Басты ақпарат

«Ақбұлақ» жағалауы ажарлы

Елорданың ортасынан өтетін «Ақбұлақ» арнасының жағалауы бас қаладағы көрікті орындардың біріне айналады. Жағалау­да шағын сарқырама алаңы, ойын және спорт аймағы, көше кітапханасы, түрлі тақырыпқа арналған фотозоналар ашылмақ. Арна жағалауы мен жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылады.

[smartslider3 slider=3014]

Бұған дейін Байқоңыр ауданы әкімдігінің және қаланың Урбанистика орталығының қызметкерлері жергілікті тұрғындармен бірнеше кездесу өткізген болатын. Осы кездесулерде тұрғындар тарапынан балалар алаңдарының, зейнеткерлерге арналған демалыс орындарының жоғы, ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған ортаның болуы, аумақты көгалдандыру туралы айтылған еді. Нәтижесінде жағалауды дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Урбанистер мен қала тұрғындарының бірлескен жобасына сәйкес, жағалауда көше кітапханасы, арт-нысандар, от жағып, серуен құруға болатын аумақ, қосымша жарықтандыру, су жанындағы әткеншек-орындықтар, ғашықтардың кездесу орны ашылады. Сол сияқты Еуразия ұлттық университетінің жанындағы көпір асты кеңістігінде ойын алаңы орнатылады.

Нұр-Сұлтан қаласы Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен­нің айтуынша, мұнда ландшафтық ұйым­дастыру жұмыстарын орындау үшін инфрақұрылымға талдау жүргізілген.

Жағалауды көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жерге 97 ағаш пен 912 бұта отырғызу жоспарланып отыр. Абаттандырудың жалпы ауданы 10000 шаршы метрді құрайды.

Амман көшесіндегі көпірдің астында жаяу жүргіншілер жолы салынады. Осылайша саябақ кластерлері бірігеді. Бір сөзбен айтқанда, астананың дизайн-­кодына сәйкес жайлы қалалық ортаны құрудың барлық элементі ескеріледі.

– Қаланың дизайн-коды – қолайлы ортаны қалыптастыру құралы. Артық шудың, жаяу жүргіншілердің жүруіне қиындық тудыратын кедергілердің болмауы, жарықтандыру, көгалдандыру және демалыс орындарының жеткілікті болуы қала көркін арттыра түседі, – деді Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Биыл «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында 200-ден астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр. Сол сияқты қаланы жаппай көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінбек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button