Sport

Ақ қардағы алғашқы марафон

Жер құрғақта өткен жарыстардың қай-қайсысын болсын құр жібермеген желаяқтарға жауған қар да кедергі болмады. Астанадағы қысқы марафонға қатысқан жұрттың қарасы қалың болды. Дәлірек айтсақ, елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Astana Winter Marathon-2017» додасында 400-ге тарта адам жүгірді.

Үнемі алысқа жүгіріп, бой қыздырып үйреніп қалған халық қыста бірінші рет өткен бұл жарысты қуана-қуана құп көрді. Марафоншылардың арасынан Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков пен «Қазақстанның даму банкі» АҚ төрағасы Болат Жәмішев те табылды.
Марафонды ұйымдас­тыруға Астана қаласының әкімдігі мен ҚР Жеңіл атлетика федерациясы мұрындық болды. Бастама көтерген – «Marathon» жүгіру клубының құрметті мүшесі, Гиннес рекордтар кітабының жеті дүркін рекордшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марат Жыланбаев.
Жарыстың белгіленген межелері – 10, 21 және 42 км 195 метр қашықтық. Әр қашықтықтың жеңімпаздары үш жас санаты бойынша марапатталды.
Сонымен, ең қысқа қашықтық – 10 шақырымда Арман Ғалымов пен Әсем Меркежанова бәрінен оқ бойы озық болды. Бұған қоса, ерлер мен әйелдер жастарына қарай тағы да жекелей марапатталды. Жалпы бұл қашықтықта 207 адам өз шамаларын байқап көрді.
Одан соң 21 шақырымды жұрттан бұрын еңсерген Павел Брода мен Әсел Құспанова жеңімпаз атанды. Осы арада 144 адам жүгірді.
Ал толық марафонды тек ер азаматтар ғана бағындырды. Дәлірегі – 49 адам. Солардың ішінен Асқар Жаңабергенов жүйрік шықты.
Жалпы «Астана Триатлон паркінде» өткен марафонға 298 ер адам және 90 әйел қатысты. Желаяқтардың ең жасы 9 жасар болса, ең үлкені – 70 жаста. Марафонға қатысушылардың барлығына арнайы медаль табысталды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button