жайғастыру», «қондыру», «құрастыру» ұғымын білдіретін инсталляция (installation) атауын бейнелеу өнерінің төріне сүйреп, кәдуілгі сулы да майлы бояудың алуан түсін  алмастыра, буырқандыра жазатын картиналар қатарына қоюға алғаш талпынған суретші Марсель Душан сюрреалист бола тұра, бәрібір, бұл бейнелеу ағымы нақышты натурализм мен сыршырайлы реализмнен шылбыр үзіп кете алмаған тәрізді. Әрқилы мүкәмалдардан құралып, бірегейлікке жүгінетін кеңістіктегі композицияны көз алдыңа тосу арқылы астарлы ой тастап, аңсарлы мұратқа жетелейтін осы өнер түрін кейін Лаури Асталакиномп, Йозеф Бойс, Роберт Раушенберг, Джозеф Кошут, Эдвард Кинхольц, Илья Кабаков сынды әлемге танымал суретшілер жетілдіре түсіп, белгілі бір кеңістік пен уақыт аясындағы рәміздік декорация сипатын дарытуға тырысқаны мәлім. Тіпті, кейбір суретшілердің инсталляциялық туындылары, тастан қашап, шойыннан құймаса да, скульптура қыбына бір табан жақындап қалады. Бірақ оны әртүрлі өнеркәсіп өнімдері мен тұрмыстық бұйымдардан құрастырып, тұтастыққа бағындыруға талпынатындықтан, бейнелеу өнерінің бастапқы, классикалық машығына көзі үйренген, тіпті, Ван Гогтар малданған «дадаизм» әдібінің өзін «еріккен баланың ермегіне» балайтын қарапайым көрерменнің ортақол талғамына томпақтау келіп жатады. Сондықтан да шығар, жекелеген шығармалары шетелде жоғары бағаланып, атақты Париж каталогына енген ізденімпаз, талантты суретші, өз  жерлесіміз Рәшит Нұрекеевтің инсталляцияларына таңсық өнер түрі емес, қаңсық дүниедей көз асырып, езу тарта қарайтынымыз. Ал, енді мына дүние жүзіне танылған,  Батыс пен Шығыстың талғампаз қауымын тамсандырып, «мүсіндер жаратушысы» атанған Цадок Бен-Давидтің   Қазақстан ғана емес, күллі Орта Азия аумағында тұңғыш ашылған көрмесіне мәдениет министрі Арыстанбек  Мұхамедиұлынан бастап көзіқарақты астаналықтардың тайлы-таяғы қалмай келуі, әрине, елеулі уақиға. Ұлттық музейдің директоры Д.Мыңбай көрменің ашылу салтанатында:

 «… Бен-Давид мырзаның көрмелері  Италияда, Германияда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда, АҚШ-та, Сингапурде, Украинада табысты өткен. Еуропа мен Шығыс Азияның, АҚШ-тың, Израилдің, Австралияның беделді музейлері мен жеке өнер коллекционерлері оның туындыларына құрметпен қарайды. Ұлттық музей әлемдік деңгейдегі өнер тарланының көрмесін Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші болып ұйымдастырып отырғанын мақтан тұтады» деуі әсте тегін емес.

Ұлттық мұражай ғимаратының үш қабатын бірдей алып жатқан, үш пәлсапалық атау, поэтикалық сарынмен  бірегей идеялық тұтастыққа тоғысқан авторлық шығарманы тиянақтап, «толыққанды мазмұн бітіру» үшін суретші он көмекшісімен үш жыл бойы инемен құдық қазғандай мехнат шегулі. Сол еңбегі еш кетпегеніне көңілі тоғайып, көзі қуанғанын өзі де жасырмайды… Әсіресе, құмайт жерге құлпыра өскен 20100 дана өсімдіктен құралған «Blackfield» («Қара алаң») инсталляциясы  тот баспайтын құрыштан электроникалық құралмен ойылған. ХVIII-ХIХ ғасырлардағы викториандық энциклопедиялардағы өсімдіктердің көшірмесіндей гүл мен шөп түрлеріне бір жағынан келіп көз салсаң, өртең орнындағы өлі түбірдей жансыз, нәрсіз қарауытып, денеңді түршіктіреді; екінші жағынан қарасаң, сұңғат өнері мен таным өресін тал бойына тоғыстырған өсімдік мүсіндері алуан түске еніп, бағы тайма, баяны тұлдыр мынау жалғанның қызылды-жасылды бояуындай құлпыра көз арбап, сезім баурайтынын қайтерсің, шіркін. Құдды пәни мен бақидың шегіндей түзіліп, өмір мен өлімнің арасы алшақ еместігін ұқтырар осынау шағын да шалқар кеңістік суретшінің тіршілік туралы метафизикалық тұжырымын түйсіндіріп қана қоймайды, сонымен қатар жерүсті, аспан астында өртеңнің күйесіндей қара дақ болып қалар жауыздық пен жойымпаздықтан бәрібір ізгі амал, іс-ағзам жасампаздықтың мерейі үстем шығарын ишаралайды. Иә, түнекті жарық сейілтеді, тіпті, тастай қараңғы түн қойнауында тіршілік толықси тыным жауып, күндізгі тірлігіне, шапқаты қарекетіне иек артып жатары хақ. Шынында да, келесі қабаттағы кең залға жайғастырылған «The Other Side of Midnight» («Түн ортасының арғы беті») инсталляциясы үшін арнайы «қара бөлме» жасақталуы бекер емес-ау. Бұл жердегі флуоресцентті түске боялған 2000-дай көбелек пен түрлі жәндіктерден тұратын  диаметрі 3 метрлік дөңгелекке   ультракүлгін сәулелер түскен кезде «жан» біткендей  жыбырлап сала береді. Ал, енді 22 гүлден құралған  «Қара алаңның» метонимиялық жалғасы іспетті «Blackflowers» («Қара гүлдер») инсталляциясын суреші алюминийден қолымен ойып жасаған  екен.  Мұнда суретші кейбір  гүл түрлерін адам бойымен бірдей  биіктікке дейін үлкейткен. Мүсіншелердің қою қара түсі мен жіңішке әрі нәзік сұлбасы – суретшінің тіні үзілмес тіршілік болмысындағы екідай тайталас қарымын емес, тұмса тұтастыққа ұмсынған жарасымын көрсетуге мұғдарлы қанатты қиялы мен өрелі ой-аңсарына бағынғаны анық.

Осыдан ағымдағы жылдың 5 желтоқсанына дейін жалғасатын инсталляциялық экспозицияны жасақтауға үш аптадай уақыттарын сарп еткен Ұлттық мұражай ұжымына, әсіресе, көрме кураторы Индира Дүйсебаеваға разылығын білдірген Цадок Бен-Давид мырза:

–  «Түн ортасының арғы беті» атты көрмем музейде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.  Ал «Қара алаң» атты инсталляция әлемдегі музейлерді 2007 жылдан бері аралап жүр, оған талай жидашылардың көзі түсіп, қымбатқа сұрап, қолқа салғандары болды. Бірақ, мен сатқан жоқпын. Ақ пен қарасы алмасып, аунақшып жататын алаң көңіл мынау дүниеде ақшадан да ардақты нәрселер бар ғой. Өнер тілімен адамдарға осыны аңғартқым келеді – дейді…

 Зина ШАДАЕВА,

ҚР Ұлттық музейі ақпараттық-имидждік жұмыстар орталығының редакторы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button