«Ақ жол» ақ жолға бастайды

«Ақ жол» демпартиясы республикалық сайлауалды штабының мүшелері Павлодар облысының тұрғындары және кәсіпкерлерімен кездесті. 500-ге жуық адам жиналған «Естай» орталық мәдениет сарайында «Ақ жол» кандидаттары партияның саяси бағдарламасын таныстырды.
Жиынға партия төрағасы Азат Перуашев, төраға орынбасарлары Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсембинов, Павлодар облысынан бір мандатты сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидат Фуат Сатыбаев, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына кандидаттар, облыс тұрғындары және қолөнершілер қатысты.
«Ақжолдықтардың» мұндай кездесулердегі ерекшелігі – олар кандидаттардың көпшілігі сияқты жоспарларын ғана айтып қоймайды. Сайлаушылар енді үгіт-насихатшылардың құрғақ уәдесін тыңдағысы келмейді, әлеуметтік желілерде халықтың мұндай үгітшілердің сөзін бөліп, одан да депутаттық мандатқа үміткердің нақты қандай мақсатқа қол жеткізгенін айтуды талап ететін видеолар көп.
«Ақ жол» партиясының өкілдері бағдарламаның таныстырылымын әр тақырып бойынша өз іс-әрекеттерінен нақты мысалдармен дәлелдеп, қол жеткізілген нәтижелер туралы баяндайды. «Ақ жол» төрағасының партияның жемқорлардың заңсыз шығарған капиталын елге қайтару, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау, салалық салық мөлшерлемелерін енгізу және т.б. қадамдары туралы айтқан фактілері жиналған қауымның үлкен қолдауына ие болды.
Сондай-ақ Азат Перуашев, Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсембинов Павлодардағы баспа үйіне барып, баспа желісінің жұмысымен танысып, кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесті.
Қала тұрғындары көкейдегі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.